Алматыдағы атыста қаза тапқан Аян Ғалиевтің артында екі баласы қалды
2016 ж. 18 шілде
2238
0
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда шабуылдаушылармен болған атыста қаза тапқан полиция қызметкері 42 жастағы Аян Ғалиевтің артында екі баласы қалды. Бұл туралы оның туған жеңгесі мәлім етті.
Қазіргі сәтте Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы басшылығы содырлар қолынан зардап шеккендер жайында әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Журналистер бірнеше сағаттан бері ресми ақпарат күтіп сыртта сабылып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, әлі операциялар жүргізіліп жатыр. Аурухана алдында адамдар көп. Солардың ішінен сыртқы жылап шыққан бір әйелді журналистер көңілін сұрап, әңгімеге тартып еді, атыс барысында ауыр жарақат алып, қаза тапқан ҚР ІІМ «Күзет» мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері 42 жастағы Аян Ғалиевтің туған жеңгесі болып шықты. Журналистер оған көңіл айтты.
Жеңгесінің айтуынша, Аян Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесі маңында орналасқан Алмалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде күзетте болған екен.
«Ол поста тұрған. Бір уақытта адамдар «сыртта атыс болып жатыр» деп жүгіріп келіпті. Сол арада Аян сыртқа жүгіріп шығады. Тапаншасын қолына алам дегенше содыр оған қарай оқ жаудырыпты. Бірақ, Аян құлап жатып, содырды атып өлтірген. Өзінің бес немесе алты жерінен оқ тиген. Ол ауруханаға жетпей жолда көз жұмды. Енді оның отбасын кім асырайды?!», - деп жылады Аянның жеңгесі Маржан.
Оның айтуынша, Аянның артында әйелі, үшінші сыныпта оқитын қызы және жеті айлық ұлы қалды. Оның үстіне қолында 85 жастағы анасы бар екен.
Аян Ғалиев 1974 жылы Алматы облысының Сарқант ауданының Бақалы ауылында туған.