Мейірбек Сұлтанхан, айтыскер ақын: Тұрсынбек Кәкішевті танымаса да, Тұрсынбек Қабатовтың әр әзілін асыға күтетін жастар көп
2016 ж. 17 қыркүйек
7798
0
Мейірбек СҰЛТАНХАН,
айтыскер ақын:
«Халық» газетінің айтысында елге танылып, халықтың ұлына айналған Мейірбек Сұлтанхан – бүгінде тоқымына тер қатпаған тұлпарлардың бірі. Үлкендермен үзеңгілес жүрген Сырдың сары баласы алты Алашты ауызына қаратқан айтыскер ақын атанды. Сөзі өткір, ойы сақ Сұлтанханның немересімен сәрсенбіде сұхбаттасудың сәті түскен еді. Шайырмен болған шынайы шүйіркелеске көз жүгіртсеңіз, сахнада айтылмайтын әңгімелер мен сіз білмейтін қырларына қанығасыз.
- Мейірбек, айтыстың жүгі ауыр. Өлеңге өзекті қайдан табасың? Құлағың өсек сөзге де, кесек сөзге де түрік жүретін болар?
- Айтыс – бабаларымыздан мұраға қалған ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Төбемізге көтеретін төл өнеріміз. Сондықтан айтыстың аманатын, ақындықтың ауыр жүгін барынша сезінуге тырысамын. Кенен атамыздың айтатыны бар: «Бас та өлең, құлақ та өлең, мұрын да өлең, Бір ақын өлсе талай қырылды өлең» деп. Сол секілді ақынның өлеңіне өзек қай кезде де табылады. Иса Байзақовтың бір пышақтың өзін бірнеше сағат жырлауы сол ақынның шеберлігін, тапқырлығын, ойының ұшқырлығын көрсетеді. Сондықтан ақынға жырлай білсе, тақырып жетерлік. «Ақынның құлағы өзінен елу жыл ерте туады» деген сөз бар. Шынында да біздің құлағымыз бәріне түрік жүреді. Бірақ өсек сөз емес, сіз айтқандай кесек сөз айту – біздің міндетіміз. Қоғамдағы түрлі жайттар қаузауға тұрарлық. Алайда ақынның ең алдымен айтар ойын ақылға салып, сараптай білуі пайым-парасатына байланысты. Айтылған өсек әңгіменің барлығы ел алдында айтуға келмейтін дүние. Ақпараттық қоғамда айқайлаған тақырып пен түрлі ақпараттар әлеуметтік желі мен сайттарда толып жүр. Ал оның анық-қанығы кейін жазылып жатады. Сүзгіден өтпеген ақпар сахнада айтылса, онда айтыстың да, ақынның да құны қалмайды. Әр сөзін киелі, жүйелі тізіп, салмақты, салиқалы сөз айту - ақынның міндеті.
- Ақындарды әр жерде арнайы арнау айтуға шақырады. Құр мақтанмен «мақтансүйер басшыларды» марқайтып жүрген жоқсың ба?
- Ақындарды әр өңірге арнау айтуға шақыратыны рас. Мерекелік жиындарға, құрметті кісілер келгенде қолқа жасайтын кездер көптеп кездеседі. Бірақ соның барлығына ақынмын деп қолыма домбырамды алып, шаба беруім шарт емес деп білемін. Өйткені адамның өзінің жан дүниесі, жүрек қалауы болмаған жерде тәуір өлең шығуы мүмкін емес. Кейде өнерді, өлеңді түсінбейтін адамдардың алдында арнау айтуға шақыратындар бар. Өз басым ондай ресми шаралардан бойымды аулақ ұстауға тырысамын. Бір жиынға шақырып, «арнауыңның арасына орысша сөздер қоса аласың ба?» дегені бар. Неге десем, «келетін қонақ та түсініп отырсын» дейді. Бірден бас тарттым. Себебі, өнерімді, тілімді түсінбейтін адамның көңіліне қарап, ақындық, адамдық беделімді түсіргім келмеді. Бірақ реті келсе, тойдан бас тартқан қазақ емеспін. Жасыратыны жоқ, той - біздің айтыстан кейінгі табыс көзіміз. Ол жаққа барғанда әркімді мақтап емес, той иелерінің қуанышына ортақтасып, шаңырақ құрып жатқан жастарға не мерейтой иесіне ақжарма, ақ көңілмен тілек айтамыз. Халықтың қуанышын ақынмен бөлісуі - қазақтың бұрыннан келе жатқан дәстүрі.
- Ел «дін» деп дүрліккенде, «жер» деп жанұшырғанда ақындар үн қосты ма?
- Елімізде «дін», «жер» мәселесі соңғы кезде халықты толғандырған, толқытқан жағдай болды. Ақтөбеде, Алматыда болған терактілер - бұл біздің қой терісін жамылған қасқырларға ұқсаған, мысықтілеу миссионерлердің жасаған арам пиғылдарының бірі. Сондықтан бұл жайға бейжай қарамау керек. Жер - бізге бабаларымыздан қалған мирас. Жер жайында ақындардың жақ ашпай қалуы мүмкін емес. Бұл мәселе бұған дейінгі айтыстарда да айтылып жүрді. 2010 жылы «Тіл кеспек жоқ» айтысында Айбек Қалиев ағамыз «Қазақ жері сайқалдың қойны емес қой, Әркім бір кеп жататын төсегіне» деген еді. Әрине, жанға бататын теңеу, бірақ ақиқаты солай. Мен 2015 жылғы «Алтын домбыра» жарысында жер мәселесін көтеріп, Ермековті ерекше айтқан едім.
Бас жарылса былғайды бөрік ішін,
Бағың тайса төгілер мол ырысың.
Аталар ас үстінде аттан салған,
Қан беріп қарыс, сүйем жерің үшін.
Бабаларың қалдырған байтақ жерді,
Барыңды сал қызғыштай қору үшін.
Қабанбай қара жерді қорғаған жоқ,
Қысылғанда қытайға беру үшін.
Алаштың арда туған арыстары,
Аянбап ед сойылыңды соғу үшін.
Әлімxан Ермековті айту керек,
Ерліктің жасап кеткен ең ірісін.
Ленинмен бетпе-бет сөйлесіпті,
Шекараңды бекітіп, бөлу үшін.
Қазақтың меншігіне алып қалған,
Орысқа кетіп жатқан облысын.
Әлімxан Ермековті ұмытпайық,
Тағдыры тауқыметке толы кісің.
Ал бұл күні қоғамға қарап тұрсаң,
Көресің көп шикілік көрінісін.
Келешекте болады кім жауапты,
Келімсекке таптатқан төрің үшін.
Қытайға кетіп жатқан мұнайменен,
Үндіге кетіп жатқан көмір үшін.
Еврей енші салған көліңменен,
Кәріске кетіп жатқан кенің үшін.
Қазағым, есіңді жи, еңсе тікте,
Біреудің жалтақтамай көңілі үшін.
Ермеков шекараңды ап қалған жоқ,
Еріккеннің ермегі болу үшін.
Жер мәселесіне келгенде біз Әлімхан Ермеков пен Жұмабек Тәшеновтің ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазақтың шекарасын шегендеп, бізге осындай ұлан-ғайыр жердің қалуына баяғы батыр бабаларымыздан кейін еңбек сіңірген елеулі екі қайраткер осы кісілер. Ермеков пен Тәшеновті естен шығарып жатқан тұстарымыз көп. Бірақ біздің қоғамның өзі осыған жетелеп отыр. Өйткені ел үшін еңбек еткен саяси тұлғалардан қазіргі «шоу жұлдыздары» танымал. Тұрсынбек Кәкішовтің өмірден озғанын білмесе де, Тұрсынбек Қабатовтың әрбір әзілін күтіп жүретін жастардың қарасы қалың. ...Жұрт жер, дін деп дүрлігіп жатқанда, ақындар Б.Есентаеваның жағдайын жырламағаны белгілі. Негізі жер мәселесіне тек ақындар емес, кеудесінде қазақ деп соққан жүрегі бар әрбір азаматтың ойлануы, үн қосуы тиіс. Ақындар үн қоспады, ақындар бұқты деген кереғар пікірге келіспеймін. Ақынның мақсаты - көпіріп мақтап, көлік міну емес, бұқара мен билікке көпір болу.
- Қазіргі елдегі саяси ауыс-түйіске қандай баға бересің?
- Елдегі ауыс-түйістер ешкімді де бейжай қалдырмағаны анық. Қалың қазақты Үкімет басшысы болып Бақытжан Сағынтаевтың келуі қуантты деген ойдамын. Мандатын алған кезде Елбасының алдында ешқандай қысылмай, қиналмай қазақша еркін сөйлеп тұрған азаматтың Үкімет басшысы болуы көңілімізді бірледі. Ал өзге ауыс-түйістер шахмат тақтасын еске түсіреді. Фигуралар ауыстырылады, бірақ айналып келгенде көп жағдайлар өзгеріссіз қалады. Сол баяғы қосылғыштар өзгергенімен, қосынды өзгермейді деген аксиомаға келеді.
- Жүрсін ағаның «Дін арқылы ақындардың басын шырмау біраздан бері басталған. Қажылыққа жіберіп, басқаша әсер етіп жатыр. Біз біраз ақындарымыздан айырылып қалдық» дегені бар. Осы пікірді сен қалай жалғар едің?
- Иә, бір жылдары ақындардың бәрі қажылық сапарға барды. Әрине, ол - құптарлық іс. Тек қана ақын ретінде емес, мұсылман ретінде қасиетті қағбаға барып, тәу етіп, Пайғамбардың ізі қалған, кешегі біздің Құнанбайлар мешіт салған, Шәкәрімдер қажылық жасаған жерлерді көзбен көріп, бес парыздың бірін өтеп қайтты. Бұл мұсылманның маңдайына жазылған бақыт деп санаймын. Бірақ дінге берілдім екен деп өнерді тастап кету құптарлық іс емес. Нартай ақынның «Өлеңім ат та болды, тон да болды, Ықтияр не десем де қолда болды. Ақынға берген арам болады деп, Шығарды шариғатта молда жолды» деген өлеңі бар. Кезінде сол сауатсыз молдалар мен ақындар арасында дұрыс пәтуа болмағаны тарихтан белгілі. Қазіргі дінді білгендер, біздің ақын ата-бабаларымыздай-ақ білсін. Батыстағы Абыл, Қашағандардың діни толғаулары, Сырдағы сүлей Тұрмағамбеттің дастандары шариғаттың шартымен ұштасты. Сол арқылы халыққа дұрыс үгіт-насихаттар жүргізіп отырды. Мәселен, Қашағанның Есқали сопыны сынап, домбыраны харам дегеніне жауап беретін толғауы бар. Сондағы ақынның соншалық діни сауаттылығы таңдандырады. Ақындарымыз бүгінгі астыртын діни секталар мен ұйымдар қаптаған заманда ауызымен түзу сөйлеп, насихат жетіп жатса, бұл біздің бірден-бір жетістігіміз болар еді.
- Ақындардың айтыспен қоштасуына не себеп? Тойыну ма, әлде шабыттың түгесілуі түрткі ме?
- Әрбірінде әртүрлі себеп бар. Бірінде отбасылық жағдай болса, біріне қызмет әсер етіп, не жас дегеніне көндіріп жатады. Бұл өзімнің басымда болмағандықтан біреу туралы сыртынан тон пішу қиын болар. Бірақ ақын тойынғаннан кетеді деген томпақ келеді. Егер ақын айтыстан асып-тасығаннан кетер болса, ол өнерге деген опасыздық, қиянат болар еді. Қазір айтыстың көрермені өзгерген. Он жыл бұрынғы айтыс атмосферасы да, тыңдарманы да бөлек. Ақын қанша азулы болса да, публикаға өтпей жатады. Салдарынан айтыспен қоштасып жататын ақындар бар. Шабыттың түгесілуі де мүмкін. Ақын өзінің бабын жоғалтып алса, бағын жоғалтып алса, халықтың қабылдай қоюы, махаббатына бөленуі екіталай нәрсе. Сондықтан бақ пен бабың қатар шауып тұрған кезде сөз сайыста сүрінбеуге тиістіміз. Әр ақынның дәурені болады. Бірінің дәурені ерте, бірінікі кеш бітеді. Ғұмырлы болуы үшін ізденісті тоқтатпауы тиіс. Егер тума талантпын деп, айтысқа қатыса берсең, бойдағы өнерің де, өлеңің де сарқылады. Сондықтан ақындықты әрқашан шығармашылық ізденіспен ұштастырып отырған абзал. Елдің бәрі жүзге дейін жырлай беретін Жамбыл емес. Десе де «Қарағайға қарап тал өседі» деген бар. Алдыңғы буын аға-әпкелеріміздің сахнада ұзақ жүргенін қалаймын. Сол кісілерге қарап ой түзеп, шыңдаламыз. Солармен нағыз сайыста иық тіресіп жүрсек, мәртебе, әрі мектеп жалғасар еді.
- Қарсыластар арасындағы әзірлік қалай жүреді? Өтімді әзіл, ұтымды ұсыныс, уәжді сөз айтылуы үшін өлең құрылымы алдын ала дайындала ма?
- Айтыста қарсылас әр кезде әртүрлі белгілі болады. Бір ай бұрын, кейде бір күн қалғанда не сахнада біліп жатасың. Қарсыласқа дайындалудың ең бірінші жолы - оны жете зерттеу. Қай өңірден шыққаны, қазір қай жердің намысын қорғап жүр? Бұрындары кіммен айтысқан, қандай уәж қолданған? Кімнен жеңілді, кімді ұтты? Сол ақын шығып жатқан өңірдің саяси кемшіліктері, басшыларының қандай қызмет жасап жатқандығын білу қажет. Өз басым дайындықты осылай бастаймын. Ұтымды әзіл, өткір сөздер ақынның тапқырлығы мен ойының ұшқырлығына байланысты. Кейде сәтті шығып кететін, кейде сәтсіз жұп болып көрінетін айтыстар болады. Бұл тек бір ақынынң бабына емес, қарсыластың да шабысына байланысты. Барынша мықты ақынмен айтыссаң, тартыс одан сайын қыза түседі. Бәйгедегі аттардың бәрі тұяғы жер тарпып, шашасына шаң жұқпайтын жүйріктер болса, аламан тартысты өтетіні секілді. Жасыратыны жоқ, алдын ала жоспарлау, сәйкестендіру деген де болды. Бұл айтыстың дерті еді. Қазір бәрі жөнге келді, меніңше. Ал тойда қарсыласпен әзілдерді алдын ала реттестіріп алып жатамыз. Біреудің қызықшылығында бет тырнасып, жаға жыртысып тұрмайсың ғой. Ал енді үлкен бәйгеге, бәсекеге түскенде өзіңнің мерейің, өзіңнің жеңісің. Сондықтан барыңды саласың. Не болмаса бірінші айналымнан өткен соң екінші айналымда аттарыңды атап, қарсыласыңды сонда таныта салады. Ондай кезде ақылдасып алу ақылға сыймайтын дүние. Шаппа-шапқа кетеміз. Мәдениеттілігіңнің деңгейі мен сауаттылығыңның шын сыналар тұсы осы.
- Осы тұста мақам мәселесіне тоқталсақ. Елдің делебесін қоздыратын домбыраның шертісі мен мақам. Мақамың қалай таңдалды? Ойнақы әуендер мен түрлі миллизмдерді енгізу керек деп ойламайсың ба?
- Ақынның ел есінде сақталуына бірден-бір әсер ететін – мақам. Менің де ізденісте жүрген мәселем осы. Өйткені кей ақындар болды сөзі қанша керемет, арасына қыл сыймайтындай болғанымен мақамы дұрыс болмай, халық қабылдамай кетті. Ал керісінше мақамының әдемілігімен дауысының халықты баурап алатын қасиетімен елдің есінде қалған ақындар да бар. Мәселен, Әзімбектің мақамы әлі күнге жұрт жадында. Кезіндегі Қонысбай Әбіловтің, Әсия Беркенованың, Есенқұл Жақыпбековтің, Шорабектің әрбірінің өзіндік мақамы болды. Бергісі батыстан дауылдатып Мэлс Қосымбаев шыққан кезде желпінбеген қазақ жоқ шығар. Ақынның өзіне тән мақамы болуы негізгі керек дүние. Қазіргі ақындардың кемшін түсіп жатқан жері де мақам мәселесі. Бәріміз қолданатын бес-алты мақам бар. Жаңа дүние тудырып жатқандар аз. Мен де төрт жылдан бері Нартайдың мақамына салып айтысып жүрмін. Бұл менің стилім десем де болады. Сырда ел алдына алып шығатын қанша мақам бар. Бірақ маған мақамды салмай ұятты болғаннан, салып ұятты болған ауыр сынды көрінеді. Жыраулардың төкпе мақамдарына салуға әлі шеберлігім жетіспейтін секілді. Сол жағынан қысылып жүрмін. Бірақ Сырдағы жыршы, термешілермен жолыққан сайын солардан үйрену үстіндемін. Алдағы уақытта мақам жағынан жаңалық жасаймын деген ниеттемін. Ойнақы әуен, миллизм керек дегеніңіз дұрыс әрине, бірақ оны өлең құрылысына қарай қолдану керек. Соңғы кезде эстрададағы ойнақы әуендерді айтыста қолдану «мода» болып кетті. Арасында өзіміз де қолданамыз. Десе де шектен шықпау керек деп ойлаймын. Ән айту халықты көтереді, қошеметіне бөлейді деп бейберекет эстрададағы даңғазаға салу - айтысты қорлау. Кей қатарластарымда осы нәрсе әдетке айналды. Айтысың ата сөзге емес, әнге айналса, оның өнердегі өлшеулі ғұмыры қысқа. Сондықтан айтысты есірген эстрадамен емес, есті сазбен байытқан дұрыс.
- Айтыс жүлдесі алдын ала сарапқа салынып, сатылады деген сыбыс бар. Ашығын айтсаң.
- Сыбыс бар, шындық емес. Әркім алыпқашпа әңгіме айтады. Сарапқа салынып, сатылуы менің өз көзіммен көрген дүнием емес. Ал кейде қазылардың қиянаты, батыраштың балтасы тиіп, мәреге жақын қалғанда шалыну кездеседі. Оны өз басымнан да өткердім. Әрине кейде жерге, руға тартып, бәйгені бөлісерде келіспеушіліктер туындайды. Бұл ақынның кінәсі емес. Ол қазылардың қателігі. Менің бірінші айтарым, айтыста қазыларды «әділ қазылар» деп таныстырады. Сол сөзге мен келіспеймін. Оның әділдігі мен әділетсіздігін халық таразылайды. Бірақ қанша қиянат көрдік дегенмен, оған мойымай, жігерлене түсуіміз тиіс. Қазыдан опасыздық көрген біреу болса, ол – Оразалы Досбосынов. Өзі айтқандай «Көлік мінген ақындар, Көкке ұшып кеткен жоқ». Ақынның абырой, беделі берілген көлікпен емес, халықтың көңілімен өлшенеді. Оразға, Әзімбекке, Шынболатқа деген халықтың ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігі әлі ұзақ сақталарына сенімдімін.
- Ақындықтың, атақтың, танымалдықтың оң әсері көп. Ол даусыз. Алайда бір дүниеге еңбексіз қол жеткізгенде өзгенің жолын кестім деген ой келмей ме? Жалпы, ондай дүние орын алды ма?
- Барған жерде ел танып, елеп жатқаны әрине қуантады. Кейде өнерді сыйлап, сені құрметтеп жатса, несіне қысыламыз. Ақын болып елге танылғанымыздың өзі Алла берген бақ пен қалауының, еңбектің нәтижесі. «Дүниеде еңбек қымбат, еңбек ұлық. Ерінбей ұмтылыңдар, ерте тұрып» деп Жамбыл атамыз айтқандай, еңбексіз келетін ештеңе жоқ. Ал оңай келген дүниеден айырылуың да оңай. кей айтыста 10 ұпай беретін деңгейде айтыспасаң да қазылар оған дейінгі еңбегіңді бағалап, жетелеп жібереді. Сол кездерде тәуір айтысқан ақындар төмен балл алса, келесі кезеңге өтпесе, өзімді қолайсыз сезінемін. Соңғы Астанада болған айтыста Дидар Қамиевпен кездесуде бірыңғай 10 ұпай алатындай өнер көрсетпедім. Бірақ қазылар шешімі солай болды. Бірақ мұндай сәттерге жоғарыда айтқанымдай, ақынның қатысы болмайды. Ол қазылардың ұйғарымы. Ал студент кезімде ақындығымды елеп, сабақтарда жоғары балл қойып жіберетін. Мұның өзгеге залалы тиді деп ойламаймын. Сондықтан саналы түрде біреудің жолын кесіп, қиянат жасадым дей алмаймын.
- Әлеуметтік желіде А.Әшімовпен шахмат ойнаған сәттегі суретің бар. Бұл да сенің бұқараға беймәлім бір қырың. Және қандай қасиеттерің бар?
- Иә, ол сурет былтыр түсірілген. Жүрсін ағамызбен бірге Асанәлі Әшімов ағамызға сәлем беріп шығайық деп, жұмысына барған болатынбыз. Ол кісімен шахмат ойнау өмірімдегі ерекше сәттердің бірі болды. Асанәлі ағаның шахмат ойнайтынын бұрын-соңды білмеген едім. Шахмат – менің айтысқа дейінгі хоббиім. 5-сыныпқа дейін шахмат үйірмесіне жазылдым. Шахматтық жарыстарда І тақтада ойнадым, ІІІ дәрежедегі шахмат шебері деген атағым да бар. 5-сыныптан бастап айтысқа қызығушылығым артқаннан кейін шахматты тастап кетуге мәжбүр болдым. Бірақ әлі күнге ара-тұра ойнап тұрамын. Бұл адамның логикасын дамытуға ең қажетті спорт. Одан бөлек суретті жақсы саламын. Спортқа бір бүйрегім бұрып тұрады. Футболға қызығамын. Қатырып, жапырып доп теппесем де әуесқойлығым бар. «Барселонаның» белді жанкүйерімін.
- Аға буын кейінгілер газет-журнал, кітап оқымайды деп кейиді. Жауыр болған сауалдың өңін өзгертсек, жастар неге кітап оқуы керек?
- Бірде марқұм Есенқұл Жақыпбеков көршісін көшеде кездестіріп қалады. Әлгі көршісі «қайдан келе жатсың?» деп сұраса, «баспадан кітабымды шығарып келе жатырмын»,- дейді. Сонда көршісі: «сіз ақынсыз ба?», -дейді. «Иә, өлең шығарамын»,- десе, көршісі «бір жақсы қасиетім кітап оқымайды екенмін» деген екен. Күлетін жайт. Алайда айналамызда осындай «жақсы» адамдардың көбейіп бара жатқандығы жаман үрдіс. Басқаны былай қойғанда, Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын төрт жыл оқыған топтастарым 4 томдық «Абай жолын» оқымаған-ды. Олар Абайды оқымаған соң, өзгеге айтар сөз жоқ. Бүгінде оқырман азайғандықтан ба, тіпті кезіндегі керемет басылымдардың өзі интернет газетке, порталға айналып кетті. Мәселен, тұшымды, талғамды материалдар жариялайтын «Алаш айнасы» қазір «жердегі жұлдыздардың» ішкен-жегенінен әрі аса алмайды. Басылымдарға тоқталғанда, астын сызып, айшықтап атап өтетін бір жайт бар. Оны айтпасам, өзімді кінәлі сезінетін сындымын. Тап осы «Халық» газеті – мен үшін өте ыстық, ерекше басылым. Себебі 2010 жылы республикалық айтысқа енді-енді қадам басқанымда алғаш рет «Халық» газетінің 10 жылдығына арналған ақындар айтысында азулы Бекарыс Шойбеков ағамызды жеңіп, бас жүлдені иемденген едім. Сол арқылы ағалардың көзіне түсіп, көптің көзайымына айналдым. Әркез айтып жүремін, «Халық» газетінің айтысынан шығып, халықтың баласы болдым» деп. Сол үшін сіздерге алғыс айтамын. Ұжымдарыңызға шығармашылық табыс тілеймін.
- Риясыз әңгімеңе рахмет. Жағың жаңылмасын!
Әңгімелескен
Жазира ӘШІРБЕК