КҮДІГІ КӨП «КҮЛІК ШАЙҚАСЫ»

немесе тарихқа жаңаша көзқарас керек

22Бүгінде қазақ жұрты  егеменді ел болуының арқасында  көне тарихқа азат ой, ақиқатшыл санамен көз жіберіп, бұрмаланып келген кейбір оқиғаларды қайта қараудың заманы туды. Оның үстіне біздің арғы тарихымыз  Алтын Орда хандығынан бастау алып, көршілес Ресей тарихымен  ұштасып жатыр.     Ортақ еліміз болған кеңес өкіметінің кезінде білім алған қай-қайсымызға да «КСРО тарихы» деген оқулық  бойын­ша «Куликово шайқасын»  асыра дәріптеп, жағымды жа­ғы­нан оқытты. Біртұтас қоғам мен сірескен саясат тұсында оның рас-өтірігіне ешқайсымыз да күмән мен күдік келтіре алмадық. «Е-е солай болса, болған шығар» дестік. Еске түсіріп көрейікші. Кезінде біз КСРО тарихы деген оқулықтан Куликово шайқасы туралы қалай деп оқып едік. Онда былай жазылған болатын: …ХІV ғасырда Москваның күш-қуаты нығайып, керісінше Алтын Орда әлсірей түсті. Соңғы 22 жылда Алтын Ордада 25 хан ауысып, олардың көбі өз ажалымен өлген жоқ. Оларды бақталастары өлтірді.   Осы ғасырдың екінші жартысында біраз уақыт Орданың басын біріктіріп, ондағы билік тізгінін татар қолбасшысы Мамай  қолға алған-тын. Бұл  кезде Москва оларға бағынуды қойған еді. Сондықтан да Мамай оны тас-талқан етіп жеңіп, тәубесіне келтіріп қоюды  көздеді. Ол үлкен қол жинап, Моск­ваға бірлесіп шабуыл жасау үшін Литвамен әскери жағынан одақтасты. Мамай сондай-ақ, өзін Рязань князьдігі де қолдайды деп үміттенді. Ал, Рязань князі болса бір жағынан өз жерін аман алып қалуды ойлады. Екіншіден, өзінің бақталасы Москва князінің күшейіп бара жатқанын көре алмады. Сөйтіп, 1380 жылдың тамыз айында Мамай Москваға жорыққа аттанды… Бұдан әрі қарай сол кезде Москва князьдігін басқарып тұрған Дмитрий Ивановичтің /атақты Иван Калитаның немересі/ бұған қарсы  әскер-қол жиып дайындалғаны, мұндай сырттан қауіп төнген қысылтаяң шақта айнала­дағы кішігірім князьдік иеліктердің бір-біріне деген өкпе-реніштерін қоя тұрып, тізе қосып, бас біріктіргені, Суздаль, Ростов, Ярославль, Белозерск князьдіктерінен жасақтар­дың жиналғаны, бұған қолдарына айыр, балта және шоқ­пар ұстаған шаруалар мен қолөнершілердің де қосылғаны, соғысқа бас-аяғы 150 мыңдай адамның қаруланып, кіріс­кені айтылады. Солай Дон өзенінің бойында Куликово даласында Мамай мен орыс әскерлерінің арасында жан алып, жан беріскен кескілескен шайқас болған деседі. Сол кездегі бір жылнамашының жазуынша: “Найзалар сабандай бырт-бырт сынып, оқ-жебелер жаңбырша жауды. Аспанға көтерілген шаңнан күннің көзі көрінбеді. Қылыштар найзағайдай жарқылдады. Адамдар баудай түсіп, қан арықтағы  суша  ағып жатты…” Дегенмен, бұл жолы князь Дмитрийдің айы оңынан туып, Мамайдан айласын асырып, жеңіске жетті. Осы жеңісі үшін халық оның дақпыртын асырып, «Дмитрий Донской» деп дәріптеді. «Куликово шайқасын» Русь жұрты «татар-моңғол бас­қыншылығына қарсы күрестегі  тұңғыш ірі жеңісіміз» деп бағалады. Бірақ, сол тарих оқулығында бұдан әрі  Куликово шай­қасынан екі жыл өткен соң татарлардың Москва князь­дігіне қайта шабуыл жасағаны, бұл жолы оларды жаңа билеуші хан Тоқтамыстың   бастап келіп, Кремльге басып кіріп, оған от қойып, ойрандап, айналадағының бәрін күл-талқан етіп, қолға ілінгенді тонап кеткені жазылды. Өкінішке  қарай, біздің тарихқа арналған оқулықтары­мызда  «Күлік шайқасы» әлі күнге осы сарын мен маз­мұн­да, яғни орыс тарихының мүддесі тұрғысынан оқы­тылуда. Оған  көз жеткізу үшін тым алысқа бармай-ақ «Қа­зақ­стан тарихы» деп аталатын 7-сыныпқа арналған оқу­лықтың  Алтын Орданың  әлсіреуі  (1357-1380 жж.)  та­ра­уын­дағы «Куликово шайқасы» тақырыбын оқып қараңыз. Ендігі жерде заман да, қоғам да өзгерді. Тарихқа да, рухани-мәдени құндылықтарға да қайта қарау басталды. Сондықтан  жеткіншек ұрпақтың ой-өрісі мен дүниета­нымын байыту үшін «Күлік шайқасы» жөнінде басқаша пайым мен көзқарастардың да бар екенін айтуға болмас па еді?  Әлде бұған да әлдекімдерден рұқсат пен мақұлдау алуымыз керек пе? Әрине,  орыс жұртына  «Куликово шайқасын»  осылай, өз тұрғысынан  оқыту ауадай қажет. Олар мұны  «Алтын Орданың үстемдігіне, татар-моңғол шапқыншылығына қар­сы күресте  қол жеткізген алғашқы жеңісіміз» деп есеп­тейді. Осы арқылы елінің еңсесін көтеріп, айбынын асыруды мақсат етеді. «Содан бастап ежелгі Русьтегі ұсақ-ұсақ княз­ьдіктер іріленіп, біріге бастады, тізе қосып біріксе, сыртқы жаудың кез-келгеніне тойтарыс беруге болатынына көз жеткізді» дейді. Қазіргі таңда Куликово шайқасы болып өткен Тула же­рінде “Куликово даласы” деп аталатын музей-қорық жұ­мыс істейді. Онда  кескілескен «Күлік шайқасында»  орыс жа­сағының қолбасшысы болған айбынды Дмитрий Ива­нович Донскойға еңселі ескерткіш тұрғызылған. Мұн­да жыл сайын ұлан-байтақ Ресейдің әр қиырынан лек-лек туристер келіп, ұлы князьдің ерлігіне бас иіп, рухы­на тағ­зым етеді. Ол жайында аңыз бен ертегіге бергісіз әңгімелер тыңдайды. Осылайша орыс қоғамы өскелең ұрпағын отан­шылдыққа-патриотизмге,  ынтымақ пен бірлікке  тәрбие­лейді. Кешегі кеңес өкіметінің тұсында, «коммунистік партия көне тарихқа таптық тұрғыдан қарайды» деп айтатын. Соған қарамастан 1980 жылы халықтар достығы мен ин­тер­­­национализм идеясы тәрк етіліп, өзге ұлттардың көңі­лі­не қарамай-ақ СОКП Орталық Комитетінің арнайы қаулысымен “Куликово шайқасының 600 жылдығы” ел кө­ле­мінде жоғары деңгейде аталып өтті. Баспасөз бет­терінде оның «тарихи маңызы» кеңінен насихатталды. Және де тікелей шайқас болып өткен Монастыршино деревнясында «Куликово шайқасының 600 жылдық мерейтойының» сыл­тау-себебімен мемлекет есебінен мол қаржы бөлініп, жер­гілікті жерде жаңадан бірнеше ақшаңқан үйлер тұр­ғызы­лып, асхана, балабақша салынды. Сондағы  колхозға су жаңа трактор сыйға тартылды. Сөйтіп, «көне тарих» еске алынып, орыс ұлтының рухы бір көтеріліп қалды. Сайып кел­генде, бұл шараның  әр жағында «Куликово шайқасы» арқылы Кеңес одағының негізін құрап отырған — ұлы орыс халқының  айбынын асыру, беделін биіктету  саясаты жатыр еді. Ал, бүгінгідей Ресей өз алдына дербес мемлекет болып тұрған заманда мұндай  әрбір дата мен оқиғалардың, сірә, ұмыт қалмайтыны бесенеден белгілі. Осының айғағындай, Ресей Федерациясында 2005  жылы Куликово шайқасының 625 жылдығын атап өтуге мемлекеттік тұрғыдан мән беріліп, анау-мынау емес, 56 млн. рубль /2 миллиондай доллар/  қара­жат бөлініп, үлкен де ауқымды іс-шаралар өткізілді. Мұндай  «игілікті дәстүрдің» алдағы уақытта да жалғасын тауып, «Күлік шайқасының» 640-650 жылдық мерей­тойларының биік деңгей мен дәрежеде атап өтілетініне ешкімнің  күмәні бола қоймас. Мұндай әңгімені неге айтып, неліктен қозғап отырмыз? Адамзат қоғамы ілгері жылжып, дамып, өркендеп, өрке­ниетті бола түскен сайын өзінің жүріп өткен жолына, көне тарихына сын көзбен қарайды, онда жасырын жәйттер мен ақтаңдақтардың болмауын қалайды. Тарих қай кезде де өзінің ақиқатымен, шыншылдығымен қымбат. Осыны жақсы түсінген Ресейдің кейбір тарихшылары мен зерттеушілері: «Күлік шайқасына» ақиқат пен шын­дық тұрғысынан қайта қарау керек» деп, баспасөз бет­те­рін­де бірқатар сыни мақалалар жазып жүр. Керек десеңіз, олардың кейбіреулері: “Мақтан ететіндей, Куликово шай­қасы ертедегі Руське, Москва князьдігіне, қала берді, жал­пы орыс жұртына қандай пайда берді?” деген сұрақты көлденең қояды. Өйткені, жоғарыда айтылып өткендей, Куликово шай­қасынан небәрі екі жыл өткеннен кейін, яғни 1382 жылы Алтын Орданың жаңа билеушісі Тоқтамыс хан Мәскеу князьдігіне қайта шабуыл жасап, Кремльді күл-талқан етті. Жеңілген Дмитрий өзінің князьдігін тағдырдың тәлкегіне тастап,  Кострома ормандарына қарай  бассауғалап қаш­ты. Тоқтамыс Мәскеу князьдігін жеңіп, тәубе­сіне келтіріп қана қойған жоқ, 1374 жылдан бері төлемей келген 8 мың рубль алым-салығын мәжбүрлеп төлетті. Оған қоса әрбір деревняға қосымша салық салды. Өздерімен бірге Дмит­рийдің баласын кепілдікке алып кетті. Мұндай көп мөл­шердегі салық (алдындағы Куликово даласында болған соғыстан титықтап) онсыз да әзер күнел­тіп отырған  қара халыққа аса ауыр тиді. Тіпті, мұнан кейін жүз жылдан астам уақыт  Мәскеу князьдігі Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұрды. Мұны ешбір зерттеуші жоққа шығар­майды. Ендеше, «Куликово шайқасы не үшін қажет болды және ол қандай мақсатты көздеді?» деген сауалдың да  да туары анық. Шынтуайтына келсек, қайсыбір орыс та­рихшыларының өздері жазып жүргеніндей, Алтын Орда мен Москва князьдігінің   арасын­дағы соғыс  бостандық пен азаттық үшін болған соғыс емес, керісінше, салық төлемеуден шық­қан қаржы-қаражаттық қақтығыс. Тарихи деректер айғақтайтынындай, 1371 жылы Мамай мен Дмитрийдің оңаша кездесуін­де салықтың мөлшері және төленетін уақыты нақты келісілген. Бірақ, ол Алтын Орданың өз ішіндегі алауыздық пен бей-берекетсіздікті  пай­даланып, салықты төлегісі келмеген. Бұл жөнін­де оған әлденеше рет ескерту жасалған. Алайда, құлақ аспаған соң, қатты ызаланып, қаһарына мінген Мамай амалсыз күш қолдану әрекетіне көшкен. Әйгілі «Күлік шайқасы» сөз болғанда тарих­шылардың ерекше күдік келтіретін тұсы – шай­қастың болған жері және Дмитрий Донской әскерлерінің саны. Бұл, тіпті, әуелдегі жылна­ма­ларда «400 мың» деп көрсетіліпті. Осы­ны оқыған әйгілі тарихшы Николай Карамзин басын шай­қап: “Неткен бассыздық! Тым бол­маса 150 мың демейсіңдер ме?!” деп жазбаның сол тұсын түзеткен көрінеді. Кешегі кеңестік идеология тұсында білікті-ау дейтін тарихшы-ғалымдар жан-жақты пікір­лесе келіп, ол мөлшерді 100 мың адамға түсірген. Осының өзі «тым көп» дейтіндер де бар. Себебі, шайқас болды деп көрсетіп жүрген Күлік жазы­ғының ұзындығы екі шақырым да, ені сегіз жүз метр. «Мұндай шағын алаңқайға  жүз мың әс­кердің  сыйюы екіталай»  дейді. Айтқандай-ақ, осы мәліметті бір кезде  Е.А.Разин дейтін әскери тарихшы ерінбей, бүге-шігесіне дейін тәптіштеп зерттепті. Зерттеу бары­сында ол ХІV ғасырдың аяқ кезінде Москва княз­ьдігінде және оның айналасындағы иелік­терде қанша халықтың тұрғанын шамалап шы­ғар­ған. Сонда оның көп болса 10 пайызы соғыс­­қа қатысты деп есептеп, «князь Дмитрий әс­ке­рінің саны  асыра айтқанның өзінде 50-60 мың­нан аспаған» деген болжам жасаған. Әрі бұл  бол­жамын нақтылау үшін бірнеше дәлел кел­тірген. Мәселен, ол «бұдан артық-көп болған жағдайда князь Дмитрий айналасы 10-12 сағат­тың ішінде өз әскерлерін Дондай үлкен өзеннің арғы бетіне өткізіп үлгере де алмас еді» дегенді айтқан. Мұнысы енді қисынға да, жобаға да  ке­леді. Өйткені, әлемдік соғыстар тарихын зерт­тей­тін  әскери ғылымда осындай  шама-мөлшер  негізге алынады. Қосымша мәлімет үшін айта кетер болсақ. Ке­шегі 1941-45 жылдардағы Екінші дүние­жү­зілік соғыста гитлерлік Германия өз халқының 14,5 пайызын /кейбіреулердің ауру-сырқауына, ақ­сақ-тоқсағына қарамай/ әскерге шақырып, май­данға шығарған болса, КСРО 6,5 пайызын ғана пайдаланған. Кейбір ғалымдар фашистік Гер­ма­нияның жеңіліп қалуының бір себебін  осы­дан көреді. «Ат аунаған жерде түк қалады» демекші, жоғарыда айтылғандай Күлік жазығында: “Най­залар сабандай бырт-бырт сынып, оқ-жебелер жаңбырша жауды. Аспанға көтерілген шаңнан күннің көзі көрінбеді. Қылыштар найзағайдай жарқылдады. Адамдар баудай түсіп, қан арық­ша ағып жатты…” дегендей кескілескен қанды шайқас болған болса, одан тым құрығанда са­дақ оғының қалдығы мен найзаның сынығы, шейіт болған сарбаздардың сүйектері қалуы керек қой. 1995 жылғы 6 шілдеде «Российская газета» басылымында Николай Киреевтің  «Где ты, поле Куликово?» деген мақаласы жарық көрді. Ма­қа­­ланың атауының өзі қандай да бір дүдә­мал­дықты меңзеп тұрғандай. Міне, осы мақалада Туладағы археологиялық музей қызметкер­лерінің 1982 жылдан бері «Куликово» даласын тінти зерт­теп, бұл іске солдаттар мен оқушыларды да тар­тып, олай да бұлай да қазып, сүзіп шығып, ондай жойқын шайқас өтті деген өңірден айғақ болар­лық мардымды ештеңе таппағандары жазылды. Мұны айтып отырған себебіміз, әдетте тарихты зерттеушілер өткен замандардағы қандай да бір оқиғаны ашу, оның шындығына көз жеткізу үшін көне жылнамаларға және археологиялық қазба­ларға сүйенеді. Мысалы, 1237 жылы Бату ханның Рязань князь­дігіне шабуыл жасағаны «Повести о разорении Рязани Батыем» деген еңбекте кеңінен баяндалған. Артынан айтылған жерге археолог­тар қазба жұмыстарын жүргізгенде  оқиға орнынан үлкен өрттің ізі байқалып, өз ажалынан емес, кескілескен шайқастан  қайтыс болған көптеген  адамдардың сүйектері табылған. Атышулы «Күлік шайқасын» шындыққа балайтындардың бірден-бір сүйенері — «Задон­щина» мен «Сказание Мамаевом побоище» («Мамай қырғыны туралы аңыз») қолжазбалары.  «Задонщинаның» күні бүгінге алты нұсқасы жеткен. XV ғасырда жазылды дейтін, ең алғашқы нұсқасының жартысы жоғалған. Кейінгі нұсқа­лары әр кезеңде (XVІ-XVІІ ғғ.) толық­тырылған. Ал, «Сказание Мамаевом побоище» көбінесе «Задонщинаға» сілтеме жасайды. Сондықтан бұл екі жылнаманы да сыншыл тарихшылар «пуб­лицис­тикалық шығармаға»  балайды. Ақиқат пен әділдік үшін мынаны да айта кет­кен жөн. Бәзбір зерттеушілер: «Сказание Ма­маевом побоище» қолжазбасында айтылған бір­қатар «Кулишки», «Кузьмине гаити», «Крас­ный холм» деген сияқты жер-су аттарына қара­ғанда  «Күлік шайқасы» Тула жерінде емес, осы күнгі Мәскеудің орнында болған болуы  ықти­мал»  деген жорамал айтады. Демек, бұл айтылғандардың бәрін ой елегінен өткізгенде байқайтынымыз, «Күлік шайқасы» болды дейтін қисын да және оған күдік пен кү­мән келтіретін уәждер (аргументтер) де жет­кілікті. Кең көлемде алып қарағанда осы ойлардың Ресейдің жалпы тарихына да қатысы бар. Мұны Мұрат Әжінің (Мурат Аджи) жұртшылық ара­сында үлкен қозғалыс пен қызығушылық, пікір­талас тудырған: “Мы – из рода половец­кого”, “Полынь половецкого поля”, “Европа, тюрки, Великая степь”, “Кипчаки” деген тәрізді зерт­теулерін оқып көз жеткізуге болады. Басқасын айтпағанда, автордың кейінгі шық­қан бір зерттеу еңбегі: “Тайна святого Георгия” былай басталады: “Россия тарихы”, тегінде, ең бір қарама-қай­шылықты тақырыптардың бірі. Ресейді жәйдан-жәй: “өткенін біліп болмайтындай бұлыңғыр ел” деп атамаса керек. Өкінішке қарай, ұзақ уақыт біздің тарихымызды саясаткерлер билеп-төстеп келді, нені айтуға болатынын, нені айтуға бол­майтынын солар белгіледі, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін солар бағалап отырды. Ал, тарихтың  дәлдік, нақтылыққа арқа сүйейтіні  оларды қы­зықтырған жоқ.” Зерттеуші мұнымен терең ой мен мағынаны меңзейді. Осыған қарағанда, Ресей тарихы ақи­қат тұрғысынан және бүгінгі өркениетті даму деңгейінен қайта қарауды қажет етеді. Мұрат Әжінің айтуынша “Куликово шай­қа­сы” дегеннің өзі еш қисынға келмейтін, тари­хи дәлелі мен дәйегі жоқ, ойдан шығарылған оқиға. Бұл жөнінде ол  “Central Asіa Monіtor” га­зетінде жарияланған сұхбатында былай дейді: “…Куликово шайқасының батыры атанып жүрген Дмитрий Донской “сабынның көпіршігі” сияқты, ол өмірінде қолына қылыш ұстаған адам емес. Себебі, 1380 жылы Москва князьдігінің оң­түстік шекарасы, жұрт білетіндей, Москва өзені арқылы өтетін. Оның бергі жағын ұлан-ғайыр Тата­рия жұрты жайлап жатқан. Мұны сол кез­дің географиялық картасы, көргендердің жаз­балары және топонимдер айғақтай алады. Ол Кавказ бен Қырымға дейін созылып жатты. Бұл ел  ІV ғасырда Дешті-Қыпшақ деген атпен пайда болды. Бату ханның тұсында «Алтын орда» деп аталды. Ал, еуропалықтар оны Тата­рия, онда тұратын халықты татарлар деп атады. Тіпті, олар дондық, рязаньдық, белгородтық және курскілік  татарлар деп бөлінді. Олардың қалалары: Ки­пензай, Тула, Бурунинеж, Кур­сык, Биринчи, Симбир, Сарытау деп аталды. Бұған таңқалатын ештеңесі жоқ. Орел, Рязань немесе Туладағы көне молаларды осы күнге дейін «татар молалары» деп атайды. Се­бебі, олардан басқа бұл маңда көне бейіттер болған емес. Ол кезең туралы қаншама аңыздар шыға­рылған. Куликово шайқасы да солардың бірі. Оны бергі ХVІІ ғасырда, І Петр Батыс ғалым­дарын  орыс тарихын жазып беруге шақырған кезде, бір-бірімен қабысып, қиыспаса да солар шығарған. Егер орыстарда армия болмаса, олар басқалармен қалай шайқасады? Ендеше, Кули­ково даласы туралы қалай сөз болуы мүмкін? Оның үстіне о баста Ордамен жасалған келісім бойынша олардың жастары хан әскерінің қата­рында қызмет ететін болған. Міне, сондықтан да байыпты зерттеушілер мән бергеніндей, Кули­ково шайқасына негіз боларлық белгі мен ізді табу қиын. Куликово шайқасының бастан-аяқ ойдан шығарылған оқиға екенін кезінде Н.М.Ка­рам­зин де айтқан. Ол өзінің  әйгілі “История” кіта­бы­­ның V том,  І  тарауына енгізген 81 толық­­тыр­уында, қай нәрсеге баға беруде аса сақтық­пен қа­райтын тарихшы болса да, әлгі оқиғаның кел­тірген түп негіздерін ой елегінен өткізе оты­рып, шыдай алмай: “Неткен надан­дық!” деп жазған. Кейбір деректерге қарағанда, орыстарға “Куликово шайқасы” жайында идеяны  берген неміс Кранц көрінеді. Дәлірегі, оның  ХV ғасырда жарық көрген “Вандалия” кітабында 1380 жылы Көк Су деген өзеннің бойында русьтің ордалықтармен шайқасқаны айтылған. Және русьтіктер жеңді делінген… Бірақ, неміс сол кезде қабылданған түсінік  негізінде русьтер /орыстар/ деп Литва князьдігіне қоныстанып, тұрақтап қалған нормандарды, яғни шведтерді меңзеген. Географиядан да хабары бар автор  тұспалдап Көк Су деп Оңтүстік Буг өзенінің тармағын көрсеткен. Басқаша айтқанда, кітапта осы күнгі Украина жерінде мал үшін болған қақтығыс туралы сөз болған. Ал, отаншыл да патриот І Петр  Ресейдің ерлікке, қаһармандыққа, батырлыққа толы тарихын көргісі келді. Оны солай етіп, жасатты да. /Дюсенбаев А. Анатомия души. – Алматы: ИП “ДАР”, 2005. 251-252 беттер «Смысл жиз­ни» мақаласынан алынды. / Бірінші Петрді мұндай әрекеттері үшін, яғни «Ресейге жан-тәніңмен беріле қызмет еттің, шашырап жатқан алауыз елдің басын біріктір­дің, еңсесін көтеріп, айбынын асырдың» деп кінәлау орынсыз. Өйткені, ол  орыс жұртының бағына туған патша еді. Бұл айтылғандарға қоса, соңғы  кездері «Ку­ликово шайқасын» жан-жақты зерттеп, орыс тарихында ондай оқиғаның болмағанын қи­сын­ды дәйектермен дәлелдеп жүргендер бар­шылық. Ол үшін ғаламторға кіріп, «Вся правда Кули­ков­ской битвы» деген мәтінде сұрау сал­саңыз, ал­­­­дыңыздан бірнеше мақала көл­беңдеп шыға келеді. Мәселен, татар зерттеушісі Рустам Наби 2004 жылы Қазандағы «Иман» баспасынан «Правда о Куликовской битве» деген кітап шығарды. Онда автор бос сөзден гөрі батыстың, шығыстың, Византияның, Кавказдың, орыстың өздерінің дереккөздеріне сүйеніп, «Күлік шайқасы» тура­лы ақиқаттың бет бейнесін ашуға ұмтылыс жа­сады. Тіпті, орыс тарихында «Алтын орда» хан­дығының  дұрыс зерттелмей, көптеген дерек­тердің бұрмаланғанына қынжылыс білдірді. Жалпы бұл мақаланы жазғандағы ойымыз бен мақсатымыз өзге жұрттың барын көре алмай мұқату немесе аяқтан шалу емес. Керісінше ай­ты­лып жүрген, елдің санасына солай біржақты сипатта сіңіп қалған тарихи оқиға — «Күлік шайқасы» жөнінде басқаша көзқарас пен пайымның бар екеніне назар аудару. Ең  өкініштісі, біз тарихи сана мен таны­мымызда ескі сарыннан, бұрынғының батпағы мен сатпағынан әлі де арыла алмай келеміз. Бұлай кете берсек, елдің ертеңгі иесі болатын із­басар ұрпақты қалайша отаншыл, патриот, өзгеге жалтақтамай өз бетінше өмір сүре алатын, заманға сай алға құлаш сермейтіндей өршіл және жаңашыл етіп тәрбиелемекпіз? Ғалымдар айтып жүргендей, өткен тарихтың жетістігі мен кемшілігінен сабақ алмау келе­шекте қателік пен өкінішке ұрындырары хақ. Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы