Рио-2016: 17 тамыздағы Қазақстан спортшыларының шығу кестесі
2016 ж. 17 тамыз
2050
0
17 тамызда қазақстандықтар Рио Олимпидасында байдаркашыларымыздың жарысына куә болады деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кешкі сессияда, шамамен 18:08 сағатта байдаркада және каноэде есу спортының кезегі келеді. Екі адамдық байдаркада 1000 метрлік сында отандастарымыз А. Дергунов пен А. Алексеев екінші айналымда бақтарын сынап көрмек. Іріктеу турынан өтіп жатса, біздің ескекшілер ары қарай финалдық бәскелерге де жолдама алатын болады.
Олардың ізін ала 18:30 сағатта каноэде есуде Тимур Хайдаров 200 метрлік жарысқа қатысады. Әзірге бұл іріктеу кезеңі.
Көп ұзамай, сағат 18.44-те екі кісілік байдаркада 200 метрлік сында біздің құраманың мүшелері С. Токарницкий мен А. Ергучёв спринт жарысына шығады. Бұл әзірге іріктеу кезеңі болғандықтан, жүлде ойнатылмайды.
18:58-де әйелдер арасындағы бір адамдық байдарка мен каноэде ескек есу спринтінде Зоя Ананченко 500 метрлік мәрені бағындыратын болады деп хабарлайды Baq.kz.
19:16-да 48 және 69 келіге дейінгі салмақ бойынша әйелдер арасындағы еркін күрес спортының іріктеу кезеңі эфирге шығады. Жұлдыз Әшімова мен Эльмира Сыздықова боз кілемге шығатын сайыстың финалы түнгі сағат 00:55-те өтеді. Тікелей эфир ("Хабар").
19:55-те әйелдер арасында 800 метрге жүгіру бойынша сайыста жерлесіміз Маргарита Мукашева бағын сынайтын болады. Тікелей эфир (KazSport).
23:45-те бокстан әйелдер арасында 75 келіге дейін ширек финалда Дариға Шәкімова ел намысын қорғайды. Тікелей эфир. ("Қазақстан").
Түнгі сағат 01:30-да ел үмітін арқалаған даңқты ұлымыз Данияр Елеусінов шаршы алаңға шығады. 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда өзбек боксшысымен жұдырықтасатын жерлесіміз ел қоржынын алтынмен аптайды деген сенім бар. Тікелей эфир ("Қазақстан").