Қытайдағы қазақ қаламгері "Ақ жолға" Ақ жол тіледі
2016 ж. 15 тамыз
3337
1
Алтайдың ар жағынан келген айтулы қаламгер «Ақ жолға» ат басын тіреді. 15-тамызда Алматыда Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағынан арнайы келген белгілі қаламгер Көбен Асқарұлы «Ақ жол» партиясына сәлем бере келді.
Көбен Асқарұлы 1938 жылы қарашада ҚХР Алтай қаласы Қыран өзені бойында дүниеге келген. 100 жылдығын Қытай да, Қазақстан да қатар атап өткен әйгілі қаламгер-қайраткер, Шығыс Түркістандағы Алаш қайраткерлерімен тізе қосып еңбек еткен Асқар Татанайұлының ұлы, ақын-жазушы, зерттеуші, журналист, ҚХР Жазушылар одағы мүшесі, көптеген халықаралық мүшәйралардың жүлдегері, «Ақ жол» партиясының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық мүшәйрасының жүлдегері.
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса Қытайдан атамекенге келген қаламгердің кеудесіне «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығы атынан «Қазақ хандығына – 550 жыл» медалін тақты.
Сонымен қатар «Қазақ хандығына 550 жыл» медалімен Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Қызылқұм ауылынан келген ел ағасы, ауылшаруашылығы ардагері Жұмабай Исым да марапатталды.
Қазыбек Иса еліміздің атқарып жүрген игі істеріне, партияның Көші-қон мәселесіне байланысты атқарып жүрген шараларына, жалпы рухани-мәдени салаға қосып жатқан үлестеріне тоқталды.
Өз кезегінде Көбен Асқарұлы өзі үшін орны ерекше жоғары марапат үшін «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевқа алғысын білдірді. «Ақ жол» партиясының қазақтың рухани-мәдени саласындағы ірі шараларын атап өтіп, партияға Ақ жол тіледі. Қытайдағы қазақтар да елімізге елеңдеп, «Ақ жолдың» игі істерін қолдап отыратындығын жеткізді.
Ал Жұмабай Исым «Ақ жол» партиясының парламенттегі қажыр-қайраты мен ауылшаруашылығына тигізіп жатқан үлестері үшін, атап айтқанда, субсидия мәселесіндегі түйткілдерді шешіп, дихандардың ықыласына бөленгені үшін шардаралық сайлаушылар атынан алғыс айтты.
Шараға «Ақ жол» партиясы ОК хатшысы Арман Сқабылұлы, партияның Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Ақжолов және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен партия белсенділері қатысты.
Қазыбек Иса, ақын,
«Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары:
– Бүгін елдік биік мұраттар жолында аянбай тер төгіп жүрген екі бірдей ардақты ағамызды «Қазақ хандығына – 550 жыл» медалімен марапаттау қуанышына куә болып тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, зайырлы, өркениетті елдерде қоғамдық марапаттар мемлекет ұсынатын орден-медальдардан өте бағалы, құнды болып есептеледі. Қазақстан тарихшылары қауымдастығы мен «Ақ жол» партиясының «Қазақ хандығына – 550 жыл» медалі де маңызы зор сыяпаттардың бірі. Қазір осы құрметке бөленіп тұрған Көбен Асқарұлы ағамыз – белгілі шайыр, бірнеше кітаптың авторы, кезінде «Шығыс Түркістан елінде шығатын «Шұғыла» журналын басқарған азаматтардың бірі. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мүшәйрада бұ кісі Ер-Жәнібек атындағы жүлдені иеленді. Сол жыр додасына алты жүздей шығарманың түскенін ескерсек, алдыңғы лектен көрінген Көбен ағамыздың қалам қарымы анық байқалатын болар. Сонымен қатар, Көбен Асқарұлы асқан отансүйгіштігімен, қажырлы қайраткерлігімен де сыйлы қаламгер. Тәуелсіз жас мемлекетіміздің ертеңіне қатты алаңдайтын, ұрпақ келешегіне, ел бірлігіне жаны ашитын тірі-шежіре қартымыз.
Сол секілді, бүгін «Ақ жол» партиясының жоғары марапатына ие болған Жұмабай Исым ағамызды да, көбінесе, Алаш идеяларын ұстанатын «Ақ жол» партиясының ел ішіндегі сенімді өкілі деуімізге негізіміз мол. Біздің оңтүстік аймағындағы шараларымыз осы кісінің қатысуынсыз өтпейді. Жұмекең іс тетігін жақсы білетін маман ретінде де ұйыммен қоян-қолтық араласып, нақты бастамаларға ұйытқы болып отырады. Алдымызда бетке ұстар осындай үлкендеріміз барда халықтық бағыттағы игілікті ісіміздің ұзағынан сүйіндірері даусыз.
Көбен Асқарұлы, ақын, ҚХР Жазушылар одағы мүшесі:
– Қазақ елі Тәуелсіздік алған сәтте қатты қуанған екі адамды көрдім. Сол екеудің бірі менің әкем еді. Сексен сегіз жаста болатын. Ғұмыр бойы Алаш қайраткерлерімен қанаттас жүрген ол алыстағы атажұрты Совет бодандығынан дербес шыққанын естігенде есі шығып: «Мен бақытты екем. Қазағымның азат мемлекет болғанын барып көрмесем де, көңілім марқайып кететін болдым!» деп көзіне жас алды. Әкем Тәуелсіз елін көре алмағанымен, артындағы ұрпағы көрді. Менің Ерлан деген ұлым мектеп бітірген бойда: «Әке, мен Қазақ еліне аттанамын. Тарихи Отанға түбегейлі ірге көтеремін!» деп тілек білдірді. Мен: «Әй, балам, ниетің дұрыс қой. Бірақ о жақтың салты бөлек, талаптары жоғары, ертең сыннан өте алмай түрлі әңгіме шығып жүрмей ме?!» деп тежеу салғаныма қарамады. «Жоқ! Қалайда аттанамын. Мақсатыма жетемін» деп кетіп еді, міне енді, содан бері де талай жылдар өтіпті. Өзі таңдаған жоғары оқу орнын тәмәмдады. Үйленді. Қазір туған елінің өркендеуі жолында адал қызмет атқарып жүр. Құрақтай жайнап өсіп келе жатқан немерелерім, аяулы келінім бар. Осындағы отау үйімізге жыл аралатып келіп-кетіп, араласып тұрамыз. Өрісіміз кең. Көңіліміз тоқ. Марқұм әкемнің арманы орындалды деп санаймын. Міне, енді Қазақ еліндегі іргелі партиялардың бірі «Ақ жол» ұйымының жоғары марапатына ие болып тұрмын. Бұдан артық қандай құрмет болуы мүмкін. Төбем көкке екі елі ғана жетпей тұрғаны рас.
Жұмабай Исым, ауылшаруашылығы ардагері:
– Біз еліміздегі биік мемлекеттік мүдде бағытында лайықты қызмет атқарып жүрген партиялардың бәріне ризамыз. Дегенмен, өзімнің әуелден «Ақ жол» ұйымына бүйрегім көбірек бұрыңқырағаны рас. Мүмкін, бұл, партияның Ұлттық бағыттарға, Ел, Жер, Тіл мен діл мәселесіне келгендегі ойларды нақты, әрі батыр түрде айтып, халық көңілінен шығатындығына да байланысты болар. Иә, «Ақ жол» өз пікірін қашан да ашық білдіреді. Сонысы үшін де жанымызға жақын, әрбір ісі көкейге қонымды. Айталық, партия, қазір өте шетін тұрған Жер мәселесіне қатысты көзқарасын бірден білдірді; жеріне жеткізе айтты, жазды. Соның нәтижесінде мораторий жарияланды. Енді міне, оны бес жылға созу туралы мәселе қойылды. Бұған да, дау жоқ, «Ақ жол» партиясының бастамасы ықпал еткені анық. Мен жанымызға жақын ұйымға біздің азды-көпті еңбегімізді бағалап, лайықты құрмет көрсетіп жатқаны үшін алғыс айтамын. Істеріңіз өрлей берсін!
Арман Сқабылұлы, «Ақ жол» партиясы ОК хатшысы:
– Алғаш «Қазақ хандығына – 550 жыл» медалі ең алдымен кімдерге тапсырылуы керек деп сөз қозғалған сәтте: «Бұл жоғары марапатты бірінші кезекте біздің шеттен келетін қандастарымыз иеленуі керек!» деп ұсыныс жасағанымыз есімде. Партия басшылығының көзқарасы да осыған сәйкес еді. Мәселен, Қазақ хандығы құрылған сәтте біздің қазіргі Батыс Түркістан мен Шығыс Түркістан арасында ешбір шекара болған жоқ. Қазақ елі де қазіргідей тарыдай шашыраған жоқ еді. Біртұтас отырған халық болатын. Мемлекеттігіміздің мерейтойын атап өту идеясы да тағдыр тәлкегімен сол пышырап кеткен жұрттың басын қосу, елді бір тудың астына біріктіру ойымен ұштасқаны анық. Сыртта жүрсе де осы мүдде жолында жан аямай еңбектеніп жүрген ағайындарымыз баршылық. Демек, бүгінгі марапат өз иесін тапты деп есептеймін.
Бүгін осынау марапатты иеленген екі ағамыз да қандай да құрметкен лайық. Бай өмірбаяндарыңыз, елдік мұраттар бағытында атқарып жатқан қыруар шаруаларыңыз бар. Медаль құтты болсын! Өздеріңізді әлі де болса игі шаралардың ортасынан табылады деп сенеміз.
Өз тілшімізден qazaquni.kz |