Ай, ардақты Әуезханым-ай!..
2016 ж. 13 шілде
3503
1
Әуезхан Қодар бауырыммен өмірде бірде-бір кездескен, жүздескен жан емеспін. Тіпті, ақын-жазушылар сьездіне сан барып жүргенде, сыртынан да бір көрмеппін-ау! Алайда, оның ақындық, тәңіртанушылық, жазушылық, сыншылық, философтық, этнографтық-мәдениеттанушылық, редакторлық сынды сандаған салаларда ерекше қайрат көрсетіп жүретін сан қырлы айырықша қабілеті барын, қайраткерлігін жап-жақсы білетін едім. Сол "жап-жақсы білетіндігімнің" өзі-ақ өз ішімде сол бауырыма деген алапат бір ардақ сезімді ұдайы гулете тасқындатып тұратын-ды. Содан болар, осыдан он жылдай бұрын өзіне арнайы қоңырау шалғаным есімде. Ол кез - "Аңқымамен аса қатты ауырып" жүрген кезім. Әлем-сәлемнен кейін, бір-екі жазбамды орыс тіліне аударып беруін өтіндім. Өйткені, бауырымның орыс тілінде де "сөз майын тамыза" аңқылдайтын ерекше қасиеті барынан да хабардармын. Өкінішке қарай, сондағы өтінішіме алған жауабым маңдайдан тиген соққыдай өте ауыр, жалғыз-ақ сөз болды: "Мені кім деп жүрсіз өзі?!". Әрине, тіксініп қалдым.
Қош. Ана жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде Әуезханның Өтежан Нұрғали творчествосы жайындағы көлемді мақаласы жарық көрді. Ғазиз ақынның еңбектеріне деген аса сүйіспеншілікпен, өте білімдарлықпен жазылған көркем дүние. Риза болдым. Тағы да телефон шалдым. Рақмет - деді. Бұрынғысындай, бір-ақ сөз. Алайда, ол сөздің риза көңілмен айтылғандығы лебіз әуезінен ап-анық аңғарыла кетті.
Жә. Өзім былтырдан бері фейсбукке "кіріп-шығып" жүремін. Аңқымалық жазбаларымды, кейбір Ойларым мен өлеңдерімді бөлісем достарыммен. Шамамен, осыдан төрт айдай бұрын-ау деймін, кезекті бір аңқымалық жазбама орай, "Гениально!" деген түрде өте асқақ дабысталатын тосын пікірді көзім шалып қалды. Әуезхан бауырымның ақ тілегі!.. Біртүрлі аң-таң болып әрі кәдімгідей мерейленіп, тіпті, масаттанып қалдым десем де болады. Содан бастап, мен Әуездің біздей ағасына деген інілік ілтипаты ретіндегі "гениально"-сымен бірнеше рет "марапатталдым". Сірә, онысы риза болған кезіндегі айтар сөзінің өзіндік мәтелі болса керек. Көп ұзамай, желідегі өлеңдерім туралы әдемі жазбасы да фейсбуктен жарқ ете қалды!
7-шілдеде, Арқаның қақ төрінен Ақсұңқарұлы ағам хабарласты. "Тыныш бауыр, өзіңді Әуезхан бауырым іздеп отыр!" - деді, теленөмірін берді. Мен 8-күні, түстен кейін хабарластым Әуезге. "Мұндай нөмір жоқ" деген операторлық қатқыл дауыс естілді. Қайыра соқтым, тағы сол дауыс. Іле-шала, Әуездің өзі қоңыраулата қалды. Қарасам, сол нөмір!.. Таң қалдым!..
Сонымен, үшінші рет тілдесуіміз, телефон арқылы! Аман-саулық сұрасқан соң, бірден, сыралғы достарға ғана тән тамаша бір әңгіме де басталып кетті арамызда. Әуез бауыр өзінің алдағы творчестволық жоспары жөнінде де, біздей ағасының шығармашылығы туралы да көсіліп бір сөйлеп берді дерсіз аңқылдап!.. Әңгімеміз аяқталады-ау деген мөлшерде, "Не бұйымтайың бар?" - деп сұраймын ғой баяғы. Сондағы айтқаны:
- Қадірлі Тәке, "Бұл - бескүндік бір майдан, Ер сынарлық" демей ме дана Абай. Сынасарлық та, сырласарлық та адам аз ғой бұ Жалғанда, біртүрлі көңіл босап... Өзіңді іздеп едім!...
Ай, ардақты Әуезханым-ай!... Сол сәтте өзім де балқып жеткен оқтай бір ыстық өксікті оқыс сезе қалғандай болдым көкірек-көкейімнен!.. Байланыс та үзіліп кетті!.. Дұрыстап қоштасайыншы деп, жан-дәрмен қайыра нөмір теріп әлекпін. "Мұндай нөмір жоқ" деген операторлық қатқыл дауыс естіледі бағанадағыдай. Қайыра соқтым, тағы сол дауыс. Ал, таң қалмай көр енді!... Ала алмай қойдым ақыры.
Әсірелеп қайтейін, болған жәйтті сол болған күйінде айнытпай қағазға түсіріп отырмын. Бүгін таңертең (таңғы сағат бес те қырықта) желіні қосып...
Яғни, өзіміз тілдескеннің ертесінде, қадірменді Әуезхан бауырым, Қазақтың қабілет-қарымы қайталанбас ойшыл бір қайраткер қасқасы бақыйлық сапарына аттанып кеткен болды... Жасы алпысқа да толмай жатып! Тым ерте! Бақ Ұл бол! - деймін, күйзеле отырып! Бақ Ұл боларына сенемін де!... Бірақ, көңіл шіркін...
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы
ӘУЕЗХАН ҚОДАРДЫҢ РУХЫНА Артта қалып қайғың менен шаттығың, Бітті ғұмыр. Таусылды дем. Батты күн. Асау жүрек ақиқатқа ұмтылған, Алқынып кеп, басты міне аптығын.
Жоқтау жырға ұласқан соң жаз әні,
Бақұлдасып келді жұртың азалы.
Поэзия жанарына жас алып,
Қара өлеңнің төңкерілді қазаны.
Арасында Батыс пенен Шығыстың,
Жыр аңсаған жүректермен ұғыстың.
Сен байрағын өттің көкке көтеріп,
Бөрі текті Алаш деген ұлыстың.
Оза шауып мынау озбыр заманнан,
Болмысыңмен биік тұрдың қоғамнан.
Махамбеттің жебесінің ұшы едің,
Жалғандықтың өкпесіне қадалған.
Жанды меңдеп ұлы Абайдан қалған мұң,
Жұматайға жұлдыз болып жалғандың.
Бір күлдің бе ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге шынын айтып жалғанның.
Ғарыш жақта болғандықтан мекені,
Ақын рухы зеңгір көкке кетеді.
Көк Түріктің көне сөзін жаңғыртқан,
Сенің жырың ғасырларға жетеді.
Бақұл бол, аға!
Темірғали Көпбаев
qazaquni.kz