Казактардың қазақ елінің заңдарына түкіргені бар ма?!.
2016 ж. 21 қазан
3320
6
Казачество қалай пайда болды, казактар деген кімдер деген сұрақтардың жауабы Ресей тарихынан жақсы белгілі, оларға талдау жасап, екжей-текжейлі тәптіштеп жату шарт емес те шығар. Қазақ сияқты бодан жұрттар үшін олар қай заманда да Ресей Империясының бұратаналарды отарлайтын оңтайлы құралы, қазақ жерін басып алушылардың алдыңғы сапында жүрген әскери сословие. Өз жерінде малын бағып, егінін егіп, жайбарақат қана тыныш жатқан бейбіт жұрттың қанын төгіп, ұлттық, нәсілдік зорлық-зомбылық жасаудың түрлі үлгілерін көрсетіп келген мылтықты, қылышты, нагайкалы (қазақша - дойыр) зорлықшылар. Ал өздерінің көзқарастары бойынша, бос жатқан жерлерді (мәселен, Сібірді) игеріп, ондағы жабайыларды бағындыру арқылы Ресей патшалығының жерін кеңейтуге зор үлес қосушылар.
Олар сонау Ермак заманынан бастап әр кезеңдерде, Ресейге кейіннен қосылған аймақтардың байырғы тұрғындарын, яғни, біз сияқты бұратана калбиттерді жуасытып отырған. Яғни, киргиз (қазақ) иелігіндегі кәдеге жарар мал-мүлкін, жер-суын ешқандай сұраусыз тартып алып, ауылдарын өртеп те жібереді екен. Қорғансыз жұртты қырып-жойғаны, тіпті жас нәрестелерді де өлтіріп тастай бергені жайында қыр қазақтары үрейлі әңгімелер айтатын. Бұндай ерліктері жайында казактардың өздері де мақтанудан қашпаған. Бас қосқан жерде бір казактардың Астрахань базарында киригиздардың бастарын қылышпен қарбыздай қағып тастай бергенін естіген кісілер де болыпты.
Тәуелсіздікке енді қолы жеткен Қазақ Республикасының аумағында түрлі казачестволар құрылған кезде алдымен еске түскені – осындай үрейлі әңгімелер. Өткенде ғаламторда бір автордың «Жетісу – орыс жері» деген мақаласы шықты. Көптеген тарихи деректерді келтіре отырып, бұл өлкеге Ресей патшалығының ХІХ ғасырда ғана келгенін мойындайды. Бірақ басып алғандықтан, Қазақстанның оңтүстігі орыс жері болуы тиіс деген пікірін қайталай шегелейді.
Ұлыдержавалық шовинизм бас көтеріп тұрған кезде «Бұның қалай?» дейтін біреу бар ма екен? Өйткені Ресейдегі әсіреұлтшылдар осы көктемде көшеге шығып, «Таллин орыс қаласы», «Берлин орыс қаласы» деп жатқан кезде, оның қасында біз сияқты калбиттер кімбіз?
Конституция бойынша Қазақстан Республикасында заңды әскери күштерден басқа әскериленген топтар болмауы тиіс, бөтен әскер формалар киіп жүруге де рұқсат жоқ. Бірақ қазақ еліндегі казактардың ондай заңға түкіргені бар. Кейде формаларын киіп алып, көшелерде талтаңдап кетіп бара жатады. Сондайда мемлкеттің қауіпсіздігіне жауап беріп, мемлекетіміздегі тыныштыққа тірек болатын ұлттық қауіпсіздік комитеті, құқық қорғау
органдары ондайларды заңға сүйеніп, тәртіпке шақыра ма екен өзі деп ойлайсың.
Бір замандарда біз сияқты жабайы киргиздарды қылыштың жүзімен рақаттана жөнге салатын сол казактардың бүгінгі мұрагерлері енді еліміздегі билікке ұмылуда деп естиміз. Олардың Парламенттен орын талап етіп жатқаны рас болса, өкімет басындағылар не ойлауда? Қазақстандағы орыс-славян қозғалыстары орыс мүддесі аяққа тапталуда дегенді желеу етіп, қайтадан қылыштары мен нагайкаларын төбемізде ойнатпасқа кім кепіл? Оның арты неге апарып соқпақ? Елде тәртіп орнатамыз деген сылтаумен тағы да біз сияқты чурбандардың бастарын қарбызша қағып жүрмей ме?
Қазақстан Республикасында орыс мүддесі шынымен де аяққа тапталуда ма? Оның нақты көрсеткішінің бірі тілдік фактор екендігі сөзсіз. Өзінің туған тарихи отанында жүріп-ақ, қазақша білмейтін қазағыңыздың саны бүкіл қазақтың 40 пайызы десіп жүр. Яғни, миллиондаған қазақ өз ана тілінен мақұрм. Қазақстандағы орыс ұлтының қаншасы орыс орыс тілін білмейді?
Қысымның келесі бір түрі тұрмыстық-әлеуметтік теңсіздіктер емес пе. Орыстың орыстығына бола нақ осындай тұрғыдан моральдық, тұрмыстық-әлеуметтік қысым көріп жатқандар бар ма екен? Салыстырып айтатын болсақ, Ресейдегі, оның үлкен қалалары Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі нәсілшіл схинкедтер азиялық болғаны үшін ғана араларында жүрген санаулы қазақтарды қанжоса етіп сабап, тіпті ермек үшін өлтіріп тастап жатқан жоқ па? Нәсілшілдердің бұндай жауыздығына еліміздегі казачество өкілдері қалай қарайды екен? Қынжыла ма әлде үнсіз құптай ма?
Міне, орыс нәсілшілдігінің, орыс үстемдігінің осындай фонында Қазақстандағы орыс ұлтшылдары өздерін бір түрлі дәрменсіз сезінуі де мүмкін ғой. Меніңше, олардың ашынып, ашулану себебі – баяғы орыс үстемдігінің қазақ жерінде әлсіреп қалуына тікелей байланысты сияқты. Үстем ұлт өкілдері енді бұрынғыдай қоғамдық орындарда бізді «калбит» деп ашық кемсітуге бара бермейтін болды. Түрлі желеумен қазақты шеттету, қорлап-кемсіту жағы да шектеліп қалған. Отаршыл пиғылдағы адамдардың бұрынғы кездегідей жергілікті ұлт өкілдеріне бет алды жүгенсіздік жасап, қысым көрсете алмағандықтан, олардың құқықтары шектелгендей болып көрінуі де ықтимал. Өздерінің басқа ұлттармен, соның ішінде біз тәрізді қайдағы бір «барандармен» теңелуі нәсілшіл орыстар үшін моральдық тұрғыдан оңай соқпайтын тәрізді. Біреулер үшін бұндай жағдай – үстем ұлттың айбынына, артықшылығына көлеңке түсіретін құбылыс. Шын шовинистке бұның өзі қорлық болып табылатынын да түсіне білегініміз жөн.
«Қазақ деген халықпыз» деп айтып жүрген біздің өздеріміз. Ал отаршыл, нәсілшіл пиғылдағы топтардың кейде бізді тіпті адам санатына қосқылары келмейтінін ескермейміз де. Олардың ұғымында біз бар болғаны калбит, чурбан, баран ғанамыз. Ең әрі кеткенде киргизбыз.
Жуырда Қостанай облысында казактар өздері бір бөлек жеке елді мекенге топтасып жатқаны туралы хабар шықты. «Аяқ астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп ондайлардың көздегені не?
Бір шүкіршілік ететініміз – Қазақстандағы орыс ұлтының басым көпшілігі шынайы орыстығын танытып, қазақтарды да өздері тәрізді тең құқылы халық деп санайды. Ондай адамдар өз жерінде өмір тұрып жатып, өз тілінде сөйлеудің айып емес екендігін олар жақсы түсінеді. Өйткені өзінің ұлттық аумағында өмір сүріп, өз тілінде сөйлемейтін жоқ.
С.Угрениновтың пайымдауына қарағанда, сол замандардан бері қарай созылып келе жатқан осындай ұлыорыстық шовинизмнің салқыны бүгінгі таңда да жалғасын табуда. Орыстардың бұратана халықтарға үстемдікпен, асқақтай қарайтын болмысын өзгертудің қиын екендігін де ашып айтқан:
«Даже если Президент Назарбаев посадит во все министерские кресла славян, Казахстанские ТВ и радио будут 95 процентов вещать на русском языке, русский язык сделают государственным, все казахи наденут русские национальне костюмы и будут петь только русские песни, то и тогда эти мнительные, воспитанные в чувстве национального превосходстве славяне будут недовольны казахами и найдут к чему придираться и за что критиковать этот дружеский, родной по духу, по-настоящему близкий славянам народ» (66,8) дейді ол.
Осы тұжырымды ұлты қазақ авторы айтса, үзілді-кесілді түрде «ұлтшылдық» деп бағалар едік. Ұлыорыстық шовинизм сүйегіне дейін өтіп кеткен қандастарының қылығы туралы орыстың өзі осылай пайымдап отырған жағдайда, бас иземеске шара жоқ.
Автордың қазақ пен казактардың ынтымақтастығы жайында келтіретін тарихи деректері мен фактілеріне немқұрайдылықпен жүрдім-бардым қарауға болмайды. Ол келтіретін мысалдардың ішінде көңіл аударатындары да аз емес.
«За подвиги в Хивинском походе уроженцу нынешнего Карачаганака Ержану Шолакову царским указом вручен орден св. Великомученика Георгия Победоносца» (66,175)
«У киргизов скот отбирался в еще больших масштабах, а их самих красные вырезали целыми аулами. По подсчетам киргизских комитетов, к лету 1919 года было убито до 10 тысяч киргизов (казахов) Семиречья» (66,185).
«Есуал Горбунов, прося начальство уважить просьбу казахов о призыве в армию, писал (26 сентября 1919 г.), что они уже «зарекомендовали себя с наилучшей стороны» (66,192).
Кезінде бір жақ қапталында жатқан Қоқан хандығынан қатты зардап шеккен қазақтардың өз аяғымен Орта Азияға келген орыс әскерлерінен көмек сұрауы заңды да еді. Бұндай ниет әсіресе Ақмешіт пен Ташкент қалаларын алуға байланысты айқын аңғарылғанын С.Угренинов біресе көркем әңгімелеу арқылы, енді бірде нақты фактілерді көлденең тарту нәтижесінде қызықты етіп әңгімелейді.
«Отряду пришлось преодолевать ряд глубоких, заполненных водой каналов. Перед одним из них остановились в нерешительности, так как он был особенно широк и глубок. Тут неожиданно на другой стороне канала появился бегущий казах, он прямо в одежде бросился в воду и перепылыл к русским. Он рассказал, что в Ак-Мечети уже знают о походе русских и готовятся к их встерче» (66,108)
Сол кезеңде қоқандықтардың орталық қаласы болып саналған Ташкентті Ресейге қаратудың тек орыстар үшін ғана емес, көршілес отырған қазақтар үшін де саяси-тарихи маңызы зор болатын. Өз жерінің үстімен өтіп келе жатқан жатжерлік әскерлерге қазақтардың өз еркімен қосылу себебін сол қоқандықтардың басқыншылық зардаптарына қарсыласудан туған құбылыс екендігі белгілі.
Ташкенттің Ресей империясына қарауы бүкіл Орта Азия тарихындағы елеулі де маңызды тарихи оқиға болып саналды және сол арқылы Ресей патшалығына қарайтын аумақтар да мейлінше кеңейді. Бұл жөнінде С.Угренинов өз кітабында мынандай деректер келтіреді:
«В июне 1865 года генерал-майор Черняев, возглавив около 2000 русских офицеров, солдат и казаков, а также 400 казахских джигитов, атаковал Ташкент - крупнейший город Средней Азии с населением более 100000 человек» (С.146 Угренинов С. Казачьи сотни и казахские отряды: рука об руку. – Костанай, 2007. – 202 с.). Яғни, Ташкентті бағындыруға орыстармен бірге қазақ жігіттерінің де қатысу себебі бұған дейін қалыптасқан тарихи жағдайға байланысты болатын. Оңтүстік өңірлерді тіршілік кешіп жатқан қазақтардың Қоқан басқыншылығынан көз ашпай, зардап шеккендігі тарихтан жақсы мәлім. Сондықтан да олар Ресейлік басқыншылармен тіл табыса отырып, өздеріне тізе батырып келе жатқан Қоқан езушілігінен құтылуды көздеді.
Табиғатынан демократ, бейбітсүйгіш орыс жұртының барлық ізгі ниетті адамдар сияқты бейбітшілікті, татулықты қалайтынына тарихтың өзі куәгер. Орыс-қазақ достығының мысалдары да жеткілікті. Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді дегендей, бәрін бүлдіретін – «киргиздарды» жек көруші ат төбеліндей азғана шовинистер. «Қазақстанда орыс құқығы аяққа тапталуда» деп байбалам салатындар да тек солар. Ал формаларын киіп алып, талтаңдап жүрген «бейбіт» казактардың арасында ондайлар жоқ деп кепілдік бере аламыз ба?
Оң-солын тани қоймаған жастар арасында өздерінің теріс идеологиясын таратып, оларды отаршылдық рухымен адастырып жүрмесе екен деп тілейміз. Тәуелсіз елдің билік орындарына байырғы ұлтқа жат империалистік платформадағы әскери сословиенің келуі жақсылыққа апармайды. Ондайды кез келген тәуелсіз мемлекет қабылдай алмас. Қазақтардың казактардан Патша заманында көрген қорлығы да жетер.
Нұрдәулет Ақыш,
qazaquni.kz