Статистика агенттігінің экс-төрайымы Анар Мешімбаеваның түрмедегі өмірі
2016 ж. 28 шілде
3049
3
2009 жылғы Қазақстан халқының санағына бөлінген 700 млн теңгені жымқырды деп 7 жылға сотталған Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаева қазір түзету колониясында бөлім старшинасы болып жүр екен. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.
Астана қалалық Есіл ауданының соты оны жеті жылға қамау туралы үкім шығарған 2014 жылдан бері Анар Мешімбаева түзету колониясында өзін тек жақсы қырынан көрсетіп, тіпті, төрт рет марапатталған екен.
«ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына жауап бере отырып, Алматы облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары, әділет полковнигі Балабек Жүнісов Анар Мешімбаеваның колониядағы өмірі туралы бірер ақпарат берді.
«Мекеме әкімшілігі Мешімбаева А.Е.-ның атынан 2016 жылдың 13 мамыры мен 29 мамырында сотқа шартты түрде ерте босату туралы материал жіберді. Бірақ, Алматы облысы Іле ауданының соты шартты түрде ерте босату туралы өтінішті қанағаттандырған жоқ»,-делінген «ҚазАқпаратқа» жіберілген жауапта.
Ресми жауаптан білгеніміз, А.Мешімбаева Алматы облысындағы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/4 мекемесіне 2014 жылдың 24 мамырында жеткізілген екен. ҚР Қылмыстық атқару кодексінің 116 бабына сәйкес, мекеменің комиссиясы 2014 жылдың 2 желтоқсанынан бері А.Мешімбаеваға қатысты қамау шартын жеңілдеткен. 2016 жылдың сәуірінен бері А.Мешімбаева колонияның тәрбие отрядына старшина болып жүр екен.
«Мекеменің ауласын абаттандыру жұмысына, отрядтың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту жұмыстарына өз еркімен қатысады. Әртүрлі қоғамдық жұмыстарды да атқарады. Мәдени шараларды ұйымдастыруға ат салысады. Колониядағы тәртіп пен жазасын өтеп жатқан қазіргі жағдайға шағым айтпайды. Колонияның ішкі тәртіптерін сақтайды»,-делінген бізге жіберілген жауапта.
Жоғарыда хабарлағанымыздай, А.Мешімбаева колонияда төрт рет марапатталған. Оған қатысты ескертулер жоқ.
А.Мешімбаева Алматы облысы Жауғашты кентінде орналасқан ЛА-155/4 қамау мекемесінде жазасын өтеп жатыр.