Асанәлі Әшімов: Адамға көзі тірісінде құрмет көрсетілуі тиіс
2016 ж. 10 қыркүйек
3776
2
Бүгін Алматыда MEGA Park сауда үйі аумағында орналасқан Жұлдыздар Аллеясында танымал қазақ актері, театр және кино режиссері, сценарист, педагог Асанәлі Әшімовтың құрметіне орнатылған жұлдыздың ашылуы болды.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Ашылу салтанатына “Қазақфильм” киностудиясының басшысы Бақыт Қайырбеков, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл, Қазақстанның халық әртісі, “Қазақконцерт” басшысы Алтынбек Қоразбаевтар қатысты.
“Барлығыңызға рахмет айтамын. Мұндай жұлдызды ашу мен үшін сәл ыңғайсыз дүние, әйтседе Голливуд үлгісі бойынша бұл тамаша бастама. Қазақстанда ұлы адамдар көп, олардың біразы өмірден өтіп кетті. Көзі тірілердің арасынан Олжас Сүлейменовты бөле-жара айтқым келеді. Халықтың даңқты ұлының жұлдызы да осы аллеяда “жануы” тиіс деп ойлаймын. Бұл мен үшін тарихи әрі толқынысқа толы күн. Қадыр Мырзәлиев айтқандай адамға өмірден өткен соң емес, көзі тірі кезінде құрмет көрсетілуі тиіс. Осы шараны ұйымдастырушылардың барлығына ерекше алғыс айтамын”, – деді Асанәлі Әшімов.
Еске сала кетсек, Жұлдыздар Аллеясында тұңғыш рет екі дүркін олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильиннің жұлдызы орнатылған болатын. Ал келесі жұлдызды “ДОМ” қорының басшысы Аружан Саин “жақты”. Ол бұл жұлдызды барша қазақстандық қайырымдылық шарасының ұйымдастырушыларына арнаған. Жұлдыздар Аллеясының қатары 2015 жылы күзде олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың есімімен толықты.
Асанәлі Әшімовтың жұлдызы мрамор ұнтақ, жез материалдарынан дайындалған. Оның көлемі 60*60 см.