Поляктар Қазақстанда өздерінің "Агроқалашығын" құрмақшы
2016 ж. 30 маусым
2089
2
Қарағанды облысында поляк бизнесінің қатысуымен «Агроқалашық» инвестициялық паркі» жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«30 маусымда Қарағанды облысының әкімдігі мен поляк-қазақ сауда-өндірістік палатасы және жалпыполяктік шаруашылық палатасы шығыс ынтымақтастық комитеті арасында «Агроқалашық» инвестициялық паркі» жобасын жүзеге асыру туралы меморандумге қол қойылды. Қол қою рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысты», делінген хабарламада.
Елге шет ел инвестицияларын тартуда аграрлық сфера басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстандағы «Агроқалашық» құрылысы туралы ақпарат 2016 жылы сәуір айында Варшавада өткен Қазақстан-Польша үкіметаралық комиссия отырысының соңғы хаттамасында көрініс тапты», деп атап өтті облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жоба мақсаты - поляк инвесторларын тарту арқылы аймақтағы ауыл шаруашылығын, сақтау, өңдеу технологияларын дамыту.
Алдын ала бағалау бойынша, жобаның бірінші кезеңінің құны шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайды. Оған көкөніс және жеміс-жидек өсіретін жылыжай, ашық плантациялар моделі, өңдеу зауыттары, және қоймалар мен тоңазытқыштар құрылысы кіреді.
«Сонымен қатар, поляк серіктестер Польша, Қарағанды білім беру мекемелерінің негізінде ғылыми-оқыту орталығын құру арқылы салынып жатқан өнеркәсіпке мамандарды даярлау бағдарламасын бір уақытта бастауды жоспарлап отыр», деп мәлім етті облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Дерек көзі: ҚазАқпарат