Айдос Сарым: САЛАФИТТЕРДІҢ ДЕПУТАТЫНАН БАСТАП ҚАТАРДАҒЫ БЕЛСЕНДІСІНЕ ДЕЙІН АТЫ-ЖӨНДЕРІН АТАУ КЕРЕК
2016 ж. 07 қазан
3713
4
Бүгін Алматы қаласының әкімдігі «Экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі» тақырыбында өткізген дөңгелек үстелде саясаттанушы Айдос Сарым осындай ой тастады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Саясаттанушы бірнеше терактілік әрекеттен кейін қауіптің салдарымен күресіп жатқан мемлекеттік органдардың жұмысына сын көзбен қарайтынын жасырмады.
«Бірнеше теракті болды, ресми органдар тағы бірнеше терактінің алды алынғанын хабарлады. Қаншама лаңкестікке қарсы операциялар болды. Бірақ, сол хабарлардың ішінде бір лаңкестік ұйымдастырған, соған дайындалған немесе теріс ағымдарды таратушы, қолдаушы бірде-бір адамның фамилиясы аталмайды. Террористердің қолдаушыларының, есеп шоттары мен ақшасының болмауы мүмкін емес қой. Ресми органдар осы мәселеде теріс ағымдарды жақтаушылардың, қамқорлыққа алғандардың, ел ішіне іріткі салуды көздейтіндердің депутатынан бастап, қатардағы белсендісіне дейін аттарын атау керек. Қоғам барлығын көріп, біліп отыр. Ақтөбедегі терактіге қалай жол берілді? Салафизмнің ешқандай да дін емес, билікті күшпен басып алуды ғана мақсат еткен саяси идеология екенін біле тұра көз жұмғандықтан болды. Қазір сол өңірдегі адасқандарды райынан қайтару, радикалды ағымдарға ерушілерді тәрбиелеуді сол салафилердің өздеріне тапсырған дегенді де естіп жатырмыз. Салафизмнің «қалыптысы» болмайды. Осыны түсіну керек», - дейді Алматы әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі, саясаттанушы Айдос Сарым.
Дөңгелек үстелде сөз алған ҰҚК Алматы қалалық департаменті діни экстремизм, терроризммен күрес жөніндегі бөлінісі бастығының орынбасары Рауан Мұхамеджанов ақпарат құралдары өкілдерінен лаңкестік әрекеттер туралы жазғанда лаңкестердің ел ішінде үрей туғызуды көздейтін негізгі мақсатын іске асырып алмау жағын ойлауды сұрады.
«Терактінің түпкі мақсаты – елдің үрейін туғызу. Қоғамды қорқыту. Егер БАҚ-тар болған терактілер туралы жазғанда осы мәселені ескермесе, кез-келген жаңалық, видеосюжет, хабар терроршылардың мақсатын жүзеге асыруға жасалған көмек болып шыға келеді. Сондықтан, БАҚ өкілдері мұндай жағдайда ресми органдардың тиісті мәлімдемелеріне, ресми ақпаратқа басымдық беруі керек. Лаңкестікке қарсы операциялардың сәтті аяқталғандары, лаңкестердің көзі жойылып, теракт қаупінің алды алынғаны туралы хабарлар міндетті түрде жариялануы керек. Бұл арам пиғылдыларға психологиялық тұрғыдан да әсер етеді», - дейді ҰҚК өкілі.
Шараға жиналған журналистер қауымы осы жерде лаңкестік оқиғалар кезінде ресми ақпарат алудың нағыз қиямет-қайым екенін айтып салды. «Капитал» басылымының басшысы Мира Халина 18 шілдедегі Алматы оқиғасы кезінде БАҚ-тардың ресми ақпаратты дер кезінде ала алмағанын, соның салдарынан ел ішін әлеуметтік желі арқылы тараған үрейлі ақпараттар жайлап алғанын айтты.
М. Халинаның бұл сөзін «Алтын орда» порталының басшысы Серік Малеев те құптайтынын, терроризмге қарсы қоғамдық пікір туғызуда, теріс ағымдар туралы ағартушылық жұмыс жүргізуде ақпарат құралдарының зор міндет атқарып отырғанын айтты. Ақпарат құралдарына билік терроризммен күрес бағытында арнайы мемлекеттік тапсырыспен қаражат бөлу керек деген де ұсыныс тастады.
«Осыған дейін түрлі көзқарас, түрлі ұстанымдағы басылымдардың барлығы дерлік қазір бірауыздан терроризмге қарсы тұрды. Салафизмге түгел қоғам қарсы, журналистер қауымдастығы қарсы. Өйткені, салафизм – біздің халықтың таным-түсінігіне, тарихы мен мәдениетіне қайшы. Қазақтың рухани мәдениетінің басым бөлігін халықтық музыка, ән мен күй құрайды. Ал, музыканы харам дейтіндер бізге жау емей немене?», - дейді С. Малеев.
Дөңгелек үстелде сондай-ақ, қалалық ішкі саясат басқармасының бастығы Н. Сыдықов, дін істері жөніндегі басқарма бастығы А. Есенбеков арнайы баяндама жасады. БАҚ өкілдері, басқа да ғалымдар мен сарапшылар ойларын ортаға салды.