КӨРІПКЕЛ ӘЙЕЛ АРЫСТА ШЫҢҒЫСХАННЫҢ ҚАБІРІН ҚАЗЫП ЖАТЫР
2016 ж. 19 тамыз
3364
0
Арыс қаласына жақын жерде Абыз ана деп аталып кеткен көріпкел әйел Шыңғысханның қабірін қазып жатыр. Ол Шыңғысханның осы жерде жатқанына сенімді. Мұндай болжамды оған тарихшылар немесе ғалымдар емес, арғы дүниеде жүрген Шыңғысханның өзі аян беріп айтыпты. Бұл туралы «Өзге пікір» газеті хабарлады.
«Абыз ана» деп аталып кеткен Гүлжанар Қалыбайқызы Алтынбек Оңтүстіктің, дәлірегі Ордабасы ауданының тумасы екен. Жұбайы, Сман Бөгенбайұлы Өтеген де ордабасылық. Екеуі соңғы он жылда Алматы қаласында саудамен айналысқан.
- Біз 2000 жылы үйлендік. Оның алдында Абыз ана жиі-жиі қысылып, ауырып жүрген екен. Содан бес жылдай тәуіпшілікке бет бұрып, азын-аулақ адам қарады. 2005 жылы Алматыға кетіп қалдық. Сол жақта он жыл тұрдық. Онда да анда-санда адам қараумен айналысты. Олай етпесе өзі қысылып қала беретін. 2014 жылдан бастап ауруы үдей түсті. Өзінің айтуынша, аруақты бабалары мазалайды екен. Солардың аян беруімен түп бабаларынан қалған құран кітапты таптыртып, құрбандыққа бір мал шалдық. Сосын барып, бабаларының аян беруімен Шыңғыс ханмен кездестірген. Шыңғыс баба аян арқылы Абыз анаға өз өмірбаянын айтады екен, оны маған жеткізеді, мен қағазға түсіріп жүрдім. Онда Шыңғыс ханның қай жерде туылғаны, қай жерде, қанша жаста қайтыс болғаны, кім болғаны түгел баяндалады. Ол бір кітапқа жүк болды, - депті тілшімен тілдескен Абыз ананың жұбайы Сман Өтеген.
- 2014 жылдың қараша айында Шыңғыс баба «жолға дайындалыңдар, Арысқа қарай барасыңдар» депті. Екеуміз Арысқа қарай шықтық. Шыңғыс бабаның жол көрсетуімен Арысқа кіре беріс көпірден оңға бұрылып, сондағы ашық жердегі жалғыз ағаштың түбіне барып, белгі қойып, Алматыға кері қайттық. 2015 жылдың ақпан айында қайтадан Арысқа жолға шығып, екінші рет белгі қойып кеттік. Сол жылдың сәуір айында Шыңғыс ханның қабірі жатқан жерді қазуға кірістік. Алғашында көлденеңінен және тігінен 2 метрден, төменге қарай тағы 2 метр қазсақ болған шығар деп ойлағанмын. Бірақ, олай болмады. Көлемі 4-те 8 метр етіп белгі салдық та, қазуды бастадық. Жаныма 4-5 жігітті ертіп, бір аптада 3,5 метрлік шұңқыр қаздық. Абыз ана біраз қазған соң жыланның қатты ысқырығы естіліп, «Х16» деген жазу көрінеді деген еді. Айтқаны айнымай келді. Жыланның ысқырығы естілгеннен кейін біразға дейін қазу жұмыстарын тоқтатуға тура келді. Енді бізге Сарытөбе деген төбешікті табу керек болды. Таптық. Сөйтсек, жан-жағы дөңгелектеніп шұңқырланған төбешікте Шыңғыс ханды хан сайлаған ұстаздарының бірі – Майқы би жатыр екен. Осыны тапқаннан кейін қазуды әрі қарай жалғастырдық, - дейді Сман Өтеген.
Оның айтуынша, қабіріне жақындаған кезде Ясин сүресін оқу керек деген аян беріліпті. Оны оқитын адамды әрең тауыпты. Укаша атаның құдығына түскен Батырбек деген ақсақал өзінің ұлы екеуі үш күн бойы екі сағаттан Ясин сүресін оқыпты.
- Қабірге жақындаған кезде құм басталады деп айтылған екен. Міне, қазір сол құмға келіп тіреліп тұрмыз. Бабаның қабірі екі бөлмеден тұрады. Шыңғыс хан соның бірінде жатыр. Мен бұған сенімдімін. Жауынгерлік сауыттары қасында, кітаптары да сақтаулы. Алайда, қазір қазу жұмыстары тоқтап тұр. Өйткені, әкімдік пен Орман шаруашылығы рұқсат бермей отыр. Әйтпегенде өткен жылдың желтоқсан айында-ақ баба қабірін шығарып қоятын едік, - дейді Абыз ана бізбен әңгімесінде.
Абыз ананың айтуынша, Шыңғыс ханның қабірін шығарғаннан кейін қайта жерлеу керек екен. Жақын маңдағы ауылдар көшіріліп, ол жерге 12 қабатты екі зәулім қонақ үй, музей және асхана соғылады-мыс. Ал, күмбезді кесенені арабтар тұрғызады екен.
Әрине, мұның барлығы біз үшін ертегі секілді елестейтіні рас. Шынайы өмірге жат дүние. Оның үстіне, исламға да кереғар. «Өзге пікір» газеті осыған байланысты археологтармен және имамдармен тілдесіп көрген екен. Археологтар мемлекеттің рұқсатынсыз қазба жұмыстарын жүргізудің заңға қайшы екенін, ал Шыңғысханның қабірі Арыста деген болжамның ақылға сыймайтынын айтыпты. Ал имамдар көрпіпкелдіктің исламға қайшы екенін алға тартыпты.
Айтқандай, дін қызметкерлері Шыңғысханның мұсылман болмағанын, керісінше оның ислам өркениетін жойып жіберу қаупін тудырғанын атап өтіпті.