Қазақтың жерін басып жүрген барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді білуге міндетті!
2016 ж. 11 шілде
9734
15
Мәжілістің 26 жастағы ең жас депутаты Геннадий Шиповских депутаттық сауалдарын тек қазақ тілінде жолдауға уәде берді.
VI шақырылымдағы Қазақстан Парламенті Мәжілісінде 107 депутат бар. Сол халық қалаулыларының ішінде Геннадий Шиповских ерекше көзге түсті. Айналдырған бір айдың көлемінде халыққа кеңінен танылды. Оның өзіндік себебі де бар.
Біріншіден, Геннадий Шиповских – Мәжілістің ең жас депутаты. Жасы – 26-да. Екіншіден, қарапайым. Депутат болғанға дейін машинист көмекшісі болып жұмыс жасаған. Үшіншіден, қазақ тілінің жанашыры. Қазақтың тілін мақал-мәтелмен өрнектеп, астарлап сөйлейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Елбасы алдында мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілінің қадір-қасиетін танытып, оны құрметтеуге шақырып, елдің ризашылығына бөленген Геннадий Шиповскихтің таяуда халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетіне берген көлемді сұхбаты жарияланды.
Сұхбатында «Депутаттық сауалдарды тек қазақ тілінде ғана жолдаймын» деп уәде берген халық қалаулысы тілшінің «Жастығыңызға қарамай, Парламент секілді құзырлы органға жұмысқа келуіңіз кездейсоқтық емес пе? Әлде Елбасы алдында жастар атынан сөз алып, көзге түскеніңіздің пайдасы тиді ме?» деген сауалына: «Мен бұл туралы нақты ештеңе айта алмаймын. «Нұр Отан» партиясының жиындарында белсенділік танытуым жолымды ашқан болар. Бәлкім бұл Алланың қалауы шығар. Расым осы. Ең бастысы, мен жұмысшы табының өкілімін. Партияның ("Нұр Отан" партиясы) маған депутат болуға мүмкіндік беруі – мен үшін үлкен абырой. Парламентте түрлі саланың өкілдері жиналады. Ал мен жұмысшы табының мүддесіне өкілдік етемін. Алда үлкен жауапкершілік күтіп тұрғанын жақсы білемін. Қазақта «көш жүре түзеледі» деген жақсы мақал бар. Мен көтерген мәселелер әріптестерім арасында әділ шешіледі деген үміттемін», – деп жауап беріпті.
Депутаттың бұл сұхбатында, әсіресе, қазақ тіліне қатысты айтқан пікірі көңілге қонымды болды.
«Мен бұрын да айтқанмын, тағы да айтамын, депутаттық сауалды тек қазақша жолдаймын, керек адам аудармашы арқылы (құлаққа салатын арнайы құрылғымен) аударып тыңдай жатар. Бұған бас қатырғым келмейді. Мен тіл мәселесін көтеруде жалғыз болмаймын деп ойлаймын. Бақытбек Смағұл, Нұртай Сәбильянов, Бекболат Тілеухан секілді көптеген азаматтар Мәжіліс төрінде үнемі қазақ тіліне басымдық беріп жүр ғой. Бұл тұрғыда менің айтарым Ахмет Байтұрсыновтың «Тілі жоғалған елдің өзі жоғалады» деген сөзімен сарындас. Қазақ халқын ұйытып, ынтымағын арттырып отырған қасиетті ана тілі. Оны сол ортада өсіп, жете түсінген мен айтпағанда кім айтады?» – деді Геннадий Шиповских.
Рас, ең жас мәжілісмен қазағы қалың, орыстың өзі қазақша сөйлейтін оңтүстікте – Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде (Қызылорда облысы) 1989 жылы 22 қазанда дүниеге келіпті. Сондағы қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебін тәмәмдаған екен. Әкесі Геннадий мен анасы Лидия қарапайым еңбек адамдары болған. «Болған» деп өткен шақта айтуымыздың себебі ата-анасы ерте өмірден өтіпті. Содан соң балалар үйінде тәрбиеленген. Қала іргесінде шаруа қожалығы бар отбасы (бес баласы бар) болашақ депутатты патронаттық негізде тәрбиеге алыпты. «Бұл отбасында жетімдік көрмей ержеттім. Мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қаққан әкем Мұрат пен анам Баянға қарыздармын», – дейді депутат.
Геннадий Шиповских қазақ отбасында қаладағы №6 мектептің кешкі бөлімінде оқуын жалғастырады. Мектепті бітірген соң Қазалы ауданындағы теміржол училищесіне түседі. Еңбек жолын Қызылорда локомотив жөндеу депосында бастайды.
Сонымен бірге халық қалаулысы сұхбатқа шақырған телеарналарға қояр басты талабы – мемлекеттік тіл екенін сол сұхбатында баса айтыпты.
«Сұхбатқа шақырған телеарналарға қояр басты талабым – мемлекеттік тіл. Сауалға сол тілде ғана жауап беруге дайынмын деп ескертемін. Бұл жерде өзімнің ана тілім – орыс тілін аяққа жығып беріп отырғам жоқ, керісінше, орыстардың да қазақша сөйлей алатынын, сол тілде ойланып-толғануға олардың да шама-шарқының жететінін көрсету. Өзге қандастарыма үлгі болу. Қазақтың тілінің өркендеуіне өзімше үлес қосу. Қазақтың даласында туып, сол жерді басып жүргеннен кейін барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді білуге міндетті! «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген сөз бар қазақта. Тіл мәселесі, шындап кетсек, ар-ұяттың өлшемі ғой! Дәл қазақтай мейірбан, қонақжай, ақылды, момын халық жер бетінде өте аз. Өзім соны қатты сезінемін. Жетімдіктің тақсіретін тартқанда маңдайымнан сипаған қазақ ұлтына қарыздармын. Сонда қазақ ұлтының бір қажетіне жараймын деп ант еткенмін. Қазір сол ұстанымды серік етіп келемін. Елбасының өзі халыққа Жолдауында 2020 жылға қарай барша қазақстандықтар қазақ тілінде сөйлейтін болады деген ой айтты. Оған да санаулы жыл қалды. Сондықтан тіл мәселесінде талапты күшейтіп, Елбасына қолдау көрсетуді азаматтық парызым деп ұғынамын", – деп түйіндепті сұхбатын таяуда орыстілді бір телеарнаның сұрағына қазақша жауап берген депутат.
P.S. Өзіміздің қара көз депутаттарымыз орысша сайрап отырғанда Геннадий Шиповскихтің Мәжіліс мінберінен қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде депутаттық сауал жолдап отыруы ең алдымен жетімдіктің зардабын тартқанда маңдайынан сипаған қазақ ұлтына деген зор құрметі, мемлекеттік тілді мойындамайтын өзге ұлт өкілдеріне көрсеткен үлгі-өнегесі. «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» ұстанымымен өмір сүретін Геннадий Шиповскихке қарап, ана тілін білмейтін, білсе де сөйлемейтін өзіміздің қазақтар «Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндердің мәңгүрт» екендігін түсінсе дейміз.
Мадияр Әзизұлы,
"Қазақ" республикалық қоғамдық-саяси газеті