Бас мүфти: Дінді құбыжық етіп көрсететін сәләфиттерге тыйым салу керек
2016 ж. 06 шілде
4205
10
Руға, жерге бөліну басты дерті болған қазақтың асқынып келе жатқан бітеу жарасы – дінге деген түрлі көзқарасында болып тұр. Діни дүниетанымы о бастан қалыптасқан ата-баба жолынан жеріп, өз Отанының «қайырымды қала тұрғыны» болудан бас тартқандардың қазақ арасында көбейе түсуі көңілді алаңдатады. Кезінде «Қазақ» газетінде басылған «Сурат кофеханасындағы» дін таласын бастан кешіп отырған бүгінгі жұрттың әрқайсысы өзімбілемдікке салынып, дін жолын өз бетінше қабылдай бергенінің ақыры неге апарып соғатынын қолындағы қаруын өз бауырына шімірікпей кезенген лаңкестердің лаңынан байқадық. Бұл атауды иеленгендердің және өрімдей жас жігіттер екенін бағамдаған тұста тәуелсіз ел ретінде жүріп өткен жиырма бес жылда тәрбие, әсіресе, діни таным мәселесінде кей қадамымыздың бұрыс болғанын мойындамасқа амалың жоқ. Тұтас ел ретінде діни қауіпсіздігіміздің қай тұсынан жаңылыстық екен деген сұрақтың ең алдымен тіл ұшына оралуы – заңды болар.
«Қазақ әдебиеті» газетіндегі Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен болған сұхбат дін, дәстүрлі Ислам мен қазақы діни таным төңірегінде туындағансауалдардың бірқатарына жауап береді.
– Шығыс халқының ізеттілігі, мейірімі, білімі кезінде ғұламаларымыздың мінездері арқылы байқалатын еді. Ахмет Риза, Науан хазірет, Әппақ ишан сияқты қайраткерлердің қатарын толтыратын дін адамдарын Мүфтият бұл күндері дайындай ала ма?
– Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Егемендік алғанымызға жиырма бес жыл болды. Сіз айтқандай үлкен дін ғұламаларын тәрбиелеп шығару үшін жиырма бес жыл уақыт дегеніңіз өте аз. Бұл, біріншіден. Екіншіден, Кеңес Одағы кезінде адам санасына сіңірген бір мінез – дінді, дінге бет бұрған адамды жақын тартпау.Соның салдары болар, тіпті, кейбір ағаларымыз түсінбеушіліктен: «Біз тым діндар болып алдық, жастарымыз мешітке баратын болды», – дегендей сөздерді арагідік айтып қалады. Кейір адамдарда дінге деген осындай салқын көзқарас бар. Яғни дін адамы қаншалықты ғұлама болып тұрса да, кезінде оған айтарлықтай көңіл бөлінбеді. Себебі, Кеңес идеологиясы дін адамының сөзіне тоқтар бұрынғы менталитетімізді, болмысымызды өзгертуге тырысты. Үшіншіден, Кеңес өкіметі кезінде дін саласын тар қыспаққа алды. Дін жолын қуған небір ғұламаларды соттап, өлім жазасына кесті. Діни әдебиеттердің көпшілігін өртеді. Дін жолына түскендердің өздерін былай қойып, отбасын, тұқым-тұқиянына дейін тоз-тозын шығарды. Жалғастық үзілген буынның орнын бірден толтыра алмайтынымыз белгілі ғой. Діни ілім қазақ топырағында Кеңес билігі кезінде біржолата тоқырады. Бұл уақытта ата-әжелеріміз дін амалдарын ғана сақтап қалды. Ақсақалдарымыздың, әжелеріміздің кейбірі бес уақыт намазын оқып, арасында оразасын ұстап жүрді. Бірақ діни ғылым, ілімді ешкім дамытпады. Тамырын тереңнен тартқан, дәстүрлі медреселер жаппай жабылды. Ахмет Риза, Науан хазірет сияқты ірі дін ғалымдарының әлі де шықпай жатқанының келесі бір себебі де – осы. Өзіңіз білесіз, Науан хазірет өз заманында қоғамдық жұмыспен де айналысқан адам. Яғни дін мәселесінде ғана емес, өзге де қоғамдық-саяси тақырыптарда да өз пікірін ашық білдірген жан. Науан хазірет Көкшетау өңірінде халыққа ағарту жұмысын жүргізді, халықты бірлікке шақырды. Шоқындыру саясаты жүргенде қарсы шығып, тоқтатқан адамның бірі.
Қазір, Құдайға шүкір, тоғыз медресеміз, екі қарилар дайындайтын мектебіміз, имамдардың институты, «Нұр-Мүбарак» университеті бар. Бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда мықты ғалымдарымыз шығып келеді. «Нұр-Мүбарак» университетінің докторантурасын бітіргендер докторлығын қорғап, дін ғалымдарының қатарын көбейтіп жатыр. Білікті, білімді, теолог профессорларымыз да бар. Және қазақтың қари балаларын тәрбиеледік. Осыдан он-он бес жыл бұрын тарауих намазы үшін Мысырдан, Түркиядан қарилар алдыртатын едік. Құдайға шүкір, бүгін тарауих намазы үшін шетелдерден қарилар алдыруға зәру емеспіз. Қазақстандағы қарилар саны 300-ден асты. Бұл да жиырма бес жылдағы жеткен жетістігіміз деуге болады.
Имам тек мешіттің ішінде отыра бермей, елді бірлікке, татулыққа шақыратын тұлға екенін халық бірте-бірте мойындап келеді. Имамдар жақсылықта да, жамандықта да халықтың арасында жүретінін еліміз ақырындап түсініп келеді.
Ал өзіңіз айтқандай, үлкен дін ғұламаларын тәрбиелеп шығару үшін бізге әлі біраз уақыт керек.
– Науан хазірет болсын, басқа дін ғұламалары бар – уақытында қоғаммен етене араласқанын өзіңіз де айттыңыз, тарихи деректер де соны дәлелдейді. Қазіргі біздің жас имамдар қоғаммен араласуға дайын деп ойлайсыз ба?
– Имам-молдалардың білімін ұдайы жетілдіріп отыру – біздің басты назарымызда. Өйткені, бүгінгі дін қызметкері заманның ағысынан, уақыттың талаптарынан әсте қалыс қалмауы тиіс. Уақытпен үндесіп, үнемі өздерін дамытып, жетілдіріп, діни һәм зайырлы біліммен сусындап отыруды талап етеміз. Екі жылдың көлемінде имамдарымыздың 80 пайызын қайта аттестациядан өткізіп, білім деңгейін анықтадық. 2015 жылы Елордамыз Астанада өткен І республикалық имамдар форумында «Бүгінгі имамның келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы» атты тарихи құжат қабылдадық. Бұл құжаттардың мақсаты – ХХІ ғасырға лайық имамдар тобын дайындау. Қоғамда дін қызметкерінің беделі мен ықпалын арттыру. «ХХІ ғасыр имамы» деген жоба аясында жержерлерде дін қызметкерлері арасында интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылды. «Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» атты жобаны да қолға алдық. Мақсатымыз – имамдардың қазіргі қабілеті мен білімін одан әрі дамыту, үздік ағартушы дін қызметкерлерін игі жұмыстарға жұмылдыру.
Имамдар халықты сөзімен де ұйыта білуі үшін Имамдарды дайындайтын институтта діни пәндермен қоса, «шешендік өнер» пәнін енгізіп, қазақ ақын-жырауларының өлеңдерін жаттап жүрсін деген тапсырма беріп жатырмыз. Оған қоса, кейінгі уақытта қайырымдылық шараларын көбірек ұйымдастырып, Құрбан айт, Ораза айттарда мешіттің айналасында қазақ үйін тігіп, қазақтың ұлттық ойындарын ойнатамыз. Жалпы, осындай ағарту-сауықтық шаралардың барлығы да имамдардың халықпен етене араласуына мүмкіндік жасайды деген ойдамыз. Халықпен араласа алған имам ұлттың қоғамдық өмірінен де сырт қалмақ емес.
– Қазақ ұғымында қазақ қаламгерлері қаламындағы молда бейнесі әрқилы. Сіз айтқандай, олардың бейнесі, бәлкім, солай болуына Кеңес өкіметі кезіндегі идеология әсер еткен шығар. Десек те, қазір қоғам өзгерді емес пе? Ал қазақтың өткеніндегі молда бейнесінің қандай болғанын елеп-екшей аламыз ба?
– Қай қоғамда болсын, қазақ молдалары, дін білгірлері ел ішінде үлкен беделге ие болды. Кешегі қазақ даласында өткен ишандар, ахундар, дін ғұламалары халықты ізгілікке бастауда үлкен роль атқарды. Қазақ хандарының кеңесшісі болған кешегі Бұқар, Үмбетей жыраулар шариғат негізінде ақыл-кеңестерін айтып, жұртты имандылыққа, бірлікке ұйытты. Имам-молдалар қоғамдық іс-шаралар мен жұмыстарда, ел басқаруда өте белсенді болды. Өкімет дін адамының осындай ықпалынан қорықты.
Есіңізде болса, Кеңес өкіметі тұсында цензура бар еді. Басқаны былай қойғанның өзінде, «Абай жолы» эпопеясы қаншама сүзгі, електен өтіп барып, оқырман назарына ұсынылған. Бұл цензура, әсіресе, қазақтың діни дүниетанымы туралы әңгімелерге жаны қас болғанын айтып жату артық шығар. Сол тұстағы қазақтың барлық қаламгері де «заманына қарай тазы боп шалды». Сондықтан дін адамын қайраткер ретінде көрсете алмады. Сол кездегі жазушыларымыз имамдарды, дінімізді «басқаша» қырынан көрсетулерінің бір сыры осы деп ойлаймын.
– Бүгінгі заман басқа ғой. Молдалардың қазіргі бейнесін әдебиетте қалыптастыру үшін ақын-жазушылармен ынтымақтасу мәселесін ойластыра алдыңыздар ма?
– Имамның тұлғасы туралы айтқанда, дін адамының кезінде қазақ әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосқанын, әлі де қосып жатқанын сөз етуіміз керек деп ойлаймын. Алаш ардақтысы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде былай деген екен: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған».
Молдалар дінді көркем сөзбен үгіттеген. Себебі, өлең сөз арқылы кірген иман көкейде жатталып, жүректе ұзақ сақталатын еді.
Әрине, біздің заманымыздың имамының, молдасының бейнесін бүгінгі әдебиеттен көргіміз келеді. Ақын болсын, жазушы болсын, олардың әрқайсысының өз әлемі бар. Олар қаламдарына қуат берген тылсым күшті – Хақты мойындайды. Бүгінгінің ақыны, не жазушысы дін тақырыбына қалам тербегісі келсе, дінді қараламайтынын білеміз. Себебі, жаны нәзік, сезімтал қауым Құдай барын өздері де сезеді.
Діни басқарма қаламгер қауыммен етене араласып, игі жобаларды жүзеге асырып келеді. Өзім ақын-жазушы ағаларыммен жиі жүздесіп, дөңгелек үстел басында ақыл-кеңестерін алып отырамыз. Біз дінге үлес қосып, имандылық жолында ерекше еңбек етіп жүрген қаламгерлерге, өнер адамдарына қажылыққа тегін жолдама беріп отырамыз. Мақсатымыз – қоғамда ықпалы бар тұлғалар арқылы асыл дінмізді кеңінен насихаттау. Ақындар арасында мүшәйра ұйымдастыру – біздің жыл сайынғы дәстүрлі шарамызға айналған.
– Сұрақты нақтырақ қойсам деймін.ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің көпшілігінде «әліпбиді» оқытқан бірінде қатал, келесісінде білімді, кейбірінде дүмше молда бейнелері көз алдымызға елестейді. Бүгінгі әдеби көркем шығармаларда, кинода өз заманымыздың молдасының бейнесі ашылған деп айта аласыз ба?
– Дәл бүгінгі әдеби шығармаларда молда бейнесі толық ашылды деп айта алмаймын. Бізді қуантатыны – баяғыдай дінді жамандау, молданы қаралау сипаты жоқ. Жас ақын-жазушылардан үміт күтеміз. Өйткені, олар жаңа толқын. Менің жазғаным біреуге ұнамай қалады-ау деп жоғарыға жалтаңдамайтын, қорықса Құдайдан ғана қорқатын, сөзге берген сертінен айнымайтын жастарға сенеміз. Жазушыларымыз, ақындарымыз ел арасына дін таратып жүрген имамның бейнесін халыққа шынайы жеткізсе дегіміз келеді. Өйткені, имамның бейнесі халыққа әдебиет арқылы жетсе, имам мен халықтың арасы бұрынғыдан да жақындай түсеріне сеніміміз мол.
– Уағыздарында қазақтың ұлттық мүддесін, тәуелсіздігін ескере бермейтін, есесіне шариғатты ғана ұстану керегін әркез айтып қалатын дін өкілдері туралы не айтасыз?
– Дін жолына шынымен бет бұрған адам егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді құрметтеуі керек. Неге десеңіз, діни еркіндікке тәуелсіздігіміз арқылы жеттік. Кеңес уағында елімізде алпыс сегіз-ақ мешіт болды. Дербес діни басқармамыз да жоқ еді, Өзбекстандағы Мұсылмандар одағына қарайтынбыз. Бүгінгі таңда елімізде 2500-ден аса мешітіміз, дербес Діни басқармамыз бар. Сондықтан тәуелсіздікпен бірге келген діни еркіндігімізді бағалайтын әрбір мұсылман бірінші кезекте егемендігімізге де үлкен құрметпен қарауы тиіс.
Халық нақылында: «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді», – деген даналық ой қалған.
Аллаға сансыз шүкір, Отанымыз бар. Жаратушы Иеміздің берген сыйын, Тәуелсіздіктің қадірін түсіне білуіміз қажет. Асылдініміз Исламда бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау – салиқалы һәм сауапты амал, ізгі іс екенін айтады.
– Осы күні дін ұстану мен дәстүр ұстанудың аражігі ажырап кеткендей. Қазақы дүниетаным – Ислам құндылықтарына әуелден қайшы емес еді. Ендеше, дінде жүрген кейбір жастардың дәстүрді мойындамауының себебі неде?
– 2013 жылы «Дін мен дәстүр» деген кітап шығардық. Қазақтың салт-дәстүрлерінің барлығының шариғат бойынша құптарлық іс екенін хадистермен дәлелдеп көрсеттік. Ата-бабамыздың салт-дәстүрі шариғатта да бар екен ғой деп қатты қуанғандар көп болды. Біздің дін мен дәстүр біте қайнасып, бірігіп кеткен. Кеңес өкіметі дінге тыйым салғанымен, көпшілік діннің амалдарын ұлттық дәстүріміз ретінде ұстанып қалған. Бұл дәстүріміз деп дінді өлтірмей бүгінгі күнге жеткізген. Сондықтан шариғатымыз бен дәстүрімізді бөлежара қарауға болмайды. «Дін мен дәстүр» кітабына адамның дүниеге келуінен өмірден өткеніне дейінгі салттарымыздың бәрін енгіздік. Мәселен, тұсаукесер – шариғатта мақұлданатын амал. Ол дұғаның бір түрі. Әдетте тұсауды кімге кестіреміз – беделді, кемеңгер адамды таңдаймыз. Бұл – бала болашақта сол адамға ұқсаса екен дейтін амали дұға, ол шариғатқа қайшы емес. Біз шын мұсылманды мынау – діндар, мынау – дәстүршіл деп бөлмейміз. Дінімізді дәстүрлі дін деп айтатынымыз да сондықтан.
«Біздің ата-бабамыз дінді білмеген. Дін бізге 1990 жылдары келген» дегенді айтатындар да бар. Олар дәстүрлі дінімізді мойындамайтын, басқа ағымда жүргендер. Бұлар қазақтың беташарын харам дейді. Келіннің ата-енесіне сәлем салуын құптамайды. Шынтуайтына келсек, салт-дәстүр деген тәрбие ғой. Ал Ислам қоғамды тәрбиелеу үшін келген дін. Келін түскен сәттен кімді сыйлау керек – беташарда тәлім ретінде айтады. Сәлем салу – үлгенге құрмет, кішіге – ізеттің бір түрі. Қазақтың отбасы институты осындай салт-дәстүр, жөн-жоралғыларды сақтағандығынан ғана аман сақталған. Біздің оны «дінге қайшы, ұстанымға жат» деп айтуға қақымыз жоқ. Қайталап айтайын, дәстүр – шариғатқа қайшы емес. Қайшы дейтіндер дәстүрлі дінді түсінбейтіндер. Әрине, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Ол – басқа әңгіме.
– Бүгінгі молдалар, дін адамдары қазақтың құнарлы тілін біледі, игерген деп айта аласыз ба? Олай дейтініміз, араб, парсы, т.б. Шығыс тілдерінен аударылған діни кітаптардың тілі, мазмұны кейде көңілімізден шықпай жатады. Мүфтият кітаптарды діни сараптамадан өткізетінін естиміз, ол кітаптардағы қазақ тілі нормалары сақтала ма?
– Кейбір қазақша жазылған кітаптарда олқылықтар орын алған шығар. Көш жүре түзеледі. Бізде арнайы сараптама орталығы бар. Онда өзіміздің университеттерімізде қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген теолог мамандарымыз жұмыс істейді. Мүфтияттан шығатын кітаптардың мәтінін сол екі маман арнайы тексеріп отырады.
– Осыдан екі жыл бұрын «Қазақ әдебиетінде» «туылды» деген сөзге қатысты Бекболат Әдетовтің сыни пікірі жарияланды. Күні кеше ғана «Жас Алаш» газеті де Мұхтар Мағауиннің көлемді мақаласында «туылды» деген сөзге қатысты арнайы пікірі берілді. Яғни қазақта «туылды» деген сөз жоқ. Құранда Аллаға қатысты «Ол туылмады да тумады» деген сөз бар. Дәл осы сөзді Ыбырай Алтынсарин «Ол ешкімнен туған жоқ, Оны ешкім тумады» деп аударған екен. Бұл біз көрсеткен бір ғана сөзге байланысты пікір. Құранның өзін таза қазақша нормада қайтадан аудару мәселесі қолға алынып жатыр ма?
– Құранды жақында ғана қайта аударып шықтық. Оның бірі – ҚМДБ-ның Уағызнасихат бөлімінің басшысы, ғылым докторы Ершат Оңғаров деген азамат. Екіншісі – әл-Азһар университетінің араб факультетін және Қызылорда Педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген Сәбит Ибадуллаев.
Сіз айтқан мәселені әлі де жетілдіреміз. Біз Құранды аударғанда ондағы сөздердің шариғаттағы мағынасы өзгермеуіне көп көңіл бөлеміз.
– Қазақтың арғы-бергі тарихына көз жіберсеңіз, сөзге серт берген жандардың көбі Құдай жолын, имандылықты насихаттағаны белгілі. Алайда, бүгінгі күні ата-баба жолынан жеріп, өз нанымдарында жаңа мемлекет – Ислам халифатын құрамыз деген сағымға еріп, сыртқа кетіп жатқан жастарымыздың санасын улаған кімдер? Біз оларды тәрбиелеуде, әсіресе, діни сауатын ашуда қай тұстан қателестік?
– Егемендік алған кезде елімізде мешіттер салына бастады. Адамдар мешіттерге барып, намазы мен Құранын оқып жүре береді деп ойладық. Жастар мешіттерге барып, тек намаз, Құран оқуды ғана місе тұтпайтын дәрежеге жетті. Олар өздерін мазалаған көптеген діни сауалдардың жауабын білгісі келді. Сөйтті де, діни оқу орындарын іздеп, Араб елдеріне кетті. Ол жақтан үйренгендерін Қазақстанға алып келді. Сөйтті де, Қазақстанға оралып, балаларды өз білгенінше оқыта бастады. Жастардың, жасөспірімдердің діни бағытбағдарын басқа арнаға бұрып жатырсыңдар, мұныңа тыйым саламыз демедік. Себебі, арнайы заң жоқ еді. Ал шет елдің діни әдебиетімен мұздай қаруланғандар үй-үйден шағын медреселер ашып алып, жастарды радикалды идеяға елітті. Нағыз заң – Құранда. Мемлекеттің заңына бағынсаң – ширк деді. Бұлар, Дін туралы заң қабылданған 2011 жылға дейін осылай емінеркін көсілді.
Ал қазір жастарымыздың радикалды діннің жетегінде кеткенінің себебін іздеген тұста оған имамдар кінәлі дей салады. Бұл имамның ғана жұмысы емес. Біз радикалды топтарға заң жүзінде тыйым салып, имамдардың жұмыс жасауына жағдай жасауымыз керек.
– Жастар имамның айтқанынан гөрі радикалды топтардың көсеміне бас шұлғтындай ол топтардың уағызының қандай артықшылығы бар?
– Жастарды өзіңіз білесіз, не нәрседен де ерекшеленіп тұрғысы келеді. Не нәрсені де жаңаша, өздігінше жасағысы келіп тұрады. Міне, сондай жастарға, мынау сенің өз жолың дегенді көрсетіп бере қояды. Намазды көпшілік былай оқыса, сен оқитын дұрыс намаз – мынау деп, дәстүрлі діннен алшақтата бастайды. Біртіндеп келе, Құраннан артық қандай заң бар дейсің дегенді тағы айтып, мемлекеттен оқшаулайды. Адамдар арасындағы мейірім, ізгілік деген не – бастысы Алланың мейіріміне бөленсең болды деп қоғамнан да бөлектей түседі. Ақылдан бұрын сезімі алға шығып тұратын жастар түптің түбінде арбауға қалай түскенін білмей де қалады.
– Жастардың бетін бері қаратуға ҚМДБ тарапынан қандай ұмтылыс бар, оның дәлелі мынау деп айта аласыз ба?
– Ондай топтардың жетегінде кеткен жастармен жеке-жеке кездесеміз. Былтыр 500-ден астам адам райынан қайтты. Аты-жөндері, телефондарына дейін көрсетіп, «біздің бағыт дұрыс емес екен» деді.
Қазір түрмеде отырғандарға да үгіт-насихат жүргізетін арнайы имамдар тобын жасақтадық.
Жалпы, жастарды теріс ағымға еліктіретіндерді де жауапкершілікке тартатын арнайы бап енгізетін Заң керек, ешкім жауапқа тартылмайтын болса, олардың жұмысына да ешкім тыйым сала алмайды ғой. Кейбір өңірлерде имамдар өзінің аудандарында қай жерде, қай адам теріс үгіт жүргізіп жатқанын біледі. Тиісті жерге хабарлайды. Олардың қолында заң жоқ болғаннан кейін ешкімді жазаға тарта алмайды.
– Қазір қоғамда заң жүзінде салафизмге тыйым салу керек деген пікір айтылуда…
– Қазақстанда дәстүрлі дін – Ислам, Әбу Ханифа мәзһабы, Матуриди ақидасы. Міне, біз осыны ұстануымыз керек. Осыны ұстанбаса – радикалды немесе жат ағым болып есептелуі тиіс.
Бұл заң дінді тыймайды. Дінді құбыжық етіп көрсетіп жатқан адамдарды тияды.
Міне, осындай шараларды біртіндеп қолға алсақ, ол ағымдар да тоқтар еді. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын «Таблиғ жамағатқа» қарсы заң шықты. Олар бірден тыйылды. Әйтпегенде, мешіттерде ертеден кешке дейін дөңгеленіп алып, имамның айтқанын тыңдамай, құлақтарына құлаққаптарын киіп алып, өз ұстаздарының айтқанын тыңдап отыратын. Мешіттен шығарып жіберсең – біраз уақыттан соң қайта жиналып алады. Солар туралы заң қалай шықты, өздері жоқ болды. Имамның міндеті – халықпен етене жұмыс істеу. Біздің міндетіміз – мешітке келген адамды имандылыққа, сабырға, мейірімге, ізгілікке, бауырмалдыққа шақыру. Жастар некесіз қалмауы керек, жаназа шығарылмай қалмауы керек.
– Ақтөбедегі діни радикалдардың бас көтеруі бірінші рет емес. Ол жақтағы діни көңіл-күйдің әр алуандылығына кім жауапты? Күні кеше лаңкестік деп ат берген жағдайға «жауапты» делінген діни радикалдардың жас шамасына қарасаңыз, барлығының дерлік өрімдей жас екенін бағамдайсыз. Жастық қызық қуып, жар сүйіп, өмірдің ең шуақты сәттерін бастан өткеруі тиіс жасында бәрінен баз кешіп, бейбіт күнде қолдарына қару алғызған не күш, нендей насихат? Біз жастарымызды діни бағытта тәрбиелеуде қай тұстан кем түстік?
– Радикалды топтар әдебиеттерінің барлығы – Алла жолында өзін шейіт қылу жайында. Алла жолында шейіт болғандарды о дүниеде Хор қыздары күтеді. Ал бұл дүние шайтани дүние, шайтанның заңы үстемдік ететін мемлекетте өмір сүрудің қажеттілігі жоқ. Радикалды топтардың әдебиетінде Отанды, ата-ананы, баланы, әйелді сүю, құрметтеу туралы ләм-мим демейді. Балаңа дұрыс тәрбие берсең, Алла Тағала о дүниеде басыңа тәж кигізетіні туралы айтылмайды. Олар мына дүниені лас дүние дейді. Осындай жайттар қайталанып айтыла бергеннен соң, жастар бұл идеяға тез сенеді. Жас адам мына өмір мен вируалды өмірді ажырата алмай қалады. Олар өздері жасап алған о дүниеге ойша кетіп қалады. Осындай бағытта теріс тәрбие беріп, жастарды екі-үш айда лаңкеске айналдыра салуға болады.
– Нақты өзіміз «лаңкес» деп ат берген жастар туралы айтып өтсек. Сіз білесіз бе, әлеуметтік желілерде кейбіреулер Ақтөбедегі жігіттердің террорист екеніне сенбейді. Басқа елдің лаңкестері адамдарды атады, кепілге алады, өзінің талап-тілегін қояды. Біздің лаңкес дегендер жалғыз қарумен өлімге еш мақсатсыз ұмтылады. Демек, олар террорист болмауы да мүмкін деген де пікір бар. Бұл ой қаншалықты қауіпті?
– Жалпы, қолына бейбіт күнде қару алып, бейбіт адамды мақсатсыз болсын, мақсатпен болсын, қандай да бір талап-тілексіз болсын, талап-тілекпен болсын өлтіру – мұсылманға тән қылық емес. Оларды ештеңемен ақтай алмайсыз. Оны бөліп-жарудың қажеті жоқ, олар – лаңкестер. Мүмкін жас болғандықтан, көбінің мақсаты жоқ шығар. Бейбіт адамды өлтіру – харам екені Құранда айтылған. Олар адамдар арасындағы мейірімге сенбейді, ізгілікке ұмтылмайды. Сөйте тұра шейіт болып, жәннаттық болуды аңсайды. Бұл ауытқу емес деп кім айта алады?
– Сіз айтып жатқан жастар өздерін радикалды діни ағымның жетегінде жүрміз деп ойламауы да мүмкін ғой?
– Олардың олай ойламайтыны анық. Ұстанып жүрген бағыты радикалды екені санасына жетсе ол жолды тастап кетпей ме? Жаңа радикалды ағымдарға тыйым салатын заң керек дегенді айтқанда, ол ағымға жастарды тартатын идеологтарды қатаң жазаға тарту туралы да қосып кеткім келеді. Бұл заң жастарымыздың санасын кім көрінген уламауы үшін де керек.
– Ресей патриархы Кириллдің айтқандарына құлақ түрсеңіз, уағызын орыс жазушыларының шығармаларымен «тұздықтап» отырады. Бір сөзінде: «Балалар кітапты аз оқи түсуде» деген алаң көңілін де айтты. Біздің имам-молдалар балалардың кітап оқуына ықпал ете ала ма? Олар өз сөздерінде қазақ ақын-жазушыларының ғибратты сөздерінен мысал келтіре ме?
– Қазір біз имамдарымызға талап қойдық. Олар айтар уағыздың ішінде міндетті түрде қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан, ғибратты сөздерінен мысал келтірілсін дедік. Жыл сайын уағыз кітаптары жарық көреді. Сол кітаптарда жыраулар поэзиясының өкілдері, Алтын Орда дәуірі әдебиеті, Қазақ хандығы дәуірінің қайраткерлері, Абайдан бері, Алаш қайраткерлерімен жалғасып, бүгінгі қаламгерлерімізге дейінгі шығармалардың ішіндегі ата-ана, Отан, отбасындағы береке, татулық, достық, бауырмалдық, мейірім, т.б. ізгі қасиеттерді ту еткен шығармалардан мысалдар келтіріп жүрміз. Аталарымыз дінді бізден жақсы білген. Осыны жастарға сіңіру керек. Имамның уағызында қазақ қаламгерінің қандай да бір шығармасынан мысал келтірілсе, оны тыңдаған бала да, сол шығарманы толық оқып шығуға ұмтылмай ма?
Біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Біз дін мен дәстүрін ардақтаған, салтын сақтай білген жоралы жұртпыз. Қазақ хандығы Алтын Ордадан бөлініп шыққан кезде діні мен дәстүріне берік мемлекет ретінде өз іргесін қалады. Осы кезеңде дін мен дәстүр өзара үйлесім тапты. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі шариғат аясында орындалып, дәстүрлі Ислам жолы қалыптасты. Ел басқару, қазылық жасау қызметтерінен бастап, күнделікті істерде де шариғат үкімдері басты назарға алынып отырды. Әбу Ханифа жолын ұстанған бабаларымыздың өмірі бізге қашан да өнегелі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз қызметі аясында 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» деп жариялады. Осынау игі бастама аясында ата-бабамыздан қалған асыл жауһарларды қайта жарыққа шығарудың орайлы сәті, мол мүмкіндігі туды. Әлем кітапханаларының сирек қорларында шаң басып жатқан ескі кітаптарды жарыққа шығарып, халықтың игілігіне ұсыну – бүгінгі ұрпақтың абыройлы міндеті деп санаймын. Осындай ізгі ниеттің нәтижесінде Діни басқарманың ғалымдары «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты кітап дайындады. Алматыда ғалымдардың, ақын-жазушылардың қатысуымен тұсауын кестік.
Ата-бабаларымыздың шығармаларындағы діни көзқарастарды осы кітапқа жарияладық. Олардың айтқандарының көбі Қазақстанда сақталмаған, Өзбекстан мен Татарстаннан арнайы алдырттық. Біз мұндай үгіт-насихат жұмыстарын көптеп шығару үшін өз баспамыз болуы керек.
Біз кітаптарымызды сатпаймыз. Тегін таратамыз. Дін – үлкен идеология болғандықтан қолдан келгеннің бәрін істегіміз келеді. Біз дін жайында ізденіп, кітаптар шығарып берейік, онымызға бір тиын ақы да дәметпейміз, бәрі де Алла ризалығы үшін. Сізге бір нәрсені анық айта аламын, еліміздегі діни ахуалдың тамырына қан жүгіруі үшін діни басқарма бар күшін сарқып жұмыс істеп жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қарагөз СІМӘДІЛ
Дереккөзі: «Қазақ әдебиеті» газеті. Түпнұсқадағы тақырып: Кеңесті жерде кемдік жоқ.