АСТАНАНЫҢ ІРГЕСІНДЕ 27 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ГЕРМАНИЯ АЗАМАТЫНА ТИЕСІЛІ ЕКЕН
2016 ж. 04 тамыз
3250
0
Жақында қоғамдық-саяси «Время» басылымы Германия азаматының Астананың дәл іргесінде 27 мың гектар жерді иемденіп отырғанын жазды.
Қазақ қоғамы өз жерін шеттен келген шүрегейлерге бермеуді Үкіметтен талап етіп, наразылыққа шыққаны белгілі. Сәуірде басталған толқулардың соңы Мемлекет басшысының мараторий жариялауымен аяқталған-ды.
Десе де елімізде алып жер иеленушілері (латифундистер) мен олардың шетелдік қожайындары туралы деректер жасырын сақталатынын ҚР вице-премьері, ҚР Ауылшаруашылық министрі, Жер реформасы туралы комиссияның төрағасы Асқар Исабекұлы айтқан еді.
«Время» басылымының жазуынша, 27 мың гектар аумақты қамтитын жер 2009 жылы Германия азаматына шаруаға берілген екен. Елорданың бас символы «Бәйтерек» кешенінен 200 киллометр жерде ғана орналасқан әлгі жердің қожайыны Германия азаматы Роберт Шумахер болып шықты.
2016 жыл қазақстандықтар үшін алағай да бұлағай кезең болғаны әмбеге аян. Еліміздің барлық аудан, облыстарында халық Үкіметтің жерді шетелдіктерге сату мен ұзақ мерзімге жалға беру туралы бастамасына наразылық көрсетіп, митингтерге шықты.
Жер кодексіне енгізілген жаңа өзгеріс бойынша Қазақстанда тіркелген компанияларға тиесілі жер телімдерін жеке немесе заңды тұлғалар жекешелендіріп алуға (приватизациялауға) рұқсат етілген. Ал еліміздегі кез келген компания, фирма немесе шаруа қожалықтарын шетел азаматтары бар дүние-мүлкімен қосып сатып ала алатын. Бұған ҚР заңнамаларында рұқсат берілген. Демек, кез келген шетелдік елімізге келіп, ірі немесе ұсақ компанияларға әм оған тиесілі жер телімдеріне емін-еркін иелік ете алатын. Қазақстандықтардың наразылығын туғызған да осы фактор еді.
Жоғарыдағы Астананың аумағында 27 мың гектар жерге қожалық етіп отырған Германия азаматы Роберт Шумахер де дәл осындай жолмен қазақ жерінің қожайыны атаныпты.
Сонымен неміс латифундисті Роберт Шумахерге Ақмола облысы, Қорғалжың ауданы аумағына кіретін «Ақ құлын» ЖШС тиесілі екен. Әуелде сер Шумахер компания серіктесі болған. Сөйтіп жүріп Роберт Шумахер Ауылшаруашылығына тиесілі жерлерді алғашында 10 жылға, кейін 49 жылға дейін жалға алған. Артынша Аменгелді ауылдық округіндегі жерлерді жекелешеп алған көрінеді.
Сондай-ақ, еліміздегі «ҚазГерСтрой» құрылыс холдингінің былық-шылығына дәл осы Роберт Шумахердің қатысы бар болып шықты. Сонымен қатар, сер Шумахер экс-премьер-министр Серік Ахметов ісінің фигуранттарының бірі болған.
Парадокс. Халық, қарапайым қазақстандықтар Үкіметтің жерді шетелдіктерге сату туралы бастамасына наразылық көрсетіп, митингтерге шықты. Мемлекет басшысының өзі халықтық толқулардан соң Жер реформасына мараторий жариялады. Үкімет оперативті түрде комиссия құрды. Елі ішінде дүмпулер орын алып жатқанда өзге мемлекеттің азаматы Елорданың дәл іргесінде алып жерге қожалық етіп отыр екен.
Жер комиссиясының отырысында қарт коммунист, депутат Владислав Косарев 1 гектар жер үшін төленетін салықтың 70 теңге екенін айтқан еді. Демек, Роберт Шумахер жыл сайын мемлекет қаржысына салық ретінде – 27 мың теңге ғана төліп отырғаны ма?
Комиссия төрағасы, Вице-мремьер-министр Асқар Мырзахметов елімізде өңдеуге жарамды 7,3 миллион гектар жер игерілмей жатқанын, соның ішінде 1,6 миллион гектар жер егістік алқаптары екенін айтқан.
Сондай-ақ, Жер реформасы туралы комиссияның отырысында ауылшаруашылық мақсатына тиесілі 21 миллион 120 мың гектар жерге кімдердің қожалық етіп отырғаны сұралған болатын. Соның негізінде Премьер-Министр мен Бас прокурорға сауал жолдап:
1. Алматы қаласында орналасқан «Протон-Инвест» және «Арман-N» ЖШС-лері Петропавл қаласында «Golden Grain» агроөндірістік корпорациясы» ЖШС-ін құрып, Солтүстік Қазақстан облысында 144 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жерге;
2. «Жулдыз-N» ЖШС дәл осылай «Golden Grain Group» ЖАҚ ЖШС-ін құрып (бұл екі ЖШС-нің де заңды мекен-жайы бірдей – Петропавл қаласы, Театральная көшесі, 47 екеніне назар аудару қажет), Солтүстік Қазақстан облысында 135 мың гектар жерге;
3. «Petroleum Комплект» (Алматы) және «Акмола-Би М» (Астана) ЖШС-лері «Новомарковка-Агро» ЖШС-ін құрып, олардың қызметі коммерциялық-делдалдық болса да Ақмола облысының Ерейментау ауданында 50 мың гектар жерге;
4. И.А.Сауэр Астана қаласында «Агроцентр-Астана» ЖШС-ін құрған., Ақмола облысының Шортанды ауданында 45,2 мың, сондай-ақ «Ялтинский-2» ЖШС, Солтүстік Қазақстан облысының Целинный ауданында 30,3 мың гектар жерге;
5. Т.Е.Жолдыбаев «Таушық» ауыл шаруашылығы» ЖШС-ін құрып, Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында 463,4 мың гектар жерге;
6. Астана қаласында тұратын Е.К.Искаков «Агрофирма Аймақ» ЖШС-ін құрып, Ақмола облысының Егіндікөл ауданында 57,5 мыңға;
7. Қостанайлық А.В.Емельянов «Гранд» ЖШС-ін құрып, оның қызметі тек коммерциялық деп көрсетілсе де Қостанай облысының Феодоров ауданында 35 мың гектар жерге;
8. Алматы қаласынан С.А.Ахметов азамат Г.Т.Фастпен бірігіп «Золотой колос» ЖШС-ін құрып, Ақмола облысының Щучье ауданында 210 мың гектар жерге иелік етіп отырған;
9. Алматы қаласынан С.А.Терещенко Г.Д.Кулагинамен (Ақмола облысы әкімінің жұбайы) бірігіп «Целина-Агро» және "Целина-Агро-2» деген екі ЖШС құрып, Ақмола облысының Егіндікөл және Еңбекшілдер ауданында жалпы көлемі 50,4 мың жерді пайдаланып отырғандарын жария еткен.
Ал Астананың іргесінде жер иемденіп алған Роберт Шумахер 27 мың гектар жердің аумағын үлкен транштармен қоршап тастаған. «Құдды мемлекет территориясының ішінен шекара сызып алғандай» деп жазады Роберттің қожалығына барып қайтқан «Время» тілшісі. Бұл дегеніңіз шекараны дилимитациялау емес пе? Әдетте шетелдік инвестор дегенді Үкімет бізге өзгеше тәпсірлеп, жоғары жабдықталған технологиялар, қыруар қаражат көзі деп түсіндіреді. Шын мәнінде солай ма? Әлде?..
Енді Мырзахметов мырза, жауап беріңіз! 27 мың гектар жер неге ЖШС деп тіркелген? Шетел азаматы бұндай алып жерге қалай қожалық етуде? Жер қандай жолмен жекешеленіп кеткен? Бұл туралы Үкімет неге үнсіз? Ауыл тұрғындарының құқығын кім қорғайды?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz