Мемлекеттік ордендердегі отаршылдық символдардан қашан құтыламыз?!.
2016 ж. 01 тамыз
4512
4
"Еңбек даңқы" орденінде қолданылған Қызыл жұлдыз - Қазақстанның мемлекеттік Тәуелсіздігі ұғымына сәйкес келмейтін отаршылдықтың символы
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік хатшысы
Г.Н.Әбдіқалықоваға
Құрметті Гүлшара Наушақызы!
Өзіңізге мәлім, 2012 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы жарық көріп, онда Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуының ұзақ мерзімді бағдарлары белгіленді. Елбасы күн тәртібіне енгізген басты бағыттардың бірі - қазақстандықтардың өмір сүру сапасының жоғары стандарттарының қамтамасыз етілуі, бұған еңбекке қатыстылықты тиянақты ету болатын.
Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттық фракциясы еңбек адамдарының құқықтарын мейлінше қорғаудың, кең мағынасында «еңбекке табыну» мүмкіндіктерін пайдаланып қалатын сәт туып отыр деп санап, Еңбек туралы Кодекске елеулі ұсыныстар түсірді. “Ақ жол” партиясының Үкімет басшысы К.Қ.Мәсімовке жолдаған депутаттық бір сауалы (2014 жылдың 16-шы сәуірі) Еңбек адамын құрметтеу үшін «Еңбек ардагері» атағын қалпына келтіріп, төске тағатын тиісті медал тапсыруды жүзеге асыру қажеттігіне арналған болатын.
Сол жылы, Еңбек кодексі талқыланған кезде «Ақ жол» фракциясының депутаттары «Еңбек даңқы» орденін құру туралы түзету енгізіп, оны Үкімет қолдады, ал 2015 жылдың 17 наурызында Мемлекет басшысы сол Заңға қол қойып, онда жаңа мемлекеттік награда – «Еңбек даңқы» ("Трудовая Слава") ордені шығатын болды.
Нәтижесінде, Мемлекеттік наградалар қатары үш дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен толықты. Өкінішке орай, осы орденді жасаушылар тарапынан елеулі кемшіліктер мен қателіктер жіберілгенін айтуға мәжбүрміз. «Еңбек даңқы» орденінің түрі, басқа отандық ордендерге қарағанда, өте жұтаң көрінеді. Орден дизайн тұрғысынан алғанда көріксіз және орындалуы жағынан істеліп бітпегендей әсер қалдырады. Мемлекеттік награда емес, ведомстволық төсбелгі сияқты көрінеді. Сонысымен, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының көздеген идеологиясына қарамастан, дәл сол еңбек адамына құрметті білдіретін мағынасы төмендеп кеткен. Мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, кәсіпорын жетекшілері марапатталатын барлық басқа ордендерге ("Құрмет", "Парасат", "Айбын", "Достық", "Барыс" және т.б.) қарағанда, «Еңбек даңқы» ордені сәнді туыстардың арасына кездейсоқ түсіп кеткен өгей ұл секілді көрінеді. Мұндай награданың иегеріне қандай құрмет туралы айтуға болады?
Ал шын мәнінде, тура осы еңбек үшін берілетін марапат, біздің пікірімізше, өзінің түрімен, кескін-келбетімен барынша құрмет туғызуы керек, ол шенеуніктер немесе актерлердің наградаларынан да барынша тартымды және көркем болуы тиіс.
Бұдан басқа, «Еңбек даңқы» орденінің барлық негізгі белгілері бойынша үзілді-кесілді қарсылықтарымыз бар.
1. Мәселен, орденнің басты белгісі үлкен Қызыл жұлдыз болып табылады. Бірақ қызыл жұлдыз – кеңес дәуірінің символы. КСРО-ның әскери ордендерінде ("Қызыл жұлдыз", "Александр Невский", "Октябрьской революции" және т.б.) кеңінен қолданылды. Сондықтан да көптеген қазақстандықтардың ұлттық сана сезімі үшін қызыл жұлдыз Қазақстанның мемлекеттік Тәуелсіздігі ұғымына сәйкес келмейтін отаршылдықтың символы.
Оның үстіне, кез келген түстегі бесбұрышты жұлдыз – бұл бейбіт, өндірістік еңбектің емес, ең алдымен әскери және мемлекеттік қызметтің символы. Ежелгі Римде ол соғыс құдайы Марстың эмблемасы болып қызмет еткен. АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Американың әскери наградаларында да тура осы мағынасында пайдаланылады. Қазақстанда да бесбұрышты жұлдыздың силуэті әскери наградаларға, мысалы – «Айбын» орденінде, пайдаланылды, оның ешқандай өрескелдігі жоқ.
2. «Еңбек даңқы» орденінің қалыбы металдан істелген және формасы жағынан қысқа болып тұр. Барлық басқа мемлекеттік наградаларда, олар әдемі муарлық (қалың жібек) ленталармен және ұзартылған формада орындалған.
Муарлық лентадан бас тарту және қысқа металдық қалыпты қолдану ешқандай мемлекеттік награда емес, арзан төсбелгі секілді әсер етеді. Орденді жасағандар адамның сіңірген еңбегін атап өтуді емес, оның наградасынан үнемдеуді ойлаған тәрізді.
3. Орден өткізгіш арқылы қалыпқа екі жерден алтыбуынды тізбекшемен (шестизвенная цепочка) бекітіліпті, барлық басқа ордендерде олар қалыпқа бір буынмен бекітілген. Тізбекшелерді артығымен қолдану «бұғауланған» сияқты әсер етеді, ал ол «құлдық» еңбекпен байланыстырылған жағымсыз ойлар тудыруы мүмкін.
Бұдан басқа, мұндай бекіту іс жүзінде қолдануда ыңғайсыз, өйткені бесбуынды алқаның бірбуындылыққа қарағанда жиі үзілуі кәдік. Нәтижесінде орден иегерлері награданы жоғалтып алудан қауіптеніп, оны мейлінше сирек тағатын болады. Қалыпқа бекітілуі осыған ұқсас болғандықтан, «Шахтер даңқы» ("Шахтерская слава") кеудеге тағатын белгісімен дәл осылай болған.
Алайда награданың міндеті – марапатталушының еңбегін атап өту ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің адал еңбекке құрметін білдіріп, қоғамда тәрбиелік рөл атқару. Егер, орден кеудеге тағылмай, шкафта жататын болса, оның қандай қоғамдық мәні туралы айтуға болады?
4. Тұтастай алғанда, «Еңбек даңқы» орденінің дизайнын таңдағанда оны жасаушылар шамасы ең жеңіл жолмен кеткен: жоғарыда аталған «Шахтер даңқы» наградасының қалыбын және бекітілуін жәй ғана көшіріп алған.
Бірақ, «Шахтер даңқы» дизайны әбден ескірген, анахронизм болып табылады, сонау КСРО кезінде қабылданған және ешқашанда мемлекеттік награда болған емес. Бұл ведомстволық белгі және Қазақстанда да қазіргі күнге дейін солай болып қалып отыр.
Мәртебесі және мемлекеттік мәні бойынша «Еңбек даңқы» ордені ведомстволық белгілерге емес, фалеристика өнерінің үздік үлгілерін бетке ұстауы тиіс, ондай талаптарға «Құрмет», «Барыс» сияқты т.б. қазақстандық ордендер сәйкес келетіні анық.
Жоғарыда баяндалғанға байланысты, біз Сізден, құрметті Гүлшара Наушақызы, «Еңбек даңқы» орденінің дизайнын түбегейлі қайта қарауды сұраймыз. Біздің нық сеніміміз бойынша:
1. Тәуелсіз Қазақстанның еңбек наградасы үшін қызыл жұлдыздан бас тарту, және басқа символдарды:
а) өндірістік белгілерді (мұнай мұнарасы, металлургиялық шөміш, тегершік, бидайлы бау, комбайн, бөгет, циркуль, микроскоп және т.б.)
б) сондай-ақ қазақтың ұлттық нақыштарын («Құрмет», «Парасат» ордендерінің және басқалардың үлгісі бойынша) пайдалану керек шығар.
Бұл мақсат үшін, мүмкін орденнің үздік эскизіне конкурс өткізу керек болар.
2. Бұл орденнің арзан қысқа металдық қалыбынан бас тарту қажет. Қазақстанның барлық басқа ордендері сияқты муарлық ленталардан ұзын қалып жасау керек.
3. Қалыпты орденмен қосатын алтыбуынды тізбекшелерден бас тарту қажет. Барлық басқа ордендерге жасалған сияқты, орденнің өткізгішіне бекітілетін бір шығыршықты пайдалану керек.
Құрметті Гүлшара Наушақызы!
Біз бұрын бекітіліп кеткен орденнің дизайнын қайта қарау оңай мәселе емес екенін түсінеміз. Бірақ оның қазіргі түрі қоғамда және әлеуметтік желілерде (аbai.kz, qazaquni.kz, dalanews.kz, juldizdar.kz, Facebook, WhatsApp т.б.) әлден-ақ сынға ұшырап жатыр. Бұл мәселеде мемлекеттік органдар қоғам пікіріне құлақ асуы тиіс деп санаймыз, әйтпесе, марапатталғандар оны мақтан етудің орнына, мұндай награданы жасыратын болады. 2015 жылдың желтоқсанында бұл орденмен алғашқы марапаттау болғанымен, оның бірден сол 2015 жылдың 27 желтоқсанында интернет сайттарына (http://forum.faleristika.info./viewtopic.php?=402818#p3585051). сатуға қойылуы тіпті де кездейсоқтық емес. Бұл аталған наградаға марапатталғандардың менсінбей қарауын көрсетеді.
Ордендердің дизайнын айырбастау мысалдары біздің тарихымызда болған: мәселен, 90-шы жылдары «Достық» орденінің дизайны толықтай өзгертілген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық ордендерінің қалыптары (қысқадан ұзынға) өзгертілген.
«Еңбек даңқы» орденімен біз өте сәтсіз және қате дизайн жағдайымен кездесіп отырмыз деп санаймыз, оны шұғыл түрде түзеу қажет.
Құрметпен,
«Ақ жол» партиясының төрағасы,
Мәжіліс депутаты
А. Перуашев