Қазақтың бекзат перзенті - Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ
2016 ж. 20 тамыз
8938
0
Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 85 жыл толуына
Алматының Көкбазарына кірген сайын біздің «Қымызханамыз» көз алдыма келіп, көңіл шіркінім алабұрта қалады. Жарыстыра қойылған ұзын екі үстелдің кіреберіс сол жақтағысында көкөністің түр-түрін сатып тұрған орыс, корей әйел әулеті де, оң жақтағысында қазақ қыз-келіншектер: сүт, қаймақ, май, айран, сүзбе, құрт, ірімшік, жент сатып тұрады. «Келіңіздер, алыңыздар, қымбат емес» деп жымиысады олар. Біз бас изей ілтипат білдіреміз, бірақ бұрылмаймыз. Бағытымыз – үстелдің арғы шетінде қымыз, қымыран сатушыларда. Олар – қатар орналасқан үш әйел. Иә, кешегі келіншектер. «Қымызханамыз» - сол үшеуі. Бізді: «Е, бауырларымыз келділеп» қарсы алады. Бауырлары – ақын Сабырхан Асанов екеуіміз. Кейде Смаханұлы Шона ағамызбен үшеу болып барамыз. Шөкең: «Айналайын құрдас қыздар, ұйқыларың қанып ояндыңдар ма, әлде әлгі..?» деп күле амандасады. Қалжыңдары ағытылады...
[caption id="" align="aligncenter" width="454"] Өзбекәлі Жәнібеков пен Нұрсұлтан Назарбаев[/caption]Бірде, 1981-жылы, әлде 82-жылы ма, әйтеуір, жаз айының бір сенбісі күні, Сабырхан: «Қымызханамызға Халық музыка аспаптарының музейі арқылы барайықшы. Өзағаңда, Өзбекәлі Жәнібековті білесің ғой, Мәдениет министрінің орынбасары, бүгін сонда екен, сол кісіде бір бұйымтайым бар еді» деді. Бардық. Мен: «Көп бөгелмегін, қымыз суып қалады» деп әзілдеп, ішке кірмедім. Мұражай үйі – тарихи көне ескерткіштер есебіндегі ғимарат екенінен, сәулетші А. Зенковтың жобасымен салынғанынан, кезінде Түркістан генерал-губернаторының салтанат отауы болғанынан хабардармын. Қазақ ұлт аспаптарының мұражайы болып 1981-жылы көктемде ресми ашылған. Ғимаратты таңдап алған, мұражайдың шаңырағы көтерілуін, көне аспаптарды жинастыруды ұйымдастырған Өзбекәлі екенін де естігенмін.
Әсем ғимарат жөндеуден өткізіліп жатқанын аңғардым. Есігі алдында әк, бояу бөшкелер тұр, ерекше біркелкі тақтайлар, мәрмәр плиткалар жатыр.
Сабырхан бес минөт шамасында шықты.
-Өй, тұншыға жаздадым, қымызға тезірек жетейік, кеттік! – деді.
-Е, не болды сонша?
-Бояудың исі шыдатпады. Бір жерде дырылдатып кесіп, бір тұста тырсылдатып шегелеп, бір жерін әктеп, бояп дейсің бе, алас-күлес жұмыс. Өзағаң балақ-жеңін түріп алған, жөндеушілердің ортасында. Мәдениет министрінің орынбасары дейтін емес, құрылысшы-жұмысшы сияқты...
Жаратылысы қарапайым адам қашан, қайда, қандай жағдайда болсын қарапайым қалпын сақтайды. Халқының игілігіне жұмсаған білімін, жігер-күшін пұлдамайды, «Мен! Мен» деген сырқатқа шалдықпайды. «Құрылысшы-жұмысшы сияқты» Өзбекәлі Жәнібеков сондай-ды! Ал бас терісі келіспегендердің қарекеті керісінше болатыны белгілі. Ондайлардың бірі... аты-жөні есімде қалмапты, әйтеуір, облыс деңгейіндегі партиялық қызмет атаулыны түгендеп, зейнетке шығыпты да, бұл мұражайдың жас директорын шеттеттіріп, жылы орынға жымия жылжып жетіп, жайлауға шыққандай жайлана жайғасыпты. Ол кезде басқа салада жүрген Өзекең оны бөгей алмай, іштей тыныпты. «Партдиректор» болса, кейінде, қалтасы томпақтың айы оңынан туып, өзінің өздерінен өзге тірі жанға қажеті жоқ өмірбаянын «хикая», «роман» етіп кітап шығара бастаған тұста, ол да, қатарынан қалмай, кітап жазыпты. Қазақстанға сіңірген елеулі еңбектерінің бірі Қазақтың халық музыка аспаптары мұражайын ұйымдастарғаны екенін өркештене айтыпты. Онысын Өзекеңнің «Тағдыр тағлымы» жинағынан оқып, жағамды ұстадым. «...Өкініштісі – біз сияқты қызметбастылардың (функционерлердің) тікелей араласқан, тіпті өзі ұқсатқан шаруасында қолтаңбасын қалдыра бермейтінін пайдаланып, біткен істің нәтижесін әлдекімдердің өзіне теліп алатыны. Мәселен, Қазақстанның халық әуез аспаптары музейін ұйымдастыруға, оның оңайға түсе қоймаған экспозициясын құрастыруға менің бақандай екі жыл уақытым кетті. Енді келіп, музейдің есігін ашпаған біреудің: «оны обкомда істеп жүріп өзім ұйымдастырдым» деп көсігеніне қайран қалдым. Тегі одан өткен озбырлық бола қоймас», депті автор.
[caption id="" align="aligncenter" width="604"] Солдан оңға қарай: Мұстафа Өтүрік, Өзбекәлі Жәнібеков және Иманғали Тасмағамбетов[/caption]...Егер жаңылыспасам, Қазақстан Комсомолы ұйымының 1-хатшысы Өзбекәліні 1967-жылы Алматы қалалық комсомол комитетінің бір мәжілісінде алғаш көрдім. Балалар мен жасөспірімдер тәрбиесі жайында пікір өрбіте сөйледі. Сұңғақтау бойлы, талдырмаш бітімді, қоңырқай өңді жігіт екен. Жинақы қара шашты, кең маңдайлы, қойкөзді. Бет пішімі дөңгелек жүзді де, сопақ та емес; мұрыны қырлыға да, майлыға да «қосылмайды»; қоңыр үнді; байыпты сөйлейді, - маған қалайда ерекше келбетті жігіт болып көрінді.
Одан кейінгі жылдары екі мәрте кездесіп, біраз әңгімелестік. Бірде ежелгі досы Хакім Тілегенұлы (Михаил Иванович) Есенәлиевтің үйінде тоқайластық. Екеуі қоғами көп мәселені тарата айтып, ой-тұжырымдарын ортаға салды. Бірін бірі тосып сөйледі. Хакім аға аракідік шапшаң сөйлей бастаса, Өзағаң: «Кәкіш, қайда асығасың, сатирик інімізді жалғыз қалдырып кетпейік», деп жымияды. Хакең күліп жіберіп, маған қарап, көзін қысып қалып: «Әдетте сатириктер аз сөйлеп, көп тыңдайды» дейді. Мен, шынында, қыстырылып сөйлеген жоқпын. Мемлекет, қоғам қайраткерлері екі ағаның кең өрісті әңгімелерін ғибраты мол дәріске балап, сүйіне тыңдадым.
Хакеңмен он шақты жыл сырлас болдым: мәдениетті, білімді, кішіпейіл, қарапайым, іскер тұлға еді. Хакеңді жақсы көрген ағасы Баукең – Бауыржан Момышұлы – әзілмен «медвежонок» деп атап жүрсе, үш жас кіші пікірлесі Әнуар Әлімжанов «шағын денелінің шымыры» десе, досы Өзағаң: «...Осы бір мейлінше таза, өзгенің «қайғысына» ортақтаса қалуға, қолынан келгенінше басқаға жәрдем беруге даяр тұратын азамат», деп бағалаған.
Өзағаң екеуіміздің соңғы әңгімелесуіміз 1988-жылы. Ол ҚКП Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшылығына тағайындалған, ал менің «Ара-Шмель» журналының Бас редакторы қызметімнен босап, басқа қызмет «бұйырмай», үйде жұмыссыз отырғаныма 1 жыл болған. Әу баста, 1983-жылы мамыр айында, Қонаев Димекеңнің аузымен: «Сатиралық журнал әлсіреді, күшейтіңіз!» деп күштеп жіберген Орталық комитет бетпақ Г. Колбиннің ыңғайымен: «Сіз Орталық комитетпен ақылдаспайсыз, номенклатурамыздағы кадрларды сынайсыз, оныңызды қойыңыз!» деп қырсоңыма түскен соң, «пәледен машайық қашқан» ғой, алысып астарына түсіп қалмай тұрғанымда кетейін деп, 1987-жылдың қазан айында «өз өтінішіммен» босағанмын. Сол хал-ахуалымды Өзекеңе тәптіштеп айтып: «Коммунисім далада қалды-ау!» деген партия жоқ, ол қалай?» дедім. Сөзімді бөлмей тыңдады. Өңі күреңіткенін аңғардым. Орнынан тұрып, қолын ұсынып: «Ғабеке, мұнда біз ақылдасайық, хабарласармыз, сау болыңыз!» деп сәл-пәл жымиды. Содан бір апта өткен шамада Опера және балет театрымыздың алдында ұшырастық. Өзекең ықыластана қолдасып тұрып: «Ғабеке, әне-мінемен хабарласа алмадым, ренжімегейсіз. Жәрдем жасармын деп... ойластырып едім, реті келмеді. «Ара-Шмеліңіз» аямай шаққандардың бір-екеуінің мықтылары бой бермеді» деді. «Өзаға, ұқтым. Сізге бір түйір де ренішім жоқ» дедім.
...Журналшы-жазушы жолымен республикамыздың түкпір-түкпірінде болып жүргенімде Өзекең хақында кілең жақсы сөз естідім. Қызметтес тұрғыластары ма, олардың ізбасарлары ма – бәрінің дерлік айтатыны: «Қазақтың мәдениетіне, өнеріне Ілияс Омаровтан кейінгі нағыз жанашыр адам - Өзбекәлі Жәнібеков!». Иә, ол ұйымдастарған, атын да қойған: «Шертер», «Адырна», «Алтынай» және басқа ансамбльдердің ізімен жер-жерде өнер ордалары шаңырақ көтерген. Ықылас атындағы Қазақ музыка аспаптары мұражайының үлгісімен этнографиялық мұражайлар ашылған. Қожа Ахмет Йассауи кешенесі күрделі жөндеуден өткізілген. Тындырған басқа да шаруалары қыруар.
Өзағаңмен көп уақыт қызметтес болғандар оның игі іске құштарлығын, ізденімпаздығын, танымпаздығын, тапқырлығын, ойына алған ізгі мақсатты орындаудағы білгір ұйымдастырушылық қасиетін, ешкімнен жасқанбайтын батылдығын ыстық ықыласпен паш етеді. Жастар мен студенттердің Мәскеуде өткен дүниежүзілік фестиваліне қатысқаны, шет елдерде болғаны, Совет Одағының бірнеше басшысымен кездескені, әйгілі өнер қайраткерлерімен әңгіме шерткені – қазақтың мәдениетін, өнерін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттау ниетінен туындаған тарау-тарау жыр, деседі замандастары.
Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 80 жыл толуы алдында республикамыздың Ұлттық кітапханасы шығарған "Өзбекәлі Жәнібеков тағылымы" атты кітап (авторы - Қазақстанның Мәдениет қайраткері, аспаптанушы-этнолог Зәбира Жәкішева) Өзағаңның аруағын ардақтау сезіміне толы дей аламын. Онда, мысалы, кітапхана директорының
орынбасары Бақытжамал Оспанованың: "Педагог, ғалым-этнограф, тарихшы Ө.Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрпының жаңарып дамуына елеулі үлес қосты. Оның бастамасымен еліміздің көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Ол Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіруде маңызды шаралар атқарды", - деген. Ұстаз ғұмырын шәкірттері ұзартқанға не жетсін!
Ұстаз атқарған маңызды шаралардың бірі тарихи Наурыз мерекемізді жаңғыртқаны еді. Алматыда шығып тұрған «Біздің Отан» атты халықаралық гәзет (қазіргі «Шалқар») 1987-жылы қазақтың көне салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайында жиі жаза бастады. Бас редакторы Уаһап Қыдырхановтың Наурыздың қазақ елінде қашаннан бастап тойланғаны туралы тарихи зерттеу мақаласы мен қызылордалық бір ақынның Наурызға арнаған өлеңі жарияланғаны есімде. Меніңше, Өзекең сол материалдармен мұқия танысқан да, Алматы қаласы совет атқару комитетінің төрағасы Заманбек Нұрқаділевпен ой бөліскен, ал Заманбек өзінің мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасары Жібек Әмірхановамен ақылдасқан тәрізді. Өйткені 1988-жыл туа Жібек Уаһапты, мәдениет пен баспасөздің басқа да бегілі бірнеше өкілін шақырып алып, Наурыздың тойланатынын қуана мәлімдеп, оны қалай өткізу дұрыс боларын кеңесіпті. Сөйтіп, сол жылы Наурыз қаланың М.Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағында үлкен мереке болып өткізілді. Уаһап жаңартып, кеңейтіп жазған сценарий той жобасының бір бөлігі болды. 1989-жылдан бастап Наурыз қазақ даласын қайтадан аралап кетті.
Наурыз мерекесін жаңғырту жөніндегі алғашқы ой-байламын Өзағаң 1988-жылы ақпан айының бас шенінде ҚКП Орталық комитетінің хатшысы болып сайланысымен, арада бір апта өте бере, Жазушылар одағы басқармасының пленумына қатысқанда-ақ ашып айтқан-ды. Балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің хал-ахуалы, мектеп шәкірттерінің тәрбиесі мен оқуы, сол ретте қазақ оқулықтарын аудармаға тели бермей, өзіміз жазуымыз қажеттігі, сондай-ақ, жалпы қазақ мәдениеті хақындағы пайымдарын ортаға салды. Халқымыздың тарихында 1930-40-жылдары болған небір құйтырқы бұрмалаушылықтарға, қателіктерге қайтадан үңілу Орталық комитеттің алдағы жұмыс жоспарларына енгізілуі мүмкін екенін ескертіп өтті. Сол әредікте залдан: «Наурыз мейрамымызды өткізуге рұхсат бола ма?» деген сұрақ естілді. Оны қойған көрнекті ғалым әдебиетші, сыншы Рахманқұл Бердібаев еді. Өзағаң абыржымады: «Өткізейік, оған не кедергі?» деді. Ду қолшапалақталды. «Жаңғырту, өткізу керектігі жайында Мұхтар Шаханов мақала да жазды ғой» деді Өзекең.
Әңгіме орайына қарай айта отырайын: «Совет өкіметі өткізілуіне тиым салды» делініп жүрген Наурыз мерекесі біздің Тоқсанбай ауылымызда (Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданындағы «Қызыл ту» колхозының орталығы) жылда тойланатын. Біз, балалар, Наурызкөжеге тойып, ән-күй тыңдап, ойын-сауық көріп, мәре-сәре болатынбыз...
Партиялық биліктің бір биігіне көтерілген Өзбекәлі Жәнібеков халықтың көне мәдениеті негізінде заманға сай күрделі жұмыс жүргізуге кірісті. Өнер саласында бұрын қолы жеткен табыстарын молайтуды көздеп, қарт әнші-күйшілерге қамқорлық жасау, оларды насихаттау, халықтың ән-күйлерін, көне әуен аспаптарын жинастыру, тарихын үстеп зерттеу бағдарламасы жасалуына мұрындық болды. Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуов және басқа дарынды тұлғаларды әрқашан қолдап отырды
Досы Хакімді: «қолынан келгенінше басқаға жәрдем беруге даяр тұратын азамат», дегеніндей, Өзағаңның өзі де сондай тұлға болды. Мысалы, бүгінгі президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қабілетін оның Теміртаудағы комсомолдық жұмыс кезеңінен бастап қадағалап, хабарласып, қызметінің сатылап өсуіне себепші болып жүргені, оған бірде, Мәскеуде, Пионерлердің бүкілодақтық шеруіне барғанында, қол ұшын бергені – бір хикаят. Өзағаң Бүкілодақтық лениншіл жастар одағы Орталық комитетінің бюро мүшесі ретінде шеру мерзімінде мавзолейдің мінберінде болуға шақырылған. Кремльден шығып келе жатқанында Нұрсұлтан кездесе қалып: «Аға, бізді Қызыл алаңға жібермей тұр» дейді. Жанында жолдасы бар екен. Сонда Өзағаң: «Өкінішке қарай, екеуіңе бірдей берерім жоқ. Қаласаң, мынамен алаңға кіре ғой» деп өзінің рұхсат куәлігін (пропускісін) беріпті. Онысын қадағалаушылар біліп қойса, өзінің шатаққа ұрынарын ойламапты да.
Бұл жәйттерді жеп-жеңіл баяндауымнан Өзағаңның өмірі самал лепті болған екен деген түйін жасамағайсыздар. Ол досы Хакең жайындағы лебізінде: «...өзгенің «қайғысына» ортақтаса қалуға...» деп жазғанында тырнақшаларды текке қоймаған-ды. «Тағдыр тағылымының» екінші кітабын парақтағандар мына бір ашық уәжді оқыған болар:
«Осыдан біраз бұрын мерзімді баспасөзде – «Қазақ әдебиетінде» (7-қаңтар 1997 ж.) жарияланған М. Есенәлиевтің «Ұлылық пен әлсіздік» деген көлемді мақаласында, «Аргументы и факты» апталығында (қаңтар, 1997, №5 (193) Сейдахмет Құттықадам ұйымдастырған «Қонаевтың жұмбақтары» атты сұхбат-репортажда менің 1970-жылы комсомолдағы басшы қызметтен кетуімнің басты себебі – Димаш Ахметұлы тағайындағысы келген азаматты БЛКЖО Орталық комитеті арқылы өз орныма «өткізе алмағаным», содан біресе Торғайға, біресе Мәдениет министрлігіне, облаткомға қуыла бергенім, тек 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін ғана (Д. Қонаев орнынан алынғаннан соң, - Ғ. Қ.) Мәдениет министрі болып тағайындалып, кейінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне хатшы болып сайланғаным жайында айтылды. Осы бір шетін мәселеге қосайын дегенім өзімнің ешқашанда Д. Қонаевтың «есебінде» болмағаным жайында еді. Басшы кадрларды таңдап алуда ол кісінің өз талаптары бар-тын және оларға үйлесе қоймайтынымды көптен сезетінмін».
Бірінші басшының аты – қашанда бірінші басшы. Төңірегіне өзі шайнап бергенді талғамай жұта беретін және өзін ертеңді-кеш аяқ-қолын жерге
тигізбей мақтап сарнайтын, жарылқаушысының жарлығын ымынан біле қоятын байғұстарды жинап алса, ол адами адалдықтан, әділдіктен аулақтайды. Сондай «көреген, дана, ұлы, кемеңгер, әулие» басқарған «ұжымның» Өзағаңа да әлденеше мәрте «қамқорлық» жасағаны бар. Бірер мысал. Мәскеуде қоғамдық ғылымдар академиясы идеологтар дайындайтын екіжылдық курс ашады да, біздің Орталық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі оған Торғай облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің барғанын жөн көріп, телефонмен хабарласып, ұсынысын айтады. Өзекең келіседі, бірақ... «су аяғы – құрдым». Арада ай өте Өзағаң облыстың бір мәселесін шешуге Мәскеуге барады. СОКП Орталық комитетінің партиялық ұйымдастыру бөліміндегі жолдастары – кеше комсомолда қанаттас болғандар: «Біз курсқа шақыртып әуре болып жүрсек, сен «бара алмаймын» депсің, ол қай кергуің?!» деп ренжіпті. Өзағаң аң-таң болып, өзінің бас тартпағанын айтады. Сөйтсе, біздің Орталық комитеттен: «Оның барғысы келмеді» деп телефон соғылыпты. Сол итаршылық «әнеу бір бюро мүшесінің құйтырқысы екенін» ол кейін білді.
Иә, «сол бір бюро мүшесі» оған бес жылдан соң тағыда «табақ тартты».
ҚКП Орталық комитетінде Сыртқы байланыстар бөлімі құрылатын болып, оның меңгерушілігіне Өзбекәлі ұсынылады. Тағыда келіседі. Бірақ... Орталық партия комитетінің идология жөніндегі хатшысы Саттар Имашев оны Д. Қонаевқа алып барғанда Қонаев оны Норвегияға төтенше және өкілетті елші етіп жібергілері келгенін (сірә, ол да Өзағаңның мәскеулік дос-жолдастарының ниеті шығар) айтып: «Осында бір бюро мүшесі сенің әйелің ауру деген соң, ұсынысымыздан бастартуға тура келді» дейді де, жаңа бөлімді тапсырады. Имашев тұқырып тұрып қалады. «Сап-сау әйелімді «ауру» дегенге басшының сене салғанына қайран қалдым» дейді Өзекең.
Өзбекәлінің Орталық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болғаны да сол «бір бюро мүшесінің» ұйқы безін қабындыра берсе керек, бірде Өзекеңді С. Имашев сағат кешкі бесте кездесуге шақыртады. «Күн жұма болатын. Екі күннен кейін Қонаев демалыстан оралатын еді. Әңгіме менің басқа қызметке ауыстырылатыным жайында болатынын түсіне қойдым», дейді Өзекең. Содан біраз бұрын бюрода жасаған баяндамасында ол маскүнемдікке салынып жүрген бір ғылым докторын Канадаға жіберілмек болған іссапарынан алып қалғанын айтып, Қонаевты қатты ренжітіп алған екен.
С. Имашев шақыртқанының себебін тура айтпай, анау да мынау сөзді көбейтіп, ақырында Мәдениет министрлігінің басшылығын нығайту керек болып тұрғанына тоқтайды. Өзбекәлі одан неге шақырғанының тоқ етерін айтуды өтініп, қай мәселеде, қандай қателік жібергенін сұрайды. Хатшы: «Біз қателестірмедік қой», деп кеңкілдеп күледі. Сонда Өзбекәлі: «Сіз неге ыржақтайсыз?! Сіздің арқаңызда күн көріп жүрген болсақ, жарыған екенбіз!» дегенде Имашев абдырап қалса да, әккілігінен жаңылмай: «Сен түсінсеңші... Министрдің орынбасарлығына сендей кесіп түсетін кісі керек» дейді.
Өзбекәлі: «Кесіп түсетін» кісі менсіз де жеткілікті шығар... Сау болыңыз, хатшы жолдас!» деп шығып жүре береді. Содан келесі күні, жұмыс болмайтын сенбіде, таңертеңгі сағат 8-де Өзбекәлі Орталық комитеттің екінші хатшысы Коркинге шақыртылыпты. Барады. Имашев та сонда екен. Коркин жайдары сәлемдесіп, күлімсіреп сөйлесіп отырып, Сыртқы байланыс бөлімінің меңгерушісі шетел тілін білуі керек, соны ескеріп, оны Мәдениет министрінің орынбасарлығына тағайындауды жөн көретінін айтып, ол ұсынысқа қалай қарайтынын сұрапты. Өзекең әдетінше «кесіп түсіп»: «Мені бөлім меңгерушілігіне тағайындарда шетел тілін білмейтінім неге ескерілмеді?.. Ертең біреу «Мәдениет министрінің орынбасары нота білмейді» десе, қайтесіздер?» деген. Коркин не дерін білмей абыржып: «Кешіріңіз... біздің қолымызда тұрған не бар... бұл Димаш Ахметұлының шешімі еді» депті. Өзағаң әлгі «бір бюро мүшесінің» тағы да көлденеңдегеніне шүбәланбаған (мен сол «бір бюро мүшесінің» кім екенін Хакеңнен, Есенәлиевтен сұрап білдім).
Өзбекәлі өзін «күштінің қақпақылдай» бергеніне әрбір жолы қайран қалып жүрсе де, ешқашан қапаланбады, жасымады. Еңсесін тік ұстап, қызметін қылаусыз атқара білді. Оған көпшіліктің құрметінен артық сый-сияпат, ат-атақ керек болған жоқ.
Досының қызметі «жаңартылған» сайын Хакім аға: «Құттықтаймын және «қайғыңа» ортақпын!» деп қалжыңдайды екен. Өзекеңнің Хакеңді: «...өзгенің «қайғысына» ортақтаса қалатын» деп сипаттауы сол достық әзілін қымбат тұтқаны болар.
Партияның Орталық комитетінде Мәдениет бөлімін 13 жыл басқарған Кәкіші туралы Өзағаң: «Екі оттың ортасында әлі жанбай тұр» дегенде Хакең: «Рас айтасың. Төс пен балғаның ортасында жіпсіп-балқып жатырмын, - рахат!», деп, екі достың құшақтаса күлгенін көргенмін. «Екі от» және «төс пен балға» Қонаев пен Имашев еді.
Д. Қонаевтың орнын Г. Колбин басты. Кейбір әсіребілгіш басшыларда жаңа қызмет орнына барысымен «бұрынғыға жақпағанды» жантарта қоятын тәсіл болады ғой, Колбинде де сондай «қыр» бар ма еді, әлде: «Сіз туралы жақсы пікір көп» деп шынын айтты ма, Өзбекәліні 1987-жылдың қыркүйек айында Мәдениет министрі етіп, 1988-жылы ақпанда Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы етіп тағайындады. Өзекең ол екі қызметінде де халқы алдындағы парызын адал атқарып, өткендегі «әттеңдерді» мүмкін болғанынша «бәрекелдіге» айналдырып бақты. Театр, баспасөз, әдебиет, тіл, 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасы, Алаш арыстарын ақтау және басқа аса мәнді мәселелерді мұқият қарауға, тиянақты шешім жасалуына беделін салып, күш-жігерін еселеп мол жұмсады. Қазақтың тарихын бұрмалаған, мансұқтаған, әдет-ғұрпын алымсынбаған, тілін кемсіткен сыртқы «ғұламаларға», оларға табынған ішкі «білгіштерге» дер кезінде, нақты дерекпен «әліңді біл!» деу қажеттігіне ден қойды.
Ол, әлбетте, күпілдек Колбиннің жаршысы болған жоқ. Дұрыс пікірін құптады, бұрысына қарсы тұрды. Ақырында аралары ашылды, ал оның соңғы себебі былай: 3-хатшы Ө. Жәнібеков 1-хатшы Г. Колбинге Сыртқы істер министрлігіміздің ұжымымен кездесуді ұсынады. Ол күні келіскен Колбин ертеңінде Өзбекәліге телефон соғып: сен министрмен доссың, оның бізге көзқарасы қандай екенін біле тұра, барайық деп, мені оған бас идірмексің, дегендей сөзді боратады. Сірә, Өзекеңнің Министр Есенәлиевпен дос екенін оның да «бір бюро мүшесі» мәлімдеп үлгірсе керек. Өзбекәлі телефонын жабады да, Колбинге барып «қолма-қол есеп айырысады». Бірінші басшының бетіне шіркеу болатындай оғаш қылық жасамағанын, қайта оған ағат сөйлегенде арашашы болып жүргенін, мысалы, жақында ғана «Литературная газетаның» тішісімен сұхбатында «қазақтар өз тілінде сөйлегісі келмейді» деп қателескенде жұртшылыққа ол қате тілшіден болыпты деп жуып-шайғанын айтып: «Сізді қорғаштаудан басқа жұмысым да жеткілікті» дейді. Колбин: «Иә, иә, сіз келгеннен беріде менің үстімнен арыз жазу азайды», деп қалады. Ал Өзекең: «Олай болса, жоқты тергіштемеңіз. Есенәлиевке бармай-ақ қойыңыз, аспан құлай қоймас!» дейді. Колбин үндемейді. «Мен шығып жүре бердім. Содан бастап арақатынасымыз ашық-анық болған жоқ» деген-ді Өзекең.
...Қазақстан тәуелсіздік алып, жаңа заманы басталды. Билік жүйесі мүлде өзгерді. Өзағаң зейнетке шықты. Өткен өмір кезеңдерін шолып, кейінгі толқын – жас ұрпақтарға өзінің елу жылғы тірлік ақиқаты жүктелген «Тағдыр тағылымы» жинағының екінші кітабын ұсынуға кірісті. Оқырман қауым Өзағаңның бұрынғы: «Қазақтың қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отрар» кітаптарын құмарта оқып, ризашылық пікірлерін анық құрметпен айтқан болатын. Қостомдық жинағы да құнды еңбек деп бағаланды.
Жазмыш дейміз. Оның шешімі шұғыл. Оңтүстік Қазақстанның Отрар ауданындағы Сарықамыс ауылында 1931-жылы тамыз айының 28-і күні фәниге келген Бекзат Өзекеңді 1998-жылы ақпан айының 22-сі күні, 67 жасында, бақиға бағыттады...
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
Материалды көшіріп басу үшін міндетті түрде qazaquni.kz порталына гиперсілтеме беруіңіз қажет.