Заманбек барда мына жер шетелдіктерге сатылмай, қарапайым халыққа үлестіріліп еді
2016 ж. 26 қыркүйек
6374
5
Осыдан 10 жыл бұрын, 2005 жылдың 12 қарашасында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов үйінен өлі күйінде табылды. Бұл Қазақстан кезекті «мерзімінен бұрын» Президенттік сайлауға дайындалып жатқан шақ болатын, - деп жазады "Дала мен қала". Кеуде тұсынан екі, басынан бір оқ тиген Нұрқаділовтің өлімі қоғамда түрлі әңгіме туғызды. Тергеушілер оның өлімін «өз өзіне қол жұмсау» дегенімен, қоғамдық орта оның өлімі туралы шындық ашылған жоқ деп болжайды. Заманбек Нұрқаділов тірі болса 17 қаңтарда 72 жасқа толар еді.
«Президенттік сайлауға түсемін»
2004 жылы Заманбек Нұрқаділов билікті сынап, атышулы мәлімдеме жасаған соң оны Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік төрағасы қызметінен алып тастады. Заманбектің тосыннан мәлімдеме жасауы қоғамды дүр сілкіндірді. Бұрын Президенттің сенімді серігі әрі командасының белді мүшесі саналып келген тұлғаның аяқ астынан бұлай дүрліктіруі билік үшін күтпеген жағдай болды. Мемлекеттік ақпарат құралдары оны қаралап, неше түрлі өсек өрбітсе, оппозициялық басылымдар Нұрқаділовтің мәлімдемесін көбейтіп басып, ел арасына кеңінен таратты. Агенттік төрағасы лауазымынан айырылған қоғам қайраткері «мұнымен шектелмейтінін, өзінің бүгінгі жүйе туралы білетіні одан да көп екенін» айтып, сұхбат бере бастады. Кейіннен бірнеше ай бойы тым-тырыс қалған оған оппозициялық басылымдар «іздеу салып», қоғамдық орта аң-таң күй кешкен.
Көп өтпей Нұрқаділов баспасөзге қайта араласып, өзінің аз уақыт тым-тырыс кету себебін «Назарбаевпен кездесіп, ашық әңгімелескенімен» түсіндірді.
Екеуара әңгіменің «құпия сақталуға» тиіс болғанын, бірақ «қарсы тарап уәдеде тұрмағанын» жеткізіп, «келісімді бұзған мен емес» деген уәж айтады. Назарбаевпен кездесу кезіндегі әңгімеде саяси жүйені жаңарту, қоғамды демократияландыру, әділ сайлау өткізу туралы ұсыныс айтқанын, Мәжіліс пен Президенттік сайлауды сайлаушылардың дауыс беруі арқылы әділ сайлау өткізу арқылы шешу жолдарын ұсынғанын, бірақ оның бәріне «сырғытпа» жауап алғанын, Президенттің өзімен жиі жолығуға уәде бергенімен, екі ай бойы хабарласпағанына өкпелі екенін жасырмайды.
Осы кезде ол алда болатын Президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеген еді. Үміткер бір өзі болмауы тиіс деп санайтын ол, саяси сахнада ықпалы бар Қасымжомарт Тоқаев, Жармахан Тұяқбай, Аслан Мусин, Төлеген Тоқтасыновтардың да Президент болуға қарым-қабілеті жететіндігін, егер әділ сайлау өтсе, қоғамның дамитындығын алға тартып, Президенттік сайлауға ерте қамданбаса, сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп, қарсыластарын қапыда қалдыру жүйенің ескі әдісі екендігін білетіндігін де жария етеді.
Нұрқаділов айтқандай, 2005 жылдың соңында Президенттік сайлау өтті. Сол сайлаудың қарсаңында Заманбек Нұрқаділов ажал құшты.
“Топ бастаған…”
Заманбек Қалабайұлы оппозициялық пікірлерін білдіргенге дейін ірі қызметтер атқарды. Ол Алматы қаласы мен Алматы (Талдықорған) облысының әкімі, Мәжіліс депутаты, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік төрағасы қызметтерін атқарды. Оны халық тірі кезінде-ақ «батыр адам» деп таныды. Себебі, қоғамдық ортада ашық пікір білдіріп, үнемі артынан «сөз еретін» санаулы шенеуніктің бірі де осы – Заманбек Нұрқаділов еді. Бұрынғы жұбайымен ажырасып, әнші Мақпал Жүнісовамен отасқаннан кейін БАҚ беттерінде Қалабайұлы туралы әртүрлі әңгіме үдей түсті. Оны сынаушылар, «әкім болуға лайық емес» деп мін тағушылар да табылатын. Олардың пікірі негізінен «жұмысқа қыры жоқ, экономикалық реформаларды жүргізуге қауқарсыз, қарапайым халық тірлігінен жырақ» деген сарында өрбитін.
Бір жылдары жұбайымен бірге ән салып, сахнадан да көрінді. Оны жағалаған әншілер мен мәдениет саласының адамдары мақтап, «мәрт, жомарт» адам ретінде сипаттаумен болды. Онымен жақын араласқан адамдардың көбі жастайынан қараша жұрт арасында өскен саясаткердің өте қарапайым, бірақ мінезі қыңыр, алған бетінен қайтпайтын бірбеткей болғанын айтады.
Жақындарының пікірінше, 1990 жылдардың басында елімізді қаржылық қиыншылық бүрген тұста ел арасында түрлі бандиттік топтар көбейген. Заманбек Нұрқаділов ол жылдары Алматы қаласының әкімі еді. Алматыға шоғырланған мафиоздардың көбі Заманбектен сескенетін. Оның өзі де маңайына беделді жігіттерді топтастырып, қоғамдық тәртіпті сақтауға күш салғанын айтушылар да бар. Кейбір әңгімелерде 1990 жылдары Қазақстанда ғана емес, ТМД көлемінде аты мәлім болған қылмыстық топтардың басшыларымен Заманбектің қарым-қатынасы өте жақын болғаны жөнінде айтылады. Оны «батырлардың серкесі» деп сипаттайтындар да жоқ емес. Бірақ мафия басшыларының көбі түрлі жағдайларда қаза құшып, тазартылған соң, Заманбек Нұрқаділовтің саяси ықпалы әлсіреді деп санайтындар да бар.
Алматының қазағын көбейткен
Марқұм Заманбек Нұрқаділов өлерінен бірер күн бұрын өз үйінде «Алматы ақшамы» газетінің тілшісіне сұхбат берген (Сұхбатты газеттің сол кездегі тілшісі Думан Анаш алған). Бұл оның соңғы сұхбаты болатын. Алматыны басқарған тұлғалар туралы желілес мақалалар берген газеттің өтінішіне келіскен ол қазақтың нән шаһарының әкімі болған жылдары туралы әрі өзінің өмірі, өнер жайындағы көзқарастарымен бөліскен. Сол сұхбатында ол Кеңес одағы кезінде Алматыдағы қазақтың саны 20 пайыздан аспауы керек деген жасырын нұсқаудың болғанын, бұл заңсыздыққа өзінің заңсыздықпен жауап бергенін айтады. Өзінің дерегінше, әкім болып тұрған жылдары Алматы қаласындағы қазақ санын 20 пайыздан 40 пайызға жеткізген. 2006 жылы айтулы шуға айналған Бақай, Шаңырақ оқиғасы кезінде бұл ауылдарды Заманбек тұрғызғаны жайында да айтылды. Қазақтың қалаға көшуіне мүмкіндік туғызып, бос жатқан жерлерді қарапайым халыққа үлестіру, тіпті заңсыз басып алуға жасырын рұқсат беруге осы Қалабайұлының мұрындық болғанын айтатындар көп.
Заманбек Алматы қаласының әкімі болған жылдары қала көшелеріне қазақтың таңдаулы тұлғаларының атын беру, қаланы қазақыландыру үрдісі жүргенін, әсіресе, мәдениет қайраткерлеріне баспана беріп, зор қолдау танытқанын, Кореядан келген бір банкирді елден бір күнде аластап, ол салған үйлерді ақын-жазушы, әншілерге тегін таратқанын аңыз ғып айтатындар әлі де бар.
Жұмбақ өлімнің сыры қашан ашылады?
Он жылдан бері осы сұрақты баспасөз өкілдері қаузап келеді. «Отбасылық кикілжіңнің кесірінен өз өзіне қол жұмсаған» деген тергеушілердің тоқтамына сенбейтін жұртшылықтың қарасы мол.
Саясаткердің жесірі Мақпал Жүнісова әр жылдары баспасөзге берген сұхбатында оның өліміне мүдделі топтар болғанын жасырмайды. Ол: «Бүгінгі билік ауыспай тұрып шындықтың беті ашылса екен» деп армандайды.
Жүнісованың пікірінше, оның өлімін жасыруға бүгінгі биліктің өзі мүдделі. Егер олар шын сырды ашамыз десе, барлық мүмкіндік бар. Ол, сондай-ақ, Заманбек Нұрқаділовтің жақсылығын көргендердің өзі қазір теріс айналып, ол кісіні ұмытып кеткендеріне өкпелі. Бұрнағы жылдары туған күні мен қайтыс болған күнінде жиналатын оппозиция серкелері де қазір баруын сиреткен. Ал биліктегі бұрынғы әріптестері тірі кезінде ара-тұра хал-жағдай сұрасқандарымен, қайтыс болған соң мүлдем «жырақтап» кеткендерін айтады. «Мен оларға өкпелемеймін. Бұл дүние кімнің басында мәңгілік тұрар дейсің. Тек Зәкеңнің есімін ұрпақ жадында жаңғыртудан неге сескенетіндеріне таңмын», – дейді М. Жүнісова.
Әншінің айтып отырғаны Алматы қаласынан Заманбек Нұрқаділов атына көше беруге талпынғанымен, әкімшіліктегілер ешқандай іс-әрекет жасамағандығы. Жоғарыдағы шенділердің де бұл тақырып көтерілсе теріс айналып, қашатындығы.
«Тым құрыса өзінің туған жерінен көше мен мектепке есімін беруге болады ғой. Мұншалықты шетке ысырып, мүлдем ұмыттыруға талпынатындай, ол не істеді? Өмірінде қазақ үшін еңбек етті. Тәуелсіздіктің керегесін бірге көтерісті. Қазір мәңгілік дүниеде. Қайта тіріліп келмейді, ешкімге зиянын да тигізбейді ғой», – дейді Мақпал Жүнісова.
Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісованың Мерей есімді жалғыз қызы бар. Ендігі мақсаты – сол қызын дұрыс тәрбиелеу. «Болашақта әкесінің атын шығаратын қазақтың мақтанышы болады деп үміттенемін», – дейді ол.
Саясаткердің бұрынғы жарынан туған екі баласы бар. Қайрат Нұрқаділов – Алматы қалалық тұрғын үй департаментінің басшысы. Қызы – Құралай Нұрқаділова елімізге танымал дизайнер.
Ержан ҚАМАЛБЕКОВ