Дос Көшім: Сағадиевке қалай сенуге болады?!.
2016 ж. 21 қыркүйек
4395
50
Қоғам қайраткері, саясаттанушы Дос Көшім мектептерге үштілділікті енгізу реформасын орыс тілін сақтап қалу мақсатында жасалып отырған технология екенін айтты деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Қазақстан мектептеріне үштілділікті енгізу мәселесіне арналған IQ Studio сараптамалық жиыны болып өтті. Оған академик Асқар Жұмаділдаев, журналист Әміржан Қосанов, қоғам қайраткері Дос Көшім шақырылып, енгізілгелі отырған реформаға қатысты пікірлер мен ойлар ортаға салынды.
Аталған ұлт зиялылары бұл реформаның толықтай қарастырылмаған және пісіп жетілмегенін бірауыздан айтты. Бұл тұста олар үш тұғырлы тілге емес, үш тілді бастауыш сыныптан бастап оқыту мәселесіне наразы екендіктерін атап айтты.
"Бұл соңғы уақыттарда қазақ тілділердің көбейіп келе жатқанына орыс тілін сан-түрлі айла-тәсілдермен сақтап қалу үшін жасалған технология деп ойлаймын",- деді Дос Көшім.
Дос Көшім жиын модераторы Расул Жұмалының:
"Бұған дейін айтылып келген мәселе - екітілділік саясат. Сол екітілділік саясаты өзінің қорытындысына келді ме, екіншіден осы екітілділік саясатты бітірмей жатып, үштілділік тұғырға көшу қаншалықты қисынды?", - деген сұрағына:
"Бұл шопан да, базарда отырған қазақтар да талқылап жатқан мәселе. Сондықтан біз мұны жүйе деп атайық. Бұл жерде үш нақты мәселе бар. Біріншісі, баланың басын атала қылып, төрт-бес жастан қазақша, орысша, ағылшынша үйрету. Екіншіден жоғарғы сыныптарда негізгі пәндер, негізгі физика, химия, математиканың ағылшын тілінде өтуі. Бұл біздің қабылдай алмай жатқан екінші мәселеміз. Үшінші мәселе бар, бұл - жалпы тарихты орыс тілінде беру", - дейді ол.
"Жиырма жеті жыл бойы орыстілді балаларға қазақ тілін оқытып, "сәлеметсіз бе" деген сөзді білмейтін балаларды тәрбиелеп шығарған министрлік, қалайша үш тілде оқытады. Бұл министрлікке қалай сенуге болады. Неліктен тарих пәнін орыс тілінде мектепте сабақ беруіміз керек, осыған уәж бар ма? негіздеме бар ма? Дүниежүзі мектептері орысша оқытып жатыр десе түсінер ем", - деді ол.
Дос Көшімнің айтуынша, мұндай шешім шығаруға білім министрлігінің еш негіздемесі болмаған.