Левит-Тищенко жекпе-жегінің нәтижесін қайта қарау туралы петицияға 11,5 мың адам қол қойды
2016 ж. 17 тамыз
3173
3
Олимпиадада бокстағы төрелікті әділ өткізу, Левит-Тищенко жекпе-жегінің нәтижесін қайта қарау туралы петицияға 11 500 адам қосылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кету керек, петицияға әрбір екі секунд сайын азаматтар қол қоюда. Олардың басым бөлігі қазақстандықтар. Аталмыш петицияны Инвестициялар және даму министрінің бұрынғы орынбасары Рахым Ошақбаев құрған болатын және ол Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығына (AIBA) жолданбақ.
Петиция заңды күшке ие емес екендігін мәлім еткен жөн.
«Төрешілердің әділетсіз шешіміне қатысты жиналып жатқан бұл петицияны қызу қолдаймын, Левит ресейлік қарсыласынан бір саты жоғары болды. Бірақ бұл осы мәселеге көңіл аудартудың жолы ғана және ол шешімге заңды негіз бола алмайды. Спорттық шешімдерді қайта қараудың өз тәртібі бары анық, бірақ мұндай жолмен емес. Халықаралық қоғамдық ұйым атына жолданған петиция қоғамдық пікірді жеткізудің бір амалы ғана», - деп бөлісті өз ойымен танымал қазақстандық заңгер Ескендір Әлімбаев.
Айта кетейік, 2016 жылдың 16 тамызында Рио-де-Жанейроның Rioсentro кешенінде бокстан 91 келіге дейінгі салмақта шығатын қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасында жекпе-жек өтті. Кездесу нәтижесі бойынша, Ирландия, Колумбия және Алжир төрешілері жеңісті Евгений Тищенкоға берді.
Василий Левит жекпе-жек барысында үш раунд бойы белсенді шабуылдады, көп соққылар жұмсады. Ресейлік боксшы Тищенко негізінен қорғанып жүріп, көп соққыларды өткізумен болды.
«Біз жекпе-жектің нәтижесі әділетсіз бағаланды деп есептейміз. Әлемдік баспасөз және кәсіби сарапшылар кездесудің төрелігіне күмән келтіруде», - деп жазады петиция ұйымдастырушылары.
Бұның алдында хабарланғанындай, Қазақстанның бокс федерациясы төрешілердің шешіміне қарсылық танытпайтын болып шешті. Себебі Қазақстан федерациясы АИБА мүшесі ретінде оның ішкі тәртіптеріне бағынуға міндетті.