Қазір көптеген дінтанушылар мен ғалымдар, саясаттанышулар мен журналистер елімізде сәләфизмді насихаттап жүрген сайттардың кедергісіз әрі бақылаусыз жұмыс істеуіне алаңдаушылығын білдіріп, оларды шектеу қажеттігін көтеріп жүргені белгілі. Біз бұл өзекті мәселе төңірегінде тәуелсіз қазақ діни журналистикасының ардагері, «Иман» журналының Бас редакторы Оңғар қажы Өмірбекпен сұхбаттасқан едік.
Дінтанушы: Сәләфилік – қазақ ұлтының тамырына балта шабуды көздейтін қатерлі діни ағым
2016 ж. 24 тамыз
5294
0
– Әлбетте, сол дінтанушылар мен ғалымдардың алаңдаушылығын түсінемін әрі тыйым салу қажет деген пікірлерін қолдаймын, – деп бастады әңгімесін Оңғар Өмірбек: – Себебі қазақ ұлт болып ұйысқалы бері мұсылман. Оның ішінде бір ғана Ханафи мәзһабы мен Мәтуриди ақидасын ұстанған. Сол ұстанымның арқасында ғана Қазақстан мен Орта Азияда сан ғасырдан бері діни алауыздық орын алмаған. Енді тәуелсіздігіміз баянды әрі халқымыздың бірлігі мен ынтымағы берік, иманы кәміл, дініміз одан әрі нығая түссін десек, оған сызат тұрмақ, күмән туғызатын ағымдар мен топтарға жол бермеуге тиіспіз. Мұны елдің қауіпсіздігі де талап етеді. – Өздерін алғашқы сәләфтармен байланыстырып жүрген сәләфилерден келетін қауіп-қатер қандай? – Сәләфилердің таным-түсінігі қазақ халқының сан ғасырлардан бері қалыптасқан мұсылмандық түсінігіне мүлде керағар. Олардың сенім тұғырнамасында жалпы қазақшылыққа, елдікке, отаншылдыққа орын жоқ. Бұларды өз тамырынан жерінген діни космополиттер деуге бола-ды. Халқымызда қалыптасқан, түбі мұсылманшылықтан өрбитін ата-ананы қадірлеу, үлкенді сыйлау, өзара түсіністік, ынтымақ, биязылық, сыпайылық сияқты асыл қасиеттерді мансұқ етеді. Сондықтан да сәләфилік – қазақ ұлтының тамырына балта шабу үшін от ала келген аса қатерлі діни ағым. Бұлардың ұстанымдары шынайы мұсылманшылықпен де, дәстүрлі қазақылықпен де сәйкеспейді. – Бұл теріс сайттар халыққа қаншалықты ықпал ете алады? – Ғаламторда алуан түрлі пікірлерге жол берілген. Солардың ішіндегі қазіргі қазақ жастарына ең қауіптісі – осы теріс ағымдардың үгіт-насихаты. Асыл дінімізді сол сайттардан үйренген жастарымыз сәләфилердің қатарын толықтырып, мешітте намазды солардың ұстанымымен оқиды. Имамдардың емес, ұялы телефоннан өз шейхсымақтарының уағызын тыңдайды. – Жалпы, Діни басқарма дін тақырыбында ақпарат тарататын БАҚ-тарды қаншалықты қадағалауға қауқарлы? – Діни басқарма – қоғамдық ұйым. Оның тұрақты түсімді бюджеті, қаржылық мүмкіндігі, заңдық қадағалау құқығы жоқ. Сондықтан тек ұсыныстар мен тілектерді жеткізумен шектеледі. Дегенмен, басқарма тарапынан діни тақырыпқа қалам тартып жүрген тілшілердің басын қосып жиындарын өткізіп тұру, оларға дұрыс діни түсінікті насихаттауда бағыт-бағдар, кеңес беру шаралары ұйымдастырылуда. Жалпы әр істі сол саланың өз маманына тапсырған жөн. Сондықтан да мұсылманшылық бағыттағы діни ақпараттардың анық-қанығын дөп басып айтып бере алатын еліміздегі бірден-бір мекеме – Діни басқарма. – Біздің мәзһабымызға қарсы ақпараттар қаншалықты жиі жарияланады? – Жат ағымдар ата-бабамыздың төл мәзһабы – Әбу Ханифа жолы мен матуридилік діни таным мектебіне қарсы және де қазақ халқының ұлттық құндылықтарына қарсы үздіксіз үгіт жүргізіп келеді десек, асыра айтпаған болармыз. Оның дәлелі – соңғы уақыттары ата-анасын, ағайын-туысын «кәпір», «дінсіз» деп айыптап, өз құдығынан жеріген жартыбас діндарсымақтардың көбеюі. Бұлардың барлығы-ның танымы бір. Олар уахабилік, сәләфилік керітартпа идеологияның жандайшаптары. – Қарапайым халықтың діни сауаты жоғары болмаған соң, теріс сайттардан да ақпарат алады. Теріс пиғылды сайттарды қалай тануға болады? Олардың ерекшелігі неде? – Қазір елімізде теріс пиғылды сайттардың біразы бұғатталған. Дей тұрған-мен, кейбір сайттар әлі де жұмыс жасап тұр. Жат ағымдардың сайттары негізінен өз уағызшыларының, шетелдік үгітшілердің дәрістерін ғана насихаттайды. Қазақстандағы он екі миллионнан астам мұсылмандардың басын қосып отырған Діни басқарманың ұстанған бағытына үзілді-кесілді қарсы. Солардың сайттарында Діни басқарманың имамдары мен ұстаздарының уағыздарына жол жабық. Олар қазақ қоғамында қалыптасқан жайтпен мүлде санаспайды. Бүлікке алып баратын үгіттерін жалғастырады, ұлттық әрі діни ерекшеліктерге төзімсіздікпен қарап, түбі қақтығысқа, алауыздыққа ұластыратын, қоғамымыз үшін аса қатерлі теріс пиғылды уағыздар жүргізеді. Ғаламторда сәләфилікті ашықтан-ашық насихаттап, солардың сойылын соғатын мына сайттар әлі жұмыс жасап тұр: www.sunnapress.kz, www.islamic.kz, www.abuhanifa.kz , http://www.shyn.kz/ , http://anti-irhab.kz/ , Сол сияқты әлеуметтік желіде сәләфилікті қолдап, үздіксіз насихаттап отыратын әрі басқаларға да ықпал ететін белсенділері де бар. Солардың бірі әрі белсенді сәләфит қандасымыз Алматыда болған соңғы қанқұйлы оқиғаның сәләфиттерге ешбір қатысы жоқтығын, оны күштік құрылымдар өздері ойлап тапқандығын айтып, бейнетаспа жариялады. (http://abai.kz/post/view?id=8920) – Бас мүфти діни салада «ақпараттық соғыс» жүріп жатқанынан хабардар ма? Оның ұстанымы қандай? – Бас мүфти жалпы ақпарат саласын, мерзімді БАҚ-ты үзбей қадағалап отыра-ды. Оған өзіміз куәміз. Асыл дінімізге күйе жағатын жалған ақпараттардың алдын алуға ерекше мән береді. Сонымен қатар теріс ағымдардың жүгенсіз әрекеттерін ауыздықтауға да күш салуда. Бұрмаланған мәліметтерді түзетуге тырысады. Бас мүфти бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының біртұтас ұстанымы – қазақ жерінде қалыптасқан дәстүрлі діни мектептерді, мәзһабымызды тұғырлау, нығайту. Жат ағымдардың теріс уағыздарына қарсы тұру үшін үгіт-насихат саласында дұрыс діни дәрістермен бірге халқымыз-дың игі дәстүрлері мен құндылықтарын қатар насихаттау қолға алынған. – Байқауымызша, қазір ақпарат саласында сәләфиттер, гүленшілер мен исматуллашылар (зікіршілер) аса белсенді. Әлеуметтік желілер мен сайттарда отырып өзара қырқысады. Қазақты бөліп отырған мұндай керітартпалықтарды қалай түбегейлі шешу-ге болады? – Аталған топтар қазақ елінде тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болған ағымдар. Яғни, олар бұрын болмаған, діни уағыз-насихаттың кемшін тұсында қаулап кеткен. Қазір діни басқарма өзіміздің төл мәзһабымызды жергілікті жердің ыңғайына қарай әдет-ғұрып пен қалыптасқан жағдайды ескере отырып, уағыз жүргізуді мықтап қолға алды. Нәтижесінде, анаған да, мынаған да бұра тартпайтын уағызшылар пайда болды. Енді жастар, мұсылман жамағаты діни басқарманың бекіткен уағызшыларының уағыздарын тыңдауға ойыс-ты. Діни алауыздықтың алдын алудың бірден-бір жолы – мемлекет тарапынан мойындалған ел мұсылмандарының жалғыз діни ұйымы – мүфтияттың үгіт-насихатына құлақ асу. Діни басқармада діннің түрлі саласының білгір мамандар тобы қызмет етуде. – Дін тақырыбында ақпарат тарататын БАҚ-тарды Діни басқарманың діни сараптама бөлімдеріне тәуелді ету қажет пе? – Қазақстан – демократиялық зайырлы мемлекет. Сондықтан қайсыбір адамның пікір еркіндігіне шектеу қою қиын. Дегенмен, дін тақырыбындағы жазылып әрі беріліп жатқан ақпараттарды діни басқарманың сараптамасынан өткізген де дұрыс па дейміз. Себебі, әсіресе, әлеуметтік желіде Діни басқарманы жөн-жосықсыз айыптап, теріс ағымның сойылын соғатындар көбейді. Діни басқарманың ғаламтор бөлімі олардың біразын біледі, әрі олардың топтарынан да хабардар. Бүйректен сирақ шығаратын сондай топтарды шектеу қажет пе деген ой туады. Әйтпесе, күні бойы ғаламторда отыратын сарыауыз балаң жасөспірімдер сәләфилердің жетегіне еріксіз еріп кетіп жатыр. Ол діни мағлұматтардың өзіміздің төл мәзһабымызға, дәстүрлі діни танымымызға сәйкестігін ажыратып бере алатын мамандарымыз, имамдарымыз бар. – Сәләфизмге беріліп, кейін таза ислам-ға оралған 800-ден астам азаматтың барын білеміз. Бұл тек бір жылдың жетістігі екен. Бұл бағытта Діни басқарма тарапынан тағы қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр? – Құдайға шүкір, қазір адасқанын түсініп, ортамызға қайта оралып жатқан бауырларымыз да баршылық. Бұл да болса мүфтият тарапынан жасалған қажырлы еңбектің жемісі. Діни басқарма өзінің қаржылық және ақпараттық мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан, бұл бағытта көптеген шаралар жасап жатыр. Соның бірден- бір мысалы басқарма тарапынан құрылған республикалық ақпараттық-насихат тобы (РАНТ) және жергілікті өкілдіктердің жанынан ұйымдастырылатын жергілікті ақпараттық-насихат топтары (ЖАНТ). Бұл топтардың құрамында елімізге белгілі дін мамандары, имамдар, теологтар, сарапшылар бар. Олар ел аумағында түрлі кездесулер өткізіп, дұрыс діни құндылықтар-ды уағыздайды, жастардың арандап қалмауы үшін оларға жат ағымдардың қауіп-қатерлерінің жай-жапсарын айтып береді. Жергілікті әкімшілік орындарымен келісе отырып, оқу орындарында, мекемелерде, ұйымдарда түрлі салалардың өкілдерімен жолығып, келелі әңгіме өткізеді, оларды толғандыратын сұрақтарға жауап береді. Өзекті мәселелерді талдап, шешімін де айтады. Сонымен қатар, Діни басқарма ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихатын күшейтіп келеді. Басқарманың өз баспасөз қызметі, мерзімді басылымдары бар. Ғаламторда да діни басқармаға қарасты ондаған сайттар («muftyat.kz», «muslim.kz», «islam.kz», «azan.kz» т.б.) тұрақты жұмыс істейді. – ҚМДБ жанынан шығатын «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналына жазылу барысы қалай? – Құдайға шүкір, бұл екі басылымның да өз оқырманы бар. Жыл санап таралымы да өсу үстінде. Газеттің таралымы 50 мың данадан асса, ал «Иман» журналы 20 мыңға жуықтады. Халқымыз ата-бабамыздың асыл дініне жаппай бет бұрып жатқанына қарап, діни басқарманың төл басылымының таралымы мұнан әлдеқайда өсе түсетініне сенемін. – Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Кәмшат ТАСБОЛАТ