Әлеуметтік араздық тумасын десек Ұзынағаштағы үш азаматтың өліміне кінәлілер әділ жазасын алуы тиіс (ВИДЕО)
2016 ж. 25 қыркүйек
8161
5
Бүгінде Алматы облысы Жамбыл ауданында болған қаралы оқиғадан бейхабар жан жоқ шығар. Адал еңбегімен мал сатып, отбасын бағып жүрген үш бірдей азамат қандықол қарақшылардан ажал құшты. Бір аптаға жуық уақыт хабарсыз кеткен үш жігітті іздеуге полициядан бөлек, үш жүзден астам адам кірісті.
Әзірге полиция осы оқиғаға қатысы бар деп екі адамды тұтқынға алған. Күдіктілерге қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-тармағы (екі және одан да көп адамды өлтіру) бойынша айып тағылған.
Қоғамда резонанс туғызған осы оқиға бір ауданның ғана емес, тұтастай облыстың, тіпті, републиканың құқықтық жүйесіне үлкен сын болғалы тұр. Қылмысқа қатысы бар кінәлілер түгел анықталып, жазаланбайынша ел көңіліндегі қорқыныш пен күдіктің сейілмесі анық.
"Қамшы" порталы осы қанды оқиғаның хронологиясын бір шолып өтсек.
17 қыркүйек күні Алматы маңындағы Ұзынағаш базарына Долданұлы Жарқынбек (1979 ж.т), Зарлыханұлы Мұқият (1973 ж.т) пен Әлімхан Қадылбек мал сатуға аттанады. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан 40 бас мал алған олар екі жүк көлігімен жолға шығады. Ол күні сауда жүрмей, жексенбіде тағы шығарамыз деп үш азамат қалып қояды. Бұл туралы Көксу ауданы Қазақстан ауылының тұрғыны Тұрсын Әмірбай мәлімдеді.
18 қыркүйек күні базарға қайта келген соң, бір азамат «барлық малды сатып алу» туралы ұсыныс айтады. Бірақ үйінің шалғай екендігін және ақшасының үйде қалғандығын желеу етіп, жолға бірге шығуға көндірген. Келісім бойынша әр басқа 143 мың теңге беруі керек. Яғни, 5 миллион 720 мың теңгедей қаражатқа келіскен деген сөз. Сәтті сауда деп бағаласа керек, үш жігіт барлық малдарын тиеп, екі жүк көлігімен жолға шыққан. Осы сәттен кейін ол азаматтармен тілдескен тірі жан жоқ. Телефондары байланыс аясынан тыс жерде. Сатып алушының түрін бір куәгер жаттап алғанын да жеткізген.
Қаза болған азаматтардың бірінің ағайыны Адал Зарлыханның айтуынша, дүйсенбі күні (19 қыркүйек) түстен кейін Алматы-Астана тасжолы бойындағы Қаншеңгел ауылы маңында үш жігітке тиесілі жүк көліктерінің бірі өртенген күйде табылған. Сол күні кешке қарай өртенген көліктің жанынан жеңіл көлікке мінген екі жігіттің кетіп бара жатқанын, аздан соң өртенген машинаны өзге біреулердің барып өшіргенін көрген куәгерлер де табылған.
Ал екінші көлік Жамбыл ауданына қарасты Дегерес ауылы жолынан табылған. Жүк көлігінің алдыңғы нөмірін алып тастаған. Артқысын да шешіп тастағылары келген екен. Тіпті жем-шөбі, мал қоршаулары сол күйде жатқан көрінеді. Сол көліктен полиция қызметкерлері саусақ іздерін алған. Бұл жөнінде марқұмдардың туысы Тұрсын Әмірбайұлы мәлімдеген.
24 қыркүйек. 12:31 Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлгілі ауылынан үш азаматқа тиесілі 40 бас малдың 35-і табылады. Бірақ бұл сәтте мал иелерінің өлі-тірісі белгісіз еді. Іздеу жұмыстарына 200-ден астам адам өз еркімен кірісті.
24 қыркүйек. 15:52 Қайғылы қаза туралы ақпарат осы уақытқа қарай белгілі болды. Сонымен бірге осы оқиғаға қатысы бар болуы мүмкін деген екі адамды полиция тұтқынға алған.
24 қыркүйек. 19:03 Бір апта өлі-тірісі белгісіз болған азаматтардың қандай жағдайда дүние салғаны туралы ақпарат та шықты. Жоғалған азаматтарды қылмыскерлер Ұзынағаштан 200 шақырымдай жерге апарып, құмға көміп кеткен.
24 қыркүйек. 20:08 Үш бірдей адамның өліміне қатысты тергеу жұмыстары Алматы облысы басшылығының назарына алынған.
Жоғалған азаматтардың мәйіті кеше, яғни, жоғалған күннен бастап алтыншы күн дегенде табылып, күдіктілер қамауға алынып отыр. Ұсталғандар үш азаматты қалай өлтіргендерін, мәйіттерді қайда жасырғандарын айтып берген. Олар қандай жағдайда ұсталды, полиция іздеп тапты ма, жоқ, өздері келіп, қылмыстарын мойындады ма, ол жағы белгісіз. Тек, үш азаматтың жоғалған күні мен күдіктілердің ұсталған уақыты арасындағы алшақтық түрлі күдікті ойларға жетелейтіні рас...
Осы орайда, ұсталғандарға неге Қылмыстық кодекстің бір бабы бойынша ғана айып тағылды деген де сұрақ туады. Осы сұрақты заңгер Кәмиша Есмұхамбетқызына қойдық.
«Негізі 99-баптың 2-тармағы қылмыстық істі қозғау үшін негізге алынған болса керек. Бірақ, бұл тек осы баппен ғана шектелу керек дегенді білдірмейді. Түрлі сараптамалар нәтижесіне қарай айыптауға қатысты өзгерістер болуы мүмкін. Мәселен, 99-баптың 9-тармағы қосылуы мүмкін деген сияқты. Одан бөлек, қылмыстың жасалу мақсаты мен қатысушыларына байланысты 192-бапты (Қарақшылық), 202-бапты (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) қолдануға болады. Жаңа жағдайлар анықталып, айып та өзгеруі мүмкін. Қалай болғанда да мұның барлығы тек алғашқы сараптамалардан соң нақтыланады», - дейді заңгер.
Бірнеше күн бойы қоғам назарын аудартқан осы оқиғаның жай-жапсарын заң орындары бүге-шігесіне дейін анықтап, қаскөйлерге әділ жаза бұйырады деген үміттеміз. Бұл ретте тергеудің заң аясында өтетініне, кінәлілерге ешбір аяушылық болмайтынына сөз берген облыс прокурорының орынбасары Саят Бакировтың сөздері дәтке қуат. Үлкен резонанс туғызған істе түрлі күмән, алып-қашпа әңгімелер болмас үшін, мүмкіндігінше тергеу барысы БАҚ-та жарияланып отыруы керек. Істің арты насырға шауып, әлеуметтік сипаттағы араздық тумасын десек, тергеудің алғашқы нәтижелері, осындай қылмысқа себеп болған жағдайлар мен оларды жою жөніндегі шаралар (мәселен, Ұзынағаш базарында ұрлық-қарлық түріндегі қылмыстар бұрын да бірнеше рет болған көрінеді) марқұмдардың жаназасына дейін айтылып, алаң көңіл ағайынға басу айтылуы қажет.