Баянғали Әлімжан. Деген екен...
2016 ж. 22 қыркүйек
8094
2
Аяғыңды тоса қоймадың ба?
Баянғалидың әкесi Тақан ақсақал – ұлы Отан соғысының екiншi топтағы мүгедегi, соғыстың басынан аяғына дейiн қатысып, Берлинге дейiн барып қайтқан. Екi рет ауыр, бір рет жеңіл жараланған. Бір жолы танк снарядының жарықшағы шекеден тиіп, әрең аман қалған екен.
1996 жылдың жазында соғыс мүгедектерiне жеңiл автомобиль берiлетiндiгiн естiп, ауырып жатқан ақсақал Баянғалиға: "Менi комиссияға апар,"- дептi. Аудан мен облыстағылар әрлi-берлi қарап, ақынға: "Анда барып өйтiп жiберсеңiз, мында барып бүйтiп жiберсеңiз, бiреу-мiреулер көмектесiп жiберсе, атай машина алуы мүмкiн,"- деп ақыл берiптi. Сонда ақын: "Менiң әкем қанын блатпен төккен жоқ, машинаны да блатпен алмайды! "- деп, дёрiгердiң әдiл шешiмiне жүгiнiптi. Дәрiгерлер дұрыстап қарап: "Әкеңiздiң сырқаты бiр емес, бес кiсiге жетерлiк екен, он машиналық еңбегi бар екен!
Мұндай ардагерлер қазiр өте аз қалды ғой, бәрiне де машина берсе артық емес,"- деп жылы сөзбен шығарып салыпты. Сөйтсе, заң бойынша, аяғынан ауыр жараланған кiсiге машина берiледi екен де, Тахаңның жарақаттары ол заңға жатпайды екен. Ақсақалды үйiне әкеле жатып, Баянғали: "Ал, ендi мазаны алмай тыныш жат үйде. Осының бәрін әуелде ойламаған өзіңнен көр! Оққа басыңды тосқанша, аяғыңды тоса қоймадың ба!? "- деген екен.
Ғабиден мен Нәбиден
Бiр күнi Шерхан Мұртаза, Нәбиден Әбутәлиев екеуi келе жатып, Баянғалимен кездеседi. Сонда Баянғали iнiсiн "Палуан" деп еркелететiн Шерхан:
– Әй, палуан, осы сен жұрттың бәрiн сабап жүрсiң ғой, мына Нәбидендi сабап бершi,- дейдi.
Оның сөзiне наразылық бiлдiрген Нәбиден: "Неге менi сабайды, ол менiң iнiм, мен оның атасы Сегiз серiнi жазғам"- деп, өзiне тартады. Баянғали екi ағасының алдында тұрып: "Қалай сабаймын, Шераға?"- дейдi.
Сонда Шерхан:
– Мынаны сабау керек. Бұл "СҚ"-да местком болған. Сонда: "СҚ"-да не көп, салық көп"- деп отыратын. Бiр жолы картоп әкелiп беремiн деп елдiң ақшасын, қабын жинап алып, соңынан бәрi жайымен қалған. Сосын қабырға газетiне өлең шығарғанбыз:
Жылу жинап әр үйден,
Кетiп едiң Нәбиден,
Картоп та жоқ, қап та жоқ,
Атаңа нәлет Нәбиден!-деп! Мұны сол үшiн сабау керек!
Содан "Нәбиден құрдасымды саба" деп, тағы бiр кездескенде айтады. Үшiншi жолы топтың көзiнше Шерхан Мұртаза Баянғалиға әзiлдеп:
– Әй, палуан, сен менiң бiр тапсырмамды орындамадың ғой. Анау Нәбидендi бiр сабап бер дедiм, сабамай жүрсiң. Бiр бабыңда жүргенде қолыңа түсiп қалса, сүйкеп жiберсейшi,- деп, тағы айтады.
Сонда Баянғали:
– Шераға, үш айттыңыз ғой,егер официальный жағын мойныңызға алсаңыз, мен сiзге Нәбиден түгiлi, Ғабидендi сабап берейiн!- деген екен.
Жұлдыз бен арт
Жазушылар Одағы үйiнiң астыңғы қабатындағы "Қаламгер" дәмханасында әдебиет сыншысы, марқұм Төлеген Тоқбергенов Баянғалимен кездесiп қалады. Ол кезде Баянғалидың "Жұлдыз" журналына жұмысқа жаңа тұрған уақыты екен. Сонда Төлеген қарлығып шығатын дауысымен Баянғалиға: "Әй, "Жұлдызға" келдiң... "Жұлдызға" келдiң... Ендi артыңды қысып жүр!"- дептi, иығынан жұдырығымен қойғылап тұрып.
Баянғали ағасына қарап: "Ойбай, Төке-ау, жерде қыспаған артты жұлдызға шыққасын қысқан ұят емес пе?"- деген екен.
Қарауыл мен сарауыл
Қырымбет ауылында ақын Шәкен Отызбаевтың 100 жылдық тойы болғанда аудандық тұтынушылар одағы, шаруашылық басшылары \бәрi орыс екен\ тiк түрегеп қызмет жасап, қонақтарға құрмет көрсетедi. Сөздiң бiр орайы келгенде Баянғали:
Рахмет, той жасаған қарауылға,
Қарауыл үлгi болсын бар ауылға,
Қарауыл атасына той жасап едi,
Сары ауыл тұрған жоқ па караулда!- деген екен.
Стоматологтың үйінде
Бiр жолы Баянғали Степнякта нағашы апасы Бақыттың үйiнде бiр топ дәрiгерлермен қонақта болыпты. Жездесi Қайыргелдi Қиықов – тiс дәрiгерi. Қонақтар ет жеп болғасын, қалжыңдасып, кең отырады. Қыз-келіншектер: "Стоматологтың үйiне келген соң ба, тiсiмiздi тазалағымыз кеп барады,"- деп, тіс шұқығыш алдырыпты.
Кейiн өлең айтқанда Баянғали:
Емес бұл құр жиналып ет жегендiк,
Ойласаң – ата жолын ескергендiк,
Қазақтың дастарханы болмаса егер,
Алыстап ағайыннан кетер ме едiк?
Үйiне стоматологтың келгеннен соң,
Шұқылап тiсiмiздi еркеледiк,
Стоматолог болғаныңа шүкiршiлiк,
Гинеколог болғанда нетер едiк!- деген екен.
Алпыс жыл мен алты сағат
Баянғали бiр топ кiсiмен ағасы Мейрамның үйiнiң алдында тұрса, бiр-екi орыс келiп:"Где улица Аймаутова? Целый день ищу,не могу найти,"-дептi ренжiп. Сонда Баянғали: "Аймаутов– репрессированный великий казахский писатель. Шестьдесят лет предавали его имя забвению, теперь можно шесть часов поискать его улицу!"-деген екен.
Бір коньяк пен екі коньяк
Бiр жолы Баянғалиға сатирик ақын Көпен Әмiрбековтың немере туысы әрi құрдасы, фототiлшi Берсiнбек Сәрсенов: "Көпендi сабап берсең, бiр коньяк қоямын",- дептi.
Баянғали: "Көпен екi коньяк қойса қайтем?"- деген екен.
Ұрлап – жырлап...
Бiр жолы бастықтардың бiрi Баянғалиға: "Сен бiрiншi орынға ат мiнiп, кiлем алып жүрсiң, баитын болдың ғой!"- дептi. Сонда Баянғали: "Үкiметтi жегендей болмайды екен,"- дептi.
Тағы бiр әкім : "Осы сен бiр жерге барасың да , бiр-екi ауыз өлең айтып, ат мiнiп, дүние алып келесiң. Елден алып жатсың, алып жатсың..."-дептi Баянғалиға. "Иә, аға, екеумiз де халықтан аламыз. Бiрақ мен жырлап аламын, сiз ұрлап аласыз!"- дептi сонда ақын.
Кенесары мен тентек сары
Шұбыртпалы Ағыбай батырдың 190 жылдығында Баянғали жезқазғандық ақын Қуаныш Мақсұтовпен айтысады. Ол сөзін тентек сарымын деп бастаған екен. Сонда Баянғали:
Қалай деп мақтанады мына сары,
Өзіне бұлай деген жарасады,
Бір кезде сары болу моды болған,
Ұмтылған сарылыққа жұрттың бәрі,
Мақтанып керегі не сарымын деп,
Дариға-ай, болмаған соң Кенесары!- деген екен.
Сүндет
Ақтөбеде өткен бір үлкен айтыстан кейін Баянғалиды құрдасы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қази Жасекенов бір туысының үйіне қонаққа шақырыпты. Әлгі үйдің екі баласын сүндетке отырғызған екен , жиналғандар қолқалап, ақынға өлең айтқызыпты. Бәрі де Шектінің Жақайым руынан екен. Сонда ақын:
Айналайын балалар,
Құтты болсын тойларың,
Піштірілген тәтәйің,
Тілеуіңді тілеп тұр,
Апайың мен атайың,
Тәтәйларың қатайып,
Көбейе берсін Жақайым! –деген екен.
Таусылмайтын тақырып
- Бір үлкен кітабым шығайын деп жатыр,- депті ақын Қорғанбек Аманжолов.- Оның ішінде қазақтың ұлттық намысын қайрап жазған бірталай мақалаларым бар!
- Сонда Баянғали:
- Жарықтық қазақтың ұлттық намысы таусылмайтын тақырып болды ғой,- деген екен.
Түрме мен терме
Шымкенттік кәсіпкер азамат, базардың бастығы , бұл заманда терме жазып жүрген бірден-бір ақын Шалқар Әбішұлы облыс әкімшілігімен бірлесіп , бірнеше жылдан бері Шымкентте республикалық «Шалқар термесі» конкурсын өткізіп келеді. Өз қаржысын халықтық өнерді өркендетуден аямаған мәрт ағасына риза болған Баянғали:
- Шәке, біреулер базардан түрмеге кетуші еді, сіз термеге келіп дұрыс қылған екенсіз!-деген екен.
Фейерверк
Жаңа жылда шаһарлардың бәрінде тарсылдатып аспанға фейерверк атады емес пе ?
Ертеңіне күкірт сасыған қорғасын ауаға қарап тұрып, Баянғали :
- Күштінің арты диірмен тартады деуші еді атам қазақ. Қазіргілердікі фейерверк атады!-деген екен.
Құмыра мен шәйнек
Есмағамбет Ысмайыловтың 80 жылдығына Алматыдан Көкшетауға Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Қабдеш Жұмаділов, Оралхан Бөкеев, Дәуітәлі Стамбеков, Сайлаубек Пернебаев сынды айтулы тұлғалар келеді. Щучинск ауданы \қазіргі Бурабай\ , Мәдениет ауылында , мектепте үлкен салтанатты кеш өтеді. Үлкен ағаларымыз аталы сөз айтып, Есмағамбет Ысмайыловтың асқақ тұлғасын әспеттейді. Содан кейін ағыла сөйлеген «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Оралхан Бөкеев мектепке үлкен құмыра сыйлайды. Концертті өлеңмен бастаған Баянғали толғап келіп:
Балалар, жақсы оқысаң толасыңдар,
Есағаңдай ғұлама боласыңдар,
Есағаңдай ғұлама болғаннан соң
Орекеңнен құмыра аласыңдар!- деп, бір күлдірген екен.
Дастархан басында ақын Дәуітәлі Стамбеков ептеп қызыңқырап сөйлейді.
Сонда Зекең, Зейнолла Қабдолов:
- Мұхаң , Мұхтар Әуезов: « Көшелі кісі деген сөз бар! Кісінің қандай екенін білгің келсе, көшесіне қарау керек!»-деуші еді. Дәуітәлінің де көшесі бар екен, бірақ кейде шаңдатып тұрады екен!-депті әзіл-шыны аралас.
Сонда сөзді іліп әкеткен Баянғали:
Қазақтың мықты ақыны Дәуітәлі,
Келмей тұрған сияқты шабыты әлі,
Шабытына шынымен мінген кезде,
Көшесі оның біраз шаңытады,
Сол кезде көшесіне кіргендердің
Әкесін Дәуітәлі танытады!- дегенде жұрт ду күліп, жадыраған Дәуітәлі жанжал шығармапты. Содан , той тарқарда облыстық мәдениет бөлімінің бастығы Күміс Мұратбекова құрметті қонақтарға Көкшетау фарфор заводында жасалған бір-бір үлкен , әдемі шәйнек сыйлапты. Сонда Баянғали:
Аузынан сөз , басынан ой кетпеген,
Аман бол ағаларым ай беттеген,
Осы той құмырамен басталып ед,
Аяғы аяқталды шәйнекпенен! – деген екен.
Той жақсы тарап, алматылықтар аман –сау үйлеріне жетеді. Бір қызығы, қызып жүрген Дәуітәлі емес, сап-сау жүрген Сайлаубек Пернебаев сувенирін сындырып алыпты. Соны естіген ақын:
Шәйнегін сындырып ап Сайлау жездем
Барды екен апайыма қай бетпенен!- деген екен.
Шарап пен шұжық
Бiр топ жас ақын-жазушылар Оспанхан Әубәкiровтың үйiне барыпты. Ол бiр Осекеңнiң арақты қойып жүрген кезi екен. Жастарды жаны қалмай қарсы алып, колбаса турап жатқан Осекеңе Баянғали:
– Осаға, винзаводты қойып, колбасный цехқа ауысқансыз ба?- деген екен.
Қара қой
90-жылдардың басында Көкшетауға шығармашылық сапармен келген Қадыр Мырзалиев облыс әкімінің орынбасары Амангелді Жақыпбековпен бірге Еңбекшілдер ауданына келеді. Ол кезде ауылда тұратын Баянғали ағасының алдынан шығады, қонақасы дайындайды. Демалыс үйінде жайылған дастархан басында облыс, аудан басшылары, жұртшылық Қадекеңнің әңгімесін тыңдап, арқа-жарқа болады. Бірақ, қонақасының «авторы» кім екенін айтпайды. Біраздан соң Баянғалиға жыр айтқызады. Қыза-қыза, біраз толғаған ақын сөз арасында:
Алатаудан, жасырған қарға бойын,
Алты Алашқа асырған заңғар ойын,
Қадырдай қадірліге құрбан болған
Менің де бақытты екен қара қойым! – деген екен.
Ұшақтағы құшақ
1995 жылы Манас эпосының мың жылдығында біраз мемлекеттік делегациялар Бішкектен Таласқа арнайы «ЯК 40» ұшағымен шығады. Мол денелі Әбіш Кекілбаев қатар отырған Баянғалиға:
- Қолымды былай... сенің орындығыңның арқасына салып отырсам бола ма? Әйтпесе, мына орындық тарлау екен! –депті.
Сонда Баянғали:
- Жұрт сіздің қолтығыңызға қалай кірерін білмей жүргенде, өзіңіз ағалық құшағыңызды жайып жатсаңыз, одан қашып мен жынды болыппын ба!?- деген екен.
Танау
1982 жылы «Қиқыматтың хикаялары» атты тұңғыш кітабы шыққанда, Баянғали , жанында ақын Әбубәкір Қайранов бар, «Қаламгер» кафесіне келеді. Ол жерде отырған Асқар Сүлейменовке кітабын көрсетеді шаттанып. Асекең имек тұмсығын саумалап қойып , кітаптың сыртындағы Баянғалидың таңқиып түскен суретіне қарап отырып:
- Қазіргі жігіттер қызық, бір кітап шығарса болды , танауларын көкке көтеріп шыға келеді!- депті .
Сонда Баянғали:
- Біреудің танауы көкке қарайды, біреудің танауы көтке қарайды!- деген екен. Асекең: « Класс!-« депті, мырс етіп.
Кемшілік пен артықшылық
Ақын Жарасқан Әбдірашев бір жиында қызыңқырап қалып, біраз шу шығарса керек. Ертеңіне жанында бірге болған Баянғалидан:
- Баян, кеше менен біраз кемшілік кетті-ау білем?!- деп сұрайды ыңғайсызданып. Сонда Баянғали ағасының көңілін аулап:
- Жарасқанға бәрі жараспай ма , сізде кемшілік болмайды ғой!- депті.
Сонда Жарасқан:
- Кемшілік болмағанмен, ағаңнан біраз артықшылықтар кетті-ау!- деген екен.
Ақындық салыстыру
Бірде ақын Кеңшілік Мырзабеков Баянғалиға аяқ астынан:
- Мен сенен де мықты ақынмын! –депті.
Сонда Баянғали:
- Ақындығыңызды енді суырып салма ақындармен салыстыратын болғансыз ба?! – деген екен.
Бірден классик атанасыз...
Ақын Жұматай Жақыпбаев бірде сырласып отырғанда:
- Қандай керемет өлеңдер жаздым! Ешкім бағалап, қадірлеп жатқан жоқ! Бұл қазаққа енді не істеуім керек?-депті.
- Сізге енді өлу керек!- депті Баянғали.- Өлсеңіз- бірден классик атанасыз! Өмірі көрмеген құрметіңізді көресіз, естімеген жылы сөзіңізді естисіз, мінбеген мәшинәңізді мініп, өмірі жатпаған тыныш жерге барып жатасыз!
Жұмекең классик болудан бас тартып: -Қой, одан да коньяк ішіп алайықшы!- дей берген екен.
Нағашы мен жиен
Жазушылар одағының үйінде ақын Иранбек Оразбаев жанынан сәлем беріп өте берген Баянғалиға:
- Өй, жаман жиен ! –депті.
- Нағашыма тартқам! – деп, кете беріпті Баянғали.
Иранбек оны тосып тұрып, қайта өте бергенінде:
- Өй, жақсы жиен!- депті.
- Әкеме тартқам! – депті Баянғали.
Ирекең күліп:
- Әй, мен сені бұдан былай әкесіне де, шешесіне де тартқан жақсы жиен деймін!- деген екен. Олай дейтіні, Иранбек Оразбаев – қылды қарауыл, заманында аталары Кенесары қолымен бірге аттанып, Сыр бойын мекендеп қалыпты.
Баспа бас
Иранбек Оразбаев Қызылордада «Қорқыт ата және Ұлы дала сазы» атты түрік халықтары жыршы-жырауларының фестивалінде Баянғалиға он үш томдық шығармалар жинағын сыйға тартыпты. Баянғали оған 64 беттік жұп-жұқа « Деген екен» кітабын сыйлап тұрып:
- Нағашы, мына кітабым бұрын да абыройсыз емес еді, енді жұртқа Иранбек Оразбаевтың он үш томына баспа-бас айырбастадым деп айтамын!- деген екен.
Шегіністер
Ғалым, сыншы Асқар Егеубаевқа « Жұлдыз» журналы бес беттік мақалаға тапсырыс берсе, ол кісі он бет қылып жазып әкеліпті.Төгілдіріп, лирикалық шегіністермен жазған мақаланы қалай қысқартудың ретін таппай, редакция қиналып отырғанда , Баянғали Асқар ағасына телефон соғып:
-Асеке, керей басымызбен шегіне бергеніміз қалай болады? Тікелей алға тарта берсек қайтеді?! –дегенде, Асқар күліп жіберіп, мақаланың лирикалық шегіністерін алып тастап, өзі қысқартып берген екен.
Шындық пен мақтан
- Баянғалидың мақтанғаны да өзгеше, ешкімге тиіспейді, таласпайды, өз бетінше мақтана береді ,- депті ғалым Тұрсын Жұртбаев.
- Жоға, мен мақтанбаймын ғой, бар болғаны шындықты айтамын! Ал егер мен туралы шындықтың өзі мақтан сияқты болып жатса, шынымен осал болмағаным ғой! – деген екен ақын.
Ң
Ақын Ақылбек Шаяхметов «ң-ды» »н»деп сөйлейді. Қостанайда өткен 50 жылдығында Әлфия Орманшинамен айтысып отырып , той иесін жезде деп әзілдейтін Баянғали :
Ақылбектің жырымен
Аналар бесік тербейді,
Өлеңін жаттап балалар,
Қазақша жатық сөйлейді,
Баланың тілін ұштаған
Сол Ақаңның өзінің
Ң-ға тілі келмейді!
Балдарды қорғаймын деп тіл шұбардан,
Үлгілі ,өнегелі жыр шығарған,
Ақаңның ң-ға тілі келмейтіні,
Тілінің ұшын апам қыршып алған!-деген екен.
Ақылбектің әйелі Бақыт- керейдің қызы, бес баланың анасы.
Қылыш пен коньяк
Жас кездерінде сыншы, ғалым Әуез Бейсебаев Баянғалимен бірге біраз шырқаса керек. Бір кезде Баянғали қынаптағы қылышын әкеліп көрсетіпті.
- Жүзі өтіңкіремейді білем, қайрау керек,- депті Әуез, қылышты арлы-берлі қарап.
- Кел, бәстесейік, қайрамай-ақ осы қылышпен басыңды бір тартқанда шауып түсіремін!-дейді ақын.
-Басымды осы қылышпен бір тартқанда шауып түсірсең, мен саған бір коньяк қоямын!- дейді қызып алған Әуез қайтпай.
- Онда мен оны кіммен ішемін?-деп , Баянғали қылышын қынына салған екен.
Қара көзілдірік
Ордабасыдағы жиында қара көзілдірік тағып алған ақын Ерік Асқаров Баянғалиға:
- Кеше шырқап кетіппіз! Қара көзілдірік тақсам басым айналады! Сіз ішіп жүргенде қара көзілдірік тақсаңыз ,басыңыз айналушы ма еді?!- депті.
Сонда Баянғали:
- Білмеймін! Мен ішіп жүргенде қара көзілдірік тақпайтынмын! Қара көзілдірікті жұртқа таққызатынмын! – деген екен.
Қылмыстық топ
Ақын Әбубәкір Қайрановтың Алматыдағы Мамыр ықшам ауданындағы үйінде ақындар жиі бас қосып,поэзия кештерін өткізіп тұрады.Бір жолы Семейден ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов келіпті. Оларға сәлем бере келген жас ақындар қандай,емін-еркін бір жұма дүрілдетсе керек.Бір күні Баянғали звондаса,телефонды Әбубәкірдің сабырлы,парасатты зайыбы Гүлзия алып,болған жайды айтады.Сонда Баянғали.
Қосылса Әбубәкір,Тыныштықбек,
Кетеді қаңтарда да күн ыстық боп,
Мамырды азан-қазан қылады екен
Секілді басын қосқан қылмыстық топ!—деген екен.
Көл мен ақын
Ақын Құдайберлі Мырзабеков бір күні Кеңащыдағы Баянғалидың үйіне келіпті.
-Аға,елдегі бір көлді меншіктеп алайын деп жатырмын...Жағасын жайлап, ондатр өсіріп, шаруашылықпен айналысатын ойым бар,-деп, естен тандыратын біраз идеяларын ортаға салады. Баянғали үндемей тыңдап болып, ең соңында:
-Қарауылдан ақын шықса,көл жағалайтын әдеттерің бе?-деген екен. Құдайберлі күліп жіберіп, ақыры көл шаруашылығымен айналыспай кетіпті.\ Ақан сері – қарауыл.\
Үзілдік пен Гүлжайна
Жұбан Молдағалиевтің 80 жылдығына арналған республикалық айтыста \Орал қаласы, 2000 ж .\ ақындарды алдын-ала жұптағанда Баянғали Батыс Қазақстандық ақын құрдасы Үзілдік деген келіншекпен айтысатын болады. Дәл айтыс басталарда Үзілдіктің ауданнан келе алмай қалғаны белгілі болып, қазылар алқасы Баянғалиды өзінен көп кіші оралдық ақын қыз Гүлжайна Бисенғалиевамен айтысқа шығарыпты. Жаңа ғана танысқан қарсыласына Баянғали:
Құрдасымыз Үзілдік,
Жолына қарап сүзілдік,
Үзілдігім келмей қап,
Үздігіп босқа бұзылдық!
Гүлдей нәзік Гүлжайна,
Күндіз жайна, түн жайна,
Жалғыз өзің жайнамай,
Меніменен бір жайна! – деп әзілдеп, екеуі әдемі айтысып кеткен екен.
Өлеңнің жаңғырығы
2015 жылы Баянғалидың «Сен ешқашан өзгерме» деген өлеңіне фейсбукта біраз жақсы пікірлер айтылыпты. «Керемет! Өлеңнің төресі» \Сұңғат Әліпбаев\, «Ой,пəлі! Сіз де ешқашан өзгермеңіз!» \ Ақмарал Ноғайбаева \ деп, сүйсінген қауыммен бірге, Ақ Жайықтан айтыс ақыны Шолпан Қыдырниязова да өзінің ризашылығын: « Байекең білә-ә!» деп білдіріпті. Сонда Баянғали:
Самалдай соққан теңізден,
Жыр жазып мөлдір сезіммен,
Қыздардың жанын толқытып,
Шолпанға білә-ә! дегізген! Ай, да, Байеке!- деген екен.
Әсем шал
2016 жылдың қаңтарында Фейсбуктан Баянғалидың домбыра ұстап түскен суретін көрген Сәуле Әбжанқызы деген оқырман: «Əсем шал деп өзіңіздей адамды айтатын шығар!»- деп жазыпты. Оған Баянғали:
Бұрынғыдан сабырлымыз, бәсеңбіз
Баян емес, Байекеңбіз, Бәкеңбіз,
Сіз де қандай нәзік жанды едіңіз,
Әсем шалдан әсерленген әсем қыз!- деген екен.
Төрткүл дүние мен Толыбай
Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Ақтөбе облысында Халықаралық этнофестиваль да өткізіліпті. Алтай, хакас қайшыларымен бірге соған қатысқан Баянғали Әйтеке би ауданының ең қиыр шеттегі Толыбай ауылына бара жатқанда домбырашы Абдулхамит Райымбергеновтен:
- Әлемнің қанша елінде күй тарттың?- деп сұрапты.
- Австралиядан басқа жердің бәрінде болдым! – депті, өзі ақтөбелік күйші.
- Толыбайда болдың ба?- депті ақын.
- Жоқ!- дейді күйші.
Толыбайға келіп түсе бергенде, Баянғали Абдулхамитке:
Созады нағыз дарын қолын айға,
Өнердің бастамайды жолы қайда?
Әлемді аралаған Әбділхамит
Ақыры келді-ау міне Толыбайға! – деген екен.
Рау мен жырау
Ақмола облысына Альберт Рау әкім болып келіпті.Бір күні әкіммен кездесіп,танысқанда Баянғали.
- Вы - Рау, я - жырау! Меня зовут Баянғали Әлімжанов, поэт, писатель, драматург, акын-импровизатор, жырау-сказитель, единственный казах-манасчи, режиссер, сценарист и актер кино, Заслуженный деятель Казахстана, лауреат Международной премии Кыргызстана, боксер, борец и на дуде игрец! Будешь меня уважать-то ты молодец, если не будешь уважать-то тебе ...конец!-деген екен.
Бастық пен құлақ
Бір күні Баянғали сырқаттанып, Астанада дәрігерге келсе, Еңбекшілдер ауданында басшылық қызметте істейтін құрдасы Темірбек Омаров отыр екен. Жөн сұрасқанда:
-Асқазан ба, шек пе, бауыр ма, әйтеуір іш құрылыс мазамды алып тұр,-дейді ақын.
- Е-е, жей бересіңдер, жей бересіңдер! Содан ауырасыңдар!-депті Темірбек. Сонда Баянғали:
-Сендердің жегендеріңнің жанында біздікі не дейсің? Жегеннен ауырса, бастықтар баяғыда мүрдем кетер еді ғой! Өзің неғып жүрсің?- деген екен.
-Құлағым ауырып...-дейді әкім құрдасы. Сонда ақын:
-Бастыққа құлақтың керегі не? Бәрібір ешкімді тыңдамайсыңдар!-деген екен.
Үш қатын мен күшті ақын
Ақын Әбубәкір Қайранов телефон арқылы сөйлескенде:
-Гүлзия Семейге тойға кетті. Қасында Ғанимат құдағи, тағы бір әйел бар –депті. Сонда Баянғали:
Тойға кетті үш қатын,
Үйде қалды күшті ақын,
Енді қандай амал бар
Отырып ал да, қыс тақым! – деген екен.
Иттің ірісі
- Анау ағамыз бетіңе күлгенмен , сыртыңнан сен туралы жаман сөз айтады, байқап жүр,- депті бір кісі. Сонда Баянғали:
- Артыңнан үрген иттің де ірі болғаны жақсы! – деген екен.