Шенеуніктердің миллионер ұл-қыздары елге бір тиын да салық төлемеген
2016 ж. 04 тамыз
3787
1
Дәулетті депутат – қалыпты жайт. Халық қалаулысы атану үшін де жағдай мен қаражат қажет. Көбісі кәсіпкер, миллионер бизнесмен, бұрынғы шенеунік, жалпы алғанда қоғамда біршама танымал тұлғалар.
Бұл туралы Корреспондент басылымы жазады.
Негізі, көп депутат елдің қамын жегендіктен емес, өз бизнесін қорғап, министрлерге доқ көрсетіп, сол арқылы өз компаниясына тендерден молырақ үлес алу үшін парламентке барады деседі жұртшылық. Кім білсін. Бірақ бай-бақуат екені жалған емес. Өз атында ештеңе тіркелмесе де, жұбайы, балалары мен туыстарының атына жазылған бизнес-нысандар мен дүние-мүлікте қисап жоқ.
Мәжілістің ең белсенді депутаты, ұсыныс айтқыш, сауал жолдағыштардың бірі Мұхтар Тінікеев көп министрді сынап, әсіресе әріптесі Гүлжан Қарағұсованы қорғаштап сөйлегені арқылы жақсы танылды. Қорғаштауы тегін емес сыңайлы. Тінікеев те, Қарағұсова да кедей емес.
Тінікеев 2002 жылдан бері халық қалаулысы. Бес рет сайланған. Өзінің дүние-мүлкі жайлы айта бермегенімен, балалары бизнесте жүр. Қызы Әмина Мұхтарқызы «Gold Media ADS» ЖШС-ін басқарады. Алайда, 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл мекеме мемлекетке бір тиын да салық төлемеген. Ал бір інісі Бауыржан Тінікеев «Транстелеком» АҚ Қарағанды филиалына жетекшілік етіп отыр. Алайда, филиал да мемлекетке салық төлемейді.
Қарағұсованың дүние-мүлкі интернетте аз шу туғызған жоқ. Халық қалаулысының елден жасыратындай несі бар?! Санап көрейік.
Әлбетте, өзінің атына рәсімделген мүлкі жоқ. Әдеттегідей. Үлкен ұлы Фархад – «K&T Partners» компаниясының жалғыз қожайыны. Компанияның бюджетке төлеген салығы мардымсыз ғана. Екінші ұлы Роман – Павлодар қаласындағы алюминий өндіруші «Қазақ электролиз зауытының» жетекшісі. Қызы Данна United Helping Hands қоғамдық қорының құрушысы және жолдасымен бірге First Media Astana (Алматыда тіркелген) компаниясының жұмысын жүргізіп отыр. Одан бөлек Астанада R&D Media деген тағы бір компаниясы бар. First Media Group құрамында бір телеарна, 4 радиостанция, 4 газет пен 2 агенттік бар.
Қарағұсованың күйеу баласы Бейбіт Әлібеков жұртшылыққа Bentley club Almaty компаниясының иесі және luxury-думандарды ұйымдастырушы ретінде танымал. Сондай-ақ «Carat-Прогноз», «Информцентр», Орал қаласында орналасқан «Радио Талап» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қожайыны. Қарағұсовтар әулетін біріктіретін – 2009 жылы құрылған «Телерадиотаратушылардың қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ. Оның құрамына жоғарыда аталған компаниялар кіреді. Оның да төлеген салығы аз-мұз.
Бай депутаттар қатары аз емес. Омбудсмен Зағипа Балиеваның атында дүние-мүлкі жоқ болса да, жолдасы Мұхтар Абзалұлы «ОАЗИС ТАУ АЛМАТЫ» ЖШС-ін басқарып отыр. Бұл компания 2011 жылдан бері мемлекетке бір тиын салық төлемепті. Одан өзге «ИнтерЛюксСтиль» атты тағы бір компаниясы бар. Ол да табысын билікпен бөлісуді жөн көрмейді екен.
Үлкен ұлы Данияр Балиевтің иелігіндегі OmegaCom және DL Construction компаниялары да бюджетке салық төлемеуді әдетке айналдырған. Екінші ұлы Ернар – дизайнер. 12 жасында алғашқы коллекциясын жасап, 14 жасында өз ательесін ашқан жас жігіттің атында 4 ЖШС тіркелген. Төртеуі де соңғы 6 жылда мемлекетке бір тиын салық аудармапты.
Сенат төрағасы міндетін атқарған Қайрат Мәмидің жағдайына тоқталсақ, үлкен қызы Айнұр анасы Мақпалмен және Ахметжан Есімовтың қызы Айжан Есіммен бірге «Я сам» ЖШС-іне иелік етеді. Күйеу баласы Асқар Жұмағалиев – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы. Айнұр Мәмидің одан бөлек «Californication», «Greenhouse Kazakhstan», «Solar Capital» сияқты компанияларда үлесі бар. Өзіне ғана тиесілі «AMAK group» және «Californication Beauty» деген компаниялары тағы бар.
Қайрат Мәмидің ұлы Мирас – 27 жаста. Бүгінде ҚР Ұлттық банкінің ұлттық инвестициялық корпорациясының тәуелсіз директоры. Кіші қызы Эльвира «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры басшысының кеңесшісі. Сонымен бірге ресторан бизнесімен айналысады. Астанадағы бірқатар ресторандар мен дәмханалар – Эльвираның меншігі.
2012 жылы сенатта депутат болған Сергей Кулагин де осал адам емес. Таяуда ғана 80 мың гектар жері бар екенін ашық мойындаған оның Ресейде ресторан бизнесі бар деп естиміз. Онымен қызы Ольга айналысады. Әйелі Галинаның атында «Гала-2009» атты құрылыс компаниясы жұмыс істеп тұр. Тіркелгелі бері бір тиын салық төлемеген.
Сонымен бірге «Интеграция Целина» ЖШС толықтай Галина Кулагинаға тиесілі. Сергей Кулагиннің ағасы Валерийдің «Целина-Агро» және «Знаменка-2010» атты компаниялары бар. Соңғысы 4 жыл бойы салық төлемеген болып шықты. Балалары Павел мен Александрдың «АСКОП-Сервис» және «АСКОП» атты ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпорындары бар.
Жоғарыда аталғандар ғана емес, жалпы, парламенттің төрінен түспейтін депутаттардың көпшілігінің ахуалы осындай деп ұғыңыз. Зайыбы, бауырлары, балалары мен немерелеріне дейін қос-қостан бизнес ашып, лауазымды қызметтерді атқарып отыр. Сонысымен қоймай, мемлекетке салық төлемейді. Бүкіл мал-мүлкі басқа біреулердің атында.
Өкініштісі сол, бізде мемқызметкерлер мен халық қалаулылары табысын декларациялағанымен, көп-шілікке жарияламайды. Оған міндеттейтін заң жоқ.