Қазақстанның әр азаматы шетелге 8700 доллардан қарыз
2016 ж. 10 шілде
3559
4
Қазақстанның сыртқы қарызы 155 миллиард АҚШ долларына жеттi. Былтырғы жылы бюджет тапшылығын жабуға сырттан 1 триллионнан астам теңге тартылған еді. Бұл көрсеткiш 2013 жылмен салыстырғанда 9 есеге көп. Соған қарамастан биыл үкімет Халықаралық банк пен Азия даму банкінен тағы да 2 миллард доллар қарыз алып жатыр.
Бұрынғы Инвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаев бүгінде мемлекет сыртқы қарызына квази мемлекеттік сектордың берешегін қоспайды. Алайда олардың төлем қабілетін қолдап отыру үшін ұлттық қор мен бюджеттен ақша бөлініп тұратыны бәрімізге мәлім дейді. Сондықтан экономист пікірінше, компания аралық қарыздарды мемлекеттік қарыздан бөлек қарастыруға болмайды.
"Біздің сыртқы қарызымыз 12,8-13 миллиард доллар, яғни шамадан тыс емес мөлшерде болғанымен, квази мемлеттік сектордың қарызы ұлғайып келеді. Ресми бұл цифр 20 миллиард доллардан жоғары. Алайда еліміздегі 3 ірі қаржы компанияның қаржылық есебіне назар аударатын болсақ, бұл цифр 25 миллирад доллардан асып жығылатынын көреміз", - дейді ол.
Екінші мәселе еліміздегі банктердің төмен табыстылығы екен. Қазірде қаржы институттарының рейтингтері жағымсыз, "трипл си" деңгейінде. Егер оларға қосымша қаржыландыру қажет болса, 2008 жылғы дағдарыс тәжірибесімен мемлекет ұлттық қордан оларды қолдауға тағы 20 миллиард доллардай қаржы бөлуі әбден мүмкін дейді мамандар. Сондықтан бюджет шығынын қысқарту тетіктерін осы бастан қолға алу керек дейді олар.
"Бюджетті көп пайдасы түспейтін шығындарды қысқарту керек деп санаймын. Мысалы ЭКСПО-ға байланысты, халықаралық форумдар өткізіп жатады, келесі жылы өткіземіз деген универсиадалар бар, Астананың 18 жылдығын тойлаймыз деп біраз шығындар шығарып жатыр. Қазақтар айтады көрпеңе қарап көсіл деп", - деген пікірде экономист Меруерт Махмұтова.
Экономистердің айтуынша, еліміздің борышын тұрғындар санына шағатын болсақ, әр адамға 8 700 доллар берешектен келеді екен. Биылдың өзiнде бюджеттiң жыртығын жамауға тағы 2 миллиард доллар сырттан алынды. Ал мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін табыс 2014 жылмен салыстырғанда биыл 4 есе төмен.