Төлешовтің төрт әйелінің табысы миллиондарды құраған
2016 ж. 28 маусым
3183
7
"Шымкентсыра" зауыты 2016 жылдың қаңтарында қамауға алынған шымкенттік белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің отбасы мүшелеріне ай сайын 60 миллион теңге төлеп тұрған. Ал жұмыс орнына ешқашан келіп көрмеген әйелдеріне ай сайын 2 миллион 282 мың теңге жалақы беріліп тұрған. Бұл туралы Otyrar.kz порталы хабарлады. Тілшілер зауытта болып, кәсіпорынның қазіргі жұмысымен танысты.
"Дархан Group" ЖШС кадр және еңбек қатынастарын басқару бөлімінің басшысы Надежда Орттың айтуынша, біраз маманды, бөлімді қысқартуға тура келді. Себебі олар Төлешовтің отасына қызмет көрсетіп келген бөлім деуге болатын еді. "Мысалы, химиялық тазалау, жеке көліктері тұратын гараж, көлік жуу орны, отбасына арналған ВИП-асхана, арнайы бөлінген күзет агенттігі. Осының бәрі бір отбасына қызмет еткен. Зауытта Төлешовтың туыстары басшылық қызметтерде тіркеліп, ақша алып отырған. Ол штаттарды қысқарттық. 4 әйелі компанияның бас директорының 4 бағыттағы орынбасарлары ретінде қомақты айлық жалақы алып отырған. Олардан басқа бизнесменнің балаларына арналып та штаттық бірліктер ашылып қойған. Барлығы тек қағаз жүзінде жұмыс істеген. Бірақ зауытқа келмеген. Аларға ай сайын төленген жалақы 2,5 миллион теңгеден асады", - дейді бөлім басшысы.
Ал бас бухгалтер Светлана Васильевна Лукиных осы тазарту шарасынан кейін компанияның ай сайын 40-60 миллион теңге шамасында қаржы үнемдегенін айтып отыр. "Сол қаржы негізінде бүгінде айлық жалақы қарызын жаптық. Екі компания бойынша да қазір қарызымыз жоқ. Керісінше, қазір жұмысшылардың еңбекақысын 25-30 пайызға, кейбірінің айлығын 50 пайызға дейін көтердік. Ал жұмысшылардың бірде-бірін қысқартпадық. Қазір барлығы айлықты уақтылы алып жүр", - деді ол.
Зауыт басшылығы кәсіпорында салық айналымына қатысты да тексеру жүргізілгенін нақтылады. Соған байланысты қосымша құн салығы мен пайда салығы, акциздерге қатысты қордаланған 800 миллион теңге көлемінде қарыз өтеліпті. Олар - зейнетақы жинақтау қорына бөлінетін қаржы және әлеуметтік салық, тағы да басқа төлемдер еді.
"Кешенді тексеруден белгілі болғаны, Төлешов барлық мерекелік іс-шаралары мен қымбат көліктерді сатып алу, тіпті, шетелдердегі демалыстарын зауыт есебінен жасаған. Зауыт кассасынан 8,5 миллиард теңге алған. Яғни, кәсіпорын ұжымы бір отбасыға жұмыс істеген", - деді Светлана Васильевна Лукиных.
Кездесу соңында тілшілердің зауыттың ендігі тағдырына қатысты сауалына нақты жауап та беріліпті. "Менің пайымдауымша, зауытты АТФ Банк алады. Зауыт банкте кепілдікте тұр. Бірақ, жаңа басшылар келсе, олармен келіссөздер жүргізуге дайынбыз. Себебі, жұмысшылардың құқығын қорғауға ниеттіміз", - деді бас директордың міндетін атқарушы Нұрғали Досанбаев.
"Бұл кезде зауыт аумағында көліктерге сыра құйылған үлкен құтылар тиеліп, таратуға дайын тұрды. Бұл - зауыт жұмыс істеп тұр деген сөз", - дейді басылым тілші Зәуре Оралбаева.
"Қазіргі таңда зауыт ғимаратында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бұрынғысынша жұмыс жүріп жатыр. Кәсіпорын жетекшілері біздің түсіру тобына бірден өндірістің ішкі жүйесін де көрсете бастады. Зауытта біршама уақыт бойы тоқтап тұрған сыраны бөтелкелерге құю жүйесі жақында іске қосылыпты. Уақытша жұмыссыз қалған азаматтар ісіне қайта кіріскенін айтады", - дейді тілшілер. (Дереккөз: Otyrar.kz, Зәуре Оралбаева)
Еске салайық, белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылдың 30 қаңтарында Шымкентте арнайы операция кезінде ұсталған болатын. Тінту кезінде үйінен және жұмыс орнынан қару-жарақ, есірткі заты және оқу құралдары анықталып, тәркіленген еді. Кәсіпкермен бірге үш адам ұсталды.
Дерек көзі: Otyrar.kz