Ринат Зайытов: Қазіргі ақындар ақиқат үшін емес, көлік үшін айтысады
2016 ж. 11 қазан
4344
2
Айтыскер Ринат Зайытов әріптестерін «сценарийден шыға алмай қалды» деп айыптайды. Айтыстың сапасы әлсіреп бара жатқанын мойындаған ақындар оның басқа себебі барын айтады.
– Бүгінгі айтыста ұйымдастырушылардың немесе біреудің көңіліне жақпайтын сөз айтсаң, ертесінде жиналысқа салады не «келесі айтысқа қатыстырмаймыз» деп қорқытады, – деді ол өткен аптада алматылық студенттерге «Бүгінгі айтыс» тақырыбында оқыған қоғамдық лекциясында.
Айтыс өнерін «қай заманнан бері тәуелсіз, өз қоғамының кемшіліктерін, жетістіктерін, індеттерін айтатын орта болған» деп сипаттаған Ринат Зайытов қазіргі айтыскерлерді «алдын ала белгіленген сценарий бойынша жырлап шығады» деп айыптады.
– Айтыстың бүгінгі ең басты қасіреті – ақынның жеке ұстамы болмауы, айтыстағы ойларды біреудің қадағалап отыруы, айтыстағы айтылған пікірлерге қарсы сахнаның сыртына шығып өзге біреулердің пікірлерін айтуы. «Ел алып жатқан көлікті мен неге алмаймын» деген оймен ақиқат үшін емес, дүние үшін айтысатын ақындар көбейіп кетті, – дейді Ринат Зайытов.
Ол «айтыскерлер ұйымдастырушылардың ықпалынан шыға алмай, осы бетімен кете берсе, бес жылдан кейін үш мың орындықты сарайда үш жүз адам отыратын деңгейге жетеміз» деп қауіптенеді.