КӨЛІКТҰРАҚТЫҢ КӨКЕСІН АҚША ТӨЛЕГЕНДЕ КӨРЕСІҢ
2016 ж. 26 қыркүйек
2289
4
Алматыда «созылмалы ауруға» айналған көліктұрақ айналасында тағы да дау-дамай туындады. Жаңадан тың күшпен, озық оймен ұйымдастырылған паркоматтар тұрғындардың қалтасын тақырлап, түсіне кіретіндей жағдайға жеткізіп отыр.
Ақылы көліктұраққа көлік қою үшін сағатына 100 теңгеден ақша төлеуге тура келеді. Сондықтан бұл жаңалық жақын маңдағы кеңсе қызметкерлерінің наразылығын тудыруда. Өйткені ақылы тұрақтар күніне сегіз сағат бойы тапжылмай жұмыс істейтіндерге мүлдем тиімсіз. Айына 25 мың теңге темір қораптың көмейіне кетеді. Осы істі мойнына алған компания машинаңызды біреу бүлдіріп немесе айдап кетсе де жауап бермейді екен.
–Біз бағдарламамызды жасаған жерлерде тәртіп жасаймыз. «СНИП» бойынша машиналар сығылыспай рет-ретімен тұрады. Соған біз жауаптымыз. Ал біреу-міреу тиіп кетсе оған жауапкершілігіміз жоқ, – дейді «АлматыСпецТехпаркингСервис» ЖШС директоры Марат Пірімбеков. Сонда ол қандай тәртіп орнатпақ? Көліктер онсыз да рет-ретімен келіп тұрмай ма? Қалалық әкімдіктің жаңа жобадағы көліктұрақ жүйесін енгізіп алматылықтарды таңдай қақтырып, қуантамыз дегені осы ма? Қала тұрғындары мұндай қалта қағатын «қуанышты» күтпеген еді...
З.Абажан
qazaquni.kz