Данияр Елеусінов Олимпиаданың жартылай финалына өтті (ФОТО)
2016 ж. 14 тамыз
2227
0
Бокстан 69 келіде ел намысын қорғап жатқан Данияр Елеусінов Олимпиаданың жартылай финалына өтті деп хабарлайды NUR.KZ.
Ширек финалдағы тартысты жекпе-жекте Елеусінов венесуэлалық Габриэель Маэстродан айласын асырдып, 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Рио Олимпиадасының жартылай финалында Қазақстан құрамасының капитаны франциялық Сүлеймен Сиссокомен жұдырықтасып, финал жолдамасын сарапқа салады.
"Бүгін мен үшін маңызды кездесу өтті. Бірақ мен барымды салып, Олимпиаданың жартылай финалына жолдама алдым. Әрине, Риодан медальсіз қайтпайтыным мені біраз жеңілдетіп тастады. Алайда, арқаны кеңге салуға болмайды, өйткені, мен тек алтын үшін келдім. Бүгін әйелімнің туған күні еді. Жеңісімді әйеліме, анама және барша отандастарыма арнаймын", - деді Данияр.
Еске сала кетейік, Лондон Олимпиадасында 64 келіде жұдырықтасқан Данияр екінші айналымда италиялық боксшыдан жеңіліп, елге оралған болатын.
69 келі - қазақ боксшылары үшін құтты салмақ саналады. Осы салмақта Олимпиада ойындарында Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев және Серік Сәпиевтер чемпион атанған.
Ал Қазақстан боксшылары арасынан Риода алғаш болып Василий Левит финалға шықты.