Қазақ ұлтшылдарын біріктірер жалғыз жол қалды
2016 ж. 09 қыркүйек
8417
15
Кейбір келеңсіз істері жайлы әлеуметтік желіде бірнеше рет пост жазған Геройхан Қыстаубаевқа нақты жауап бермей жүрген Мұхтар Тайжан бір постында сөз арасына біздің де атымызды атағаннан кейін амал жоқ, «Ең жаман өтірік қандай өтірік?» деп, жалаң шындықты ғана айтып, шамамыздың келгенінше қысқаша анықтама берген едік. Онда көне грек ойшылдарының «өтіріктің ең жаманы – шындық қосылған өтірік» деген сөзін келтіргенбіз. Журналист, батыс әлемінің тілімен айтқанда публикалық, яғни көпшілікпен бірге мамандық иесі болғаннан кейін жазған дүниеңе қатысты неше түрлі пікірді тыңдауыңа тура келеді. Ол біз үшін үйреншікті жағдай. Әйтсе де, бұл жолғы пост астына жазылған комменттер біржақтылығымен бұрынғының бәрінен асып түсті.
Геройхан жазса Мұхтардың Шеңгелдідегі дихандарды 34 млн.теңге қарызға отырғызғаны, олардың «ақшамызды алуға жәрдемдесіңіз» деп өзіне келгені, Мұхтардың мәселені шешпей қашқақтап жүргені жайлы жазды. Мұхтар болса әлеуметтік желіде «Герекең «менде сен турады жаман материал бар, 3 млн.теңге бермесең жария етемін» деп маған шантаж жасап, менен ақша алып алмақшы болып жүр» дейді. Біз Мұхтар, Геройхан, қарағандылық Ернар Кейкин және Мейрамсопы Мұқышев деген екі азамат, сондай-ақ Мұхтардың жүргізушісі (аты есімде жоқ) бар, алтауымыз 2012 жылы 18 тамызда Қарқаралыдағы демалыс үйінде болған әңгімеде Геройхан Талғар жақтағы саяжайын сатып, ақшасын қазақтың басын біріктіруге жұмсағасы келгенін тағы бір рет айтқан кезде (оған дейін ол 2011жылдың мамыр айында Темірхан Медетбеков, Софы Сматаев, тағы басқа да атақты ақсақалдарды, саясаткерлерді, қоғам қайраткерлерін жинап, жалпы саны 70-80ұлтшылмыз деген адамның алдындаосы саяжайды сатып алатын адам табуға көмектесіңдер арнайы хабарлаған еді, ол жиында Мұхтардың өзі де болған, жиын жайлы «Жас қазақ үнінде» менің «Біздің заманның Геройханы» деген мақалам да жарияланған еді) Мұхтар: «Сол саяжайыңызды мен-ақ ала салайыншы!» деді. Бірақ, артынан ол ойынан сол жерде айныды-дағы, «Гереке, сізге алғашқы бір-біржарым жылға қанша қаржы керек, менен аласыз! Содан соң өз аяғыма тұрып кетемін деп отырсыз ғой»деп уәде етті. Тек, ол уәдесінен де кейін айнып кетті.
Жарайды, кәзір кім сөзінен таймай жатыр, бергісі келмесе ешкім Мұхтардан тартып ала алмайды. Мен істің қалай болғанын ғана хабардар еттім жұртты. Ал, ол «жұрт» не дейді? Бірен-сараны болмаса, басым көпшілігі «пияз дауы деген екі адамның арасындағы сөз емес пе, оны неге жалпақ елдің алдына шығарасыңдар» дейді, «жер комиссиясында ел үшін жанын салып жатқан адамды неге аяқтан тартасыңдар» дейді, «бір-біріңді батыр десеңдерші» дейді. Зәуреш есімді бір қарындасымыз: «Айтарга созим жок, акеси Болат Тайжан тири болса, ангиме айта алмай жагынып журер единдер , ози жоктын кози жок деген, осыны жазганда не далелдемек болды екенсиндер!» десе, бір университетте білдей бастық Құрманбүбі деген замандасымыз тіпті «Өмірхан Ақжігіт, өзіңіз ештеңе жақсылық жасай алмайсыз, жасаған адамды көре алмайды екенсіз. Мұхтар сияқты-ақ ой ойлап, іс істеңізші. Байқағаным, үнемі бір нәрселерді бықсытып, жүресіз! Бірақ өсекшіл журналистің те жүруі керек қой. Елді ұрыстырмаңыз! Мұхтардың қандай екенін білгісі келетін адам, сіздің өсегіңізсіз-ақ біліп алады!» деп, менің жеке басыма тиісіп кетіпті.
Біріншден, мен өз жазғанымда бір ауыз жалған сөз жоқ екеніне адам алдында да, Алланың алдында да жауап бере аламын. Демек, ешқандай өсекші болуым да мүмкін емес. Геройхан да солай. Олай болмаған жағдайда Мұхтар Тайжан оны баяғыда-ақ дихандармен кездесіп, мәселені шешіп, «біз ешқашан Геройханнан көмек сұрап барған жоқпыз» деген олардың сөздерін бейнекамераға түсіріп, «жала жапты» деп, сотқа сүйрелер еді.
Екіншіден, көпшілік «Болатхан Тайжанның баласы» деген соң Мұхтарды да әкесі секілді шын мәнінде елдің қамын жеп жүрген ер деп ойлайды. Ал, оның дәл сол жер дауына ғана байланысты айтқан сөздерін саралаған адам оның әр жерде әр түрлі сөйлейтінін бірден байқайды.
Үшіншіден, менің Мұхтардың болғанын көре алмауымның өзі мүмкін емес. Себебі, ол министр немесе сенатор болғысы келеді. Болсын! Ал, мен елуге келгенде, өмірде кеш те болса тапқан өз орнымды - журналистігімді ешқандай министрлік мансапқа айырбастамаймын. Айырбастар болсам «Айтахановтың әрбір бөлім меңгерушісі ауданды басқаруға жарайды» дейтін әкімшіліктегі қызметімнен, «енді бір секірсем әкім болмайтын несі бар» деп жүрген жерімнен журналистикаға кетпес едім.
Жалпы, әр адам секілді менің де бойымдағы мінім басымдағы шашымнан көп болса да, мен көреалмаушылық деген аурудан аман қалғаным үшін Аллаға айтар алғысым шексіз. Мысалы, Мұхтардан алған бір сұхбатымды шығарайын деп жатқан жинағымның ішіне кіргіздім. Екіншісі де бар еді, оны таба алмадым, Мұхтардың өзінен сұрап едім, онда да сақталмапты. Мен бүгін де Мұхтармен тізе қосып жұмыс істеуге, оның еңбегін елге насихаттауға дайынмын. Тек оған қояр жалғыз талабым – табанының бүрінің таймауы, жер мәселесіне, жалпы ұлттық мәселеге келгенде ұстанымынан (принциптен) таймауы, компромиске бармауы.
Мен үшін ұстанымнан таймау деген нені білдіреді? Ол - Жер туралы Кодекс қазақ жері ешкімге еш уақытта сатылмайтын, тек уақытша тегін пайдалануға берілетін болып, ал, шетелдіктер мен олар құрған заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдік қатысушылары бар отандық заңды тұлғаларға жалға да берілмейтін болып қайта қаралсын, ал, бұлай болуы үшін Конституцияның 6-бабының 3-тармағы 1993-жылғы Конституцияның екі абзацтан тұратын 46-бабымен ауыстырылсын дегенді білдіреді. Конституцияда «жер жекеменшікке сатылады» деген сөз жазулы тұрғанда ол еліміздің, жеріміздің тұтастығына ертелі-кеш қатер төндірумен болады! Біздің билік «жерге жеке қожайын керек!» деген сөзді сондай жақсы көреді, ал, Жері түгелдей мемлекет меншігіндегі Израиль соның кесірінен дамымай қалған жоқ, қайта әлемдегі ең күшті дамыған елдің бірі!
Мен сондай-ақ «Қазақ үні», «Абай.кз», «Ұлт.кз», «Қамшы.кз» сайттарында, «Қазақ үні», «Дат-Общественная позиция", «Төртінші билік», т.б. газеттерде жарияланған «Арандап қалмайық, ағайын!», «Алаңға шығар халықтың өкіметке қояр 6 талабы. Жер мен Тілді бірінен бірін өліп қарауға болмайды», «Конституция мен Кодексті өзгертпей, қазаққа күн жоқ!» деген мақалаларым арқылы жерімізден айрылып қалмау, демек елімізден айрылып қалмау жолында дәл сол Мұхтардан артық болмаса да кем еңбек етіп жүрген жоқпын деп білемін. Мен бірінші мақалада Жаңаөзенде қарусыз халықты қырып салған біздің биліктен бәрін күтуге болатынын, сондықтан арандап қалуға жол бермей, білімнің күшімен, мыңдаған, миллиондаған қол қойылған петиция арқылы күресіп үйренейік дедім (өкінішке қарай, оның аулы әзір алыс болып тұр...).
Ал, «... Халықтың 6 талабының» 4-ші, 5-ші пункттері былай болатын: «4.Қазақстанға Қытайдан ескі 52 зауыт көшіріп әкелуді көздейтін «Ұлы Жібек жолының экономикалық белбеуі» Қазақстан-Қытай біріккен жобасы тоқтатылып, оның орнына Жапониямен, егер ол мүмкін болмаған жағдайда Германиямен заманауи ең озық техника және технологияға сүйенген зауыттар салынатын жаңа келісім жасалсын!
Қытайлық Rifa Holding Group, AIJIU, CITIC және COFCO компанияларына ауыл шаруашылық өнімдерін (мал және өсімдік) өндіру үшін150-мың гектар жерді жалға беру, қытайлықтармен бірге құрылған БК-ға ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру туралы келісімдердің күші жойылсын!
Сонымен қатар, шекаралас өзендерді пайдалануда Қазақстанның мүддесі қорғалатын етіп Қытаймен нақты келісімдер жасалсын!
5.Қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тіл болуына шын мәнінде жол бермей тұрған ҚР Конституциясының 7-бабының 2-тармағы алынып тасталсын!
ҚР Конституциясына 19-бабын, ҚР Тіл туралы заңның 4-ші, 5-ші және 7-ші баптарын бұзып отырған, іс жүзінде қазақ тілінің қажеттігін жоюға бағытталған, әлемнің бір де бір елінде жоқ «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы тоқтатылсын! Мектептерде ағылшын тілі 7-сыныптан бастап тек пән ретінде оқытылатын болсын!
Қазақ тіліне деген қажеттілікті тудыру жайлы бір де бір нақты ұсынысы жоқ «Тілдерді (?) дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы тоқтатылып, оның орнына қазақ тілінің қажеттілігін арттырудың нақты шаралары, оны іске асыру мерзімі мен жауапты тұлғалары көрсетілген «Мемлекеттік тілді дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған» бағдарламасы қабылдансын».
«Конституция мен Кодексте» мен Сенат Төрағасына, Бас прокурорға, Вице-министр, Жер комиссиясының төрағасына 13 сұрақ қойып едім, ол Ашық хатыма әлі күнге дейін жауап алған жоқпын. Бас прокурорға «заңды бұзып жатсыз, қашан жауап бересіз?» деп хат та жаздым, бәрібір үнсіз. Үшеуін сотқа беру ғана қалды, өйтейін десем ұялып жүрмін, қанша айтқамен өз өкіметім ғой...
Мен Мұхтармен бірге жұмыс істеуге дайынмын дедім, бірақ, ол өзін «ұлтшыл» санап жүргендердің жүзден, мыңнан бірі ғана ғой, ал, жалпы қазақ ұлтшылдарының басы қалай етсек бірігеді? Жалпы, бірігетін жол бар ма өзі? Жоқ, әлде алауыз болып басының қосылмауы қазақтың маңдайына жазылып қойған ба?..
Ондай жол бар! Және ол жол – католиктердің Рим папасын сайлау үлгісі. Өмірінің соңына дейін сайланатын Папаны сайлау үшін күллі әлемнен дауыс беруге құқылы пәленбай епископ Ватиканға жиылады. Сосын олардың бәрін хан сарайындай көп сарайдың біріне кіргізеді-дағы, сыртқы есікке адам басындай құлып салады. Епископтар бір күн айтысуы мүмкін, бір, апта, тіпті бір ай айтысуы мүмкін, бірақ, қашан келісімге, мәмілеге келмейінше сыртқа шыға алмайды. Ал, олар келісімге келгенін пешке резеңке жағып білдіреді. Мұржадан қою қара түтін бұрғыраған күні есік те ашылады...
Қазақ ұлтшылдарына да осы үлгіні қолдану қалып тұр. Біз бір жерге бәріміз жиылайық. Мейлі, біреуімізге біріміз ата жауымыз болсын дейік. Бірақ, «ұлтым!» дейтініміз рас болса, ішімізде бір-біріміге айтылмаған сөз, тағылмаған айып қалмауы тиіс. Бәрі айтылсын, бәрі ақтарылсын, бәріміз де күнә, кінәмізден арылайық. Тазаланайық. Бір-бірімізден ортақ мүдде жолында кешірім сұрайық. Тіпті, кінә, күнәмізді толықтай кешіре алмасақ та, бір-бірімізді атарға оғымыз жоқ болып тұрса да ел мүддесі үшін өз көкірегімізді басайық, бірігіп, бір адамға тоқтап (сол Папалардың да бәрінің бірдей ақылы толық, мінезі жібектей жандар емес қой!), басқарушы, атқарушы ұйымдарды сайлап алайық. Анттасайық! Және анттасқанда бүгінгі билік өкілдері секілді жай ғана «ант етемін» деп қоя салмайық. Антты бұзар болсақ, тартар жазамызды да белгілеп алайық.
Бұл ретте де менің нақты ұсынысым бар. «Осы антымды бұзар болсам, Алла-Тағаланың менің жанымды сол сәтте алуына ризамын!» деп, артқа шегінер жер қалдырмайық өзімізге. Бұл – қазақтың ықылым заманнан келе жатқан, барлық уақытта орындалуы бұзылмас, мүлтіксіз дәстүрі. «Ой, оп-оңай екен ғой, сол сөзді айтқаннан бір нәрсе боп қалар дейсің бе» дейтін екі жүзді жүрекжұтқандар табылып жатса, оны сол кезде көрерміз. Мықты болса, сондай ойды іске асырып, тәжірибе жасап байқасын...
Жоғарыдағы «Халықтың 6 талабы...» былай аяқталатын: «Неге біз бұл жерге тіл туралы талапты да енгізіп отырмыз? Себебі, біз онша мән бере қоймай жүрміз, ал, шынына келгенде «Үш тұғырлы тілдің» зардабы қытай экспаниясынан да қауіпті! Сол Қытайда 400 қазақ мектебін (қазақ тілі мен әдебиетінен басқасын) 2007-2008 жылы қытайшаға ауыстырды. 10 жыл өтпей-ақ қазақша білмейтін, білгісі келмейтін ұрпақ қалыптасып қалды... 25 жылда қазақ мұнайының жартысын алған, еш уақытта асықпайтын-саспайтын Қытай (жылан саршұнақты жарты күн бойы жұтады) жерімізге кіру арқылы елімізді берісі 25, арысы 50-100 жылда бейбіт түрде жаулап алуы мүмкін болса, «Үш тұғыр» іске аса бастады дегенше, 10 жылда қазақ тілін ешкім керек етпейтін болады! Мектебі керек етпеген тіл кімге керек? Тілі айрылған қазақ ұлты кімге керек?»
Бізге де шегінер жер қалған жоқ. Артымызда - ұлттың аман қалу-қалмау мәселесі. Бірігеміз бе – аман алып қаламыз. Бірікпейміз бе – қазақ жер бетінен жойылады. Және соған тікелей кінәлі мына сіз бен біз күнәлі боламыз. Ұрпақтың қарғысын арқалаймыз!
Қайсысын қалаймыз?..
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz