"Асыл арнаның" бағдарламалары бүгінгі күннің талаптарына сай емес - Дана Нұржігіт
2016 ж. 28 маусым
3626
6
Белгілі журналист Дана Нұржігіт «Асыл арнаны» үзбей көретін анасымен арасы алшақтай бастағанына алаңдап, әлеуметтік желідегі жеке парақшасында мәселе көтереді. Ол Ақтөбе оқиғасынан кейін бағдарламалық саясатын қайта қарауы тиіс еліміздегі діни телеарнаның түк болмағандай, бұрынғы қалпымен жұмыс істеп жатқанына таң қалады.
«Анамның үйінде үнемі «Асыл арна»қосулы тұрады. Ол кісінің намазға жығылып, ораза ұстағанына көп жыл болды. Алматыдағы Жандосов пен Розыбакиев қиылысындағы мешітте күні-түні дұға жасайды, араб тілі сабағына да барады. 38 жасында жесір қалған жалғыз басты әйелдің өмірдегі тірегі осы боп тұр. Бірақ, менің айтайын дегенім, бұл емес. Қазір көзбен көріп отырғаным мені қатты алаңдатады.
«Асыл арна» да, мешіттегі имамдар да шынайы өмірден өте алшақ-ау…
Анамнан байқаймын, «террористік қауіптің сары деңгейі туралы естіп пе едіңіздер, көпшілік жерге мүмкіндігінше бармасаңыздар қайтеді?» десем, ол туралы білмейді де екен. Иә болмаса, «Асыл арнаны» көріп отырып байқаймын, олардың бағдарламасы бүгінгі күннің талабына сай емес.
Ақтөбедегі оқиғадан ешқандай сабақ алмаған, етек-жеңін жимаған. Хабарлары сол күйінше, жайбарақат, солыңқы күйде жүріп жатыр. Ал, меніңше, Ақтөбе оқиғаларынан кейін бұл арна бүкіл «сеткасын» қайта қарап, xабардағы екпінді, назарды неге аудару керектігін жіті бақылап, мемлекет мүддесін, қала берді тыныштығымызды қорғайтын бірден бір арна болуға тиісті еді ғой.
Мешіттегі имамдар менің анам сияқты үлкен кісілерге де жастарға да Құран сүрелерін ғана емес, сондай-ақ бұл мемлекет қазір қандай кезеңді бастан өткеріп жатқанын, түрлі діни ағымдардың жетегінде кетіп, қателескен момындарды жолға салу жөнінде сөйлесуі керек. Анаммен осы мәселелерді қозғап тілдесейін десем, әңгімеміз мүлде жараспайды.
Ол кісі, иә бұл жайттардан xабарсыз, иә мешіттерде тек қана мұсылман парызы жайлы әңгіме болады. Алаңдау, осы жайлы ойлану, жақындарымен сөйлесіп, ең бірінші отбасына берік болу жоқ. Құдайға құлшылықты бірінші орынға қойып, қасындағы жақындарын көрмеуге шақыра ма, білмеймін…
Өмір бөлек, дін бөлек.
Үйде де бөлек адам бола бастадық. Алаңдаймын…»
Дана Нұржігіт, Фейсбуктегі жеке парақшасындағы жазбасы