Д. Кенжетай: Қазақтың ар-намысын таптап жүрген сәләфиттер мәселесінде билік неге үнсіз?
2016 ж. 19 қазан
3050
1
Біздің қолданып жүрген «зайырлылық/лаицизм» ұғымының атеизммен еш қатысы жоқ. Зайырлылық атеизм емес. Сонымен қатар «дінсіздік» те емес. Дін де емес. Себебі зайырлылық сенім, иман, доктрина емес ол ұстаным. Сондықтан бұл ұстаным Аллаға қатысты да емес, тек адамға қатысты. Зайырлылық адамның санасына азаматтық ұстаным/принцип ұсынады. Алла, әлем және адам қатынасы тұрғысынан қарағанда зайырлылық, адам мен әлемге, яғни әлеуметтік негізге сүйенеді. Бірақ зайырлылық бір дүниетаным немесе идеология да емес, азаматтық құқықтық институт. Зайырлылық сенім, иман негіздері де емес, құқықтық-мемлекеттік ұстанымдарды қамтиды. Зайырлылық ұстанымы бойынша, мемлекет барлық дін атаулыға, кез келген метафизикалық теорияларға «бейтарап» қарап, кез келген діни бірлестіктен, шіркеуден, жамағаттан, тариқаттан ерікті болу керек.
Тура сол сияқты кез келген діни бірлестік, шіркеу, жамағат немесе тариқат мемлекеттен еркін, ерікті болуы тиіс. Енді мемлекеттің азаматтары да иманы, сенімі, ары, діни тәжірибесінде, дін ұстануында ерікті, өзінің қалаған дінін ұстап, насихаттауға, таратуға, сынауға құқылы. Сонымен зайырлылық туралы үш негіз: бейтараптық, тәуелсіздік/еріктілік және еркіндік сияқты құндылықтарды теріп шығардық. Мұның алғашқы екі құндылығы мемлекеттік институтқа, соңғы біреуі де адамға қатысты болып шығады. Бірақ осы теориялар мемлекет тарапынан бұлжытпай орындалып келе ме? Мысалы мемлекет кезінде «сопыларды» қолдап, тапсырмалар берді. Олар да мемлекеттік тапсырысты орындап жүрміз деп сезінді. Ақырында, мемлекет оларды топырлатып, түрмеге тықты. Сопылармен қоса, сопылық та құбыжық болып шыға келді. Суфизмофобия қолдан жасалды. Сот негіздемелеріне қарап отырсаңыз, зайырлылық ұстанымына үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Олардың іс-әрекеттерінде зайырлылық тұрғысынан ешқандай құқықтық, қылмыстық негіз жоқ. Профессор С. Ыбыраев бүгінгі салафиттерді «иттер» дегені үшін (ит мағынасында емес, теріс ағымдар ретінде сипаттағаны) он бір жылға сотталып кете барды. Ал кейбірі «Хз. Омарды тілдеді» деген айыппен сотталды. Бұл жерде де сот зайырлылық деген ұстанымды ұстамай ақ, заңды аттап кетті. Ал теориялық тұрғыдан, зайырлылық анықтамасына қарап отырсаңыз, мемлекеттің дінге бейтараптығы оның идеологиялық негізі емес, кез келген идеологияға тарапсыздығын білдіреді. Зайырлылық ұстанымы бойынша мемлекет тек кез келген дінге ғана емес, кез келген идеологияға да тарапсыз қарайды екен. Сонда біздің сот билігі тарапсыздығын емес, керісінше, «теократиялық» ұстанымын көрсетті. Себебі шариғатты негізге алды.
Енді осы тұста қазақ үшін маңызды болмыстық проблема туындайды: дін, мәдениет, идеология. Бұл үшеуінен ұлттық сана, ұлттық таным мен ұлттық тәжірибе мәселесі шығады. Сонда қарасаңыз, қазақтың құқы, моральдық негіздері, дәстүрі-салты, ділі, тілі, дүниетанымы қайда барып тыныс табады? Себебі Қазақстан Респубикасының өз конституциясы бар. Онда қазаққа қатысты тек «тіл» ғана бар. Онда да ол тілдің тынысы тарылған. Ал конституцияда қазақтың салты, дүниетанымы, моральдық негіздері, құқықтық танымы мен санасы емес, глобалдық/жаһандық тәжірибелер басты тұғыр. Бұл тұрғыдан қарағанда қазақтың құқы да конституция шеңберінің ішінде ғана қаралады. Конституция қандай құқық берсе, сол оның еркіндік аясы. Сонда мемлекеттің діні де, моральдық жүйесі де, қандай да бір доктриналық негізі де жоқ болып шығады. Дінді, моральды, дәстүр салтты, дүниетанымды ажыратып, иеленіп қажет ететін ол азаматтық қоғам мүшелері: қазақ және басқалары. Бұл жерде мемлекет бейтараптық қызметіне маңыз бөлсе де, кез келген мәселеге төзімділік танытады деген сөз емес. Мемлекет іс-әрекетіне қарап тыйым салуы тиіс. Бұл да заң аясында, яғни көзқарасы, ақидасы, дүниетанымынан туындаған амалдары конституцияға қайшы келмесе болды. Ал енді бүгін «салафиттер» әр жерде от шашып, үрей туғызып, адам өлтіріп, конституцияңды аяққа таптап жатыр. Сонда да соттан әлі хабар жоқ. Билік те жақында «салафиттерге тыйым жоқ» деген мәлімдеме таратты. Оларға тыйым салмауының негіздемесі ретінде, «олар ұйым емес» деп тауыпты. Әу баста салафиттерді ұйым ретінде «сурурит, мадхалит және такфирит» деп бөліп алғанда, салафизм ұйым болып табылған. Ал енді ол ұйым емес, сондықтан тыйым салынбайды-мыш. Бұл діни ахуалға «комитет» кезінде салафиттер ұйым деп анықтама берсе, министрлік болған кезде анықтама өзгеріп кетеді. Бұл жерде билік зайырлылық ұстанымын өздері аяққа таптап отыр. Сондықтан бұл шешім, қанша жерден зайырлы елміз десек те, дінді саясатқа құрал қылуының көрінісі, бұл да исламофобияның бір түрі. Негізінен салафизм қазақ мәдениеті мен діни танымын жоққа шығарып, бір ұлттың тарихи тәжірибесі мен ар-намысына тисе де, не сот, не билік бұған үн қатпайды. Себебі конституцияда қазақтың ары, намысы, ұлттық құндылығын қорғау туралы ешқандай бап жоқ. Рас біз ұлтық мемлекет емеспіз. Бұл жағынан конституцияға бағынайық. Ал енді олар тұтас бір қоғамды үрейге буып, террористік топтарымен жарып жатса да «тыйым салмаймыз» деуінің астарында, саясаттан басқа ешқандай негіз таппайсыз. Демек мемлекет отпен ойнап отыр.
Елбасы өз сөзінде «Зайырлылық біздің ең басты құндылығымыз» деген еді. Мұны тыңдар билік те, сот та жоқ. Шынайы зайырлы мемлекетте адамдарды көзқарасына бола соттамау керек. Оның ойы, көзқарасы, ділі мен діні туралы мемлекет араласпауы тиіс. Құқықтық ұстаным бойынша тек қана адамдардың іс-әрекеті, мінезі ғана есепке алынады. Неге осы ұстаным назарға алынбайды? Заң бойынша ешқандай топтардың танымы, беделі, еркі немесе көзқарасы емес, іс-әрекеті ғана таразыға тартылса ғана ол заң. Сондықтан кез келген адам заңды сынауы, келіспеуі мүмкін, бірақ оны бұзуға ешкімнің құқы жоқ, биліктің де!
Досай Кенжетай
qazaquni.kz