Төрт теңіздің жағасында Түркиям!
2016 ж. 16 шілде
2768
1
Ұшайыншы аспаныңды шарлап бір,
Құшайыншы теңізіңді жалдап бір;
... Еуропаға қойып қойған Інжуім,
Адамзаттың көзін, әне, арбап тұр!
Құранменен Құдайды іздеп жүр жырым,
Мен қайтейін біреулердің "Інжілін"?!
О, Түркия!
Азиядан арулап,
Еуропаға іліп қойған Інжуім!
Сеніменен жаным- бірге, бір-кіндік,
Қаншама рет қынадайын қырқылдық?
Төрткүл дүние арасында- Айбозым,
Төрт теңіздің* жағасында -
Бір құрлық.
Өзіңді іздеп,
Желбіреп бір тұлымым,
Көкбөрімен қоса көкке ұлыдым.
Қайтып келген адасқан ұл** секілді,
Құшағыма, келші, қайран, құлыным!
Мәңгі жыр!
Күнің де-ашық, гүлің-дағы алқызыл;
Төрт теңіздің жағасында Түркиям,-
Төрт Арудың арасында-
Жалғыз Ұл!
Серік Ақсұңқарұлы
qazaquni.kz
*Қара теңіз, Жерорта, Эгей мен Мәрмәр теңіздері
**«Возвращение блудного сына» — Рембрандтың (1606—1669) картинасы.