Колониядағылар Серік Ахметовтің жазасын қалай өтеп жатқаны жайлы айтып берді
2016 ж. 15 шілде
4570
6
Колониядағылар бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің жазасын қалай өтеп жатқаны жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағанды облысы Қарабас ауылында орналасқан АК 159/18 мекемесінің басшылығы сотталған Серік Ахметовтің жазаны №3 жасақта қалыпты шарттарда өтеп жатқанын хабарлады.
"Серік Нығметұлы Ахметов мекемеде нысандарға шаруашылық жағынан қызмет көрсететін қара жұмысшы болып қызмет етеді. Колониядағы қоғамдық шараларға қатысып, №3 жасақтағы ерікті ұйымдардың мүшесі, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеу секцияларының мүшесі", - делінген түзеу орны басшылығының редакция жолдаған сауалнамаға берген жауабында.
Сонымен қатар, түзеу орнының әкімшілігі Серік Ахметовке жағымды мінездеме беріп отыр.
"Мекеменің әкімшілігі сотталған Серік Нығметұлы Ахметовке оның жақсы тәртібі, мәдени-көпшілік және спорттық шараларда белсенді атсалып жатқаны үшін, сонымен қатар жасақтағы сотталғандардың ерікті ұйымдарына мүше болғаны үшін оған жағымды мінездеме беріп отыр. Жазасын өтеп жатқан уақыт бойы Серік Ахметов сыйлыққа ие болып, мекемеде тәртіпті сақтағаны үшін марапатталды", - деді мекеменің басшысы Ерлан Апаханов.
Биыл Қарағанды облыстық соты наурыз айында бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің қамау мерзімін 10 жылдан 8 жылға қысқартқан еді.
Еске салайық, Қазақстанның экс-премьер-министрі Серік Ахметовке жемқорлық мәндегі алты қылмыс бойынша ресми түрде айып тағылған болатын. Олардың қатарында аса ірі көлемде пара алды (тергеудің тұжырымынша, 2 миллион 400 мың доллар - Авт.), аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды, лауазымын асыра пайдаланды және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты деген айыптар бар. Ал осыған дейін Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевқызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 307-бабы бойынша айыпталған еді. Оған "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңды жеке мақсаты үшін бұза отырып, тендерлерде жекелеген фирмалардың мүддесін қорғады деген айып тағылды.
Сонымен қатар, соттың үкімі бойынша Серік Ахметов 10 жылға сотталған еді. Ол 2014 жылы үй қамауына алынған болатын. Сот отырысы 2015 жылдың тамызында басталып, төрт айға жалғасты. Қылмыстық іс 338 томға жетті, оның 9 томы айыптау актісі. Жалпы 82 сот отырысы өтті. Іс бойынша 260 куәгерден жауап алынды. Процесске 4 мемлекеттік айыптаушы және 42 адвокат пен қорғаушы қатысты. Қазіргі заңнамаға сәйкес, соттың әділ өтуі үшін отырыстың ашық саясатын ұстану бойынша сәйкес шаралар жүргізілген еді.