ВЛАДИМИР ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ
2016 ж. 24 маусым
2061
0
Дүкенде кезекте тұрмын. Алдымдағы орыс ұлтының өкілі сатушыға қазақша тіл қатқанда елең ете қалдым.
-Қызым! Маған екі келі күріш, бір қорап шырпы бере ғой!
Сатушы "қаракөз" қызымыз көзін бағжаң еткізді.
-Не поняла!
Өзге ұлт өкілі жымиып күлді.
-Тогда 2 килограма риса и пачку спички!
Ол заттарын алып, сыртқа беттегенде қызығушылығым артып, мен де соңынан ергенмін. Әңгімелестік. Ұлты орыс. Қызылорда облысының тумасы екен.
-Қандай ұлт өкілі болмасын, адам өзінің тұрған жерінің мемлекеттік тілін білуі керек!-дейді ол,-Жарайды, мен қазақтардың арасында өстім. Сондықтан қазақша білемін. Бірақ, мен қазақшадан басқа түрік, корей, шешен тілдерінде сөйлеймін. Тағдырдың тәлейімен осы елдерде біраз болғаным бар. Сол елдің жергілікті халқына құрмет ретінде олардың ана тілін барымды салып үйренуге тырыстым...
Бейтаныс асығыс екенін айтып, мәшинесіне беттеді.
-Аға, аты-жөніңізді айтып кетсеңіз?
-Владимир Григорьев!
-Суретке түсіп кетсеңіз...
-Сен де болмадың ғой,"қызталақ"!
Күліп жібердім. Нәтижесі мына сурет! Ал, ана тілі туралы әңгіме- "біреулердің" құлағына "алтын сырға"!