Сағынтаев министрлерге шетелге шығуға тыйым салды
2016 ж. 13 қыркүйек
2872
5
Бақытжан Сағынтаев премьер-министр ретінде үкіметтің алғашқы отырысын өткізуде. Отырыс барысында Сағынтаев министрлерге шетелдік сапарларды қоя тұрып, барлық бастамалады xалыққа түсінікті тілде жеткізуді тапсырды деп xабарлайды Baq.kz.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің құрамын көп өзгерткен жоқ. Бұл президенттің министрлер кабинетінің бұған дейінгі жұмысына деген сенімі болса керек. Сол үшін өз алғысымызды білдіреміз», - деді Сағынтаев.
Осыдан кейін премьер-министр президенттің Ақордада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын тағы бір мәрте тәптіштеп шықты.
«Осы тапсырмалар үшін сұраныс қатаң болады. Оның барлығы белгіленген мерзімде және сапалы орындалуы тиіс. Сондықтан бәрімізді қауырт жұмыс күтіп тұр. Елбасымен бірге баратын сапарлар болмаса, бүкіл шетелдік іс-сапарларды жылдың соңына дейін қоя тұру қажет. Аса бір қажеттілік туындай қалса, онда менің жеке өкімім бойынша шығасыздар. Еліміздің өңірлеріне жасайтын сапарларға да келісіп шығасыздар. Сіздер үкімет тарапынан қандай шешімдер керек, тез арада анықтап, ұсыныс енгізіңіздер. Біз қабылдаған шешімдер қарапайым xалыққа түсінікті болуы тиіс. Біздің кез-келген шешімдеріміз жұртшылыққа тез арада жетіп, мақсат-міндеттерді үнемі түсіндіріп отыру қажет», - деп атап көрсетті Сағынтаев.