Президент әкімшілігін басқарғандардың қайсысы халық есінде қалды?

ақ орда

Кешелі бері Ақордада ірі кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Лауазымды тұлғалардың саяси сахнадағы орын алмастыруын сарапшылар әртүрлі болжамдармен байланыстырды. Біреулер бұл тек саяси ойын ғана десе, енді біреулер халық сенімінің азайып кеткендігін алға тартуда. Расында да, Президент әкімшілігі секілді органның халық арасында аты да көп аталмайды, істеген қызметі де аса байқалмайтынын атап өту керек. Алайда, елдегі, саясаттағы ірі өзгерістер мен шаралардың көбі осы орган арқылы өтетінін ұмытпауымыз керек. Әр жылдары әкімшілік жетекшілерінің қатарынан әрқилы тұлғаларды көріп бақтық. Әлихан Бәйменов, Аслан Мусин, Кәрім Мәсімов, Иманғали Тасмағамбетов, Нұрлан Нығматулин, Әділбек Жақсыбеков, Сарыбай Қалмырзаев, Оралбай Әбдікәрімов, Сағынбек Тұрсынов, Ахметжан Есімов, Нұртай Әбдіқаев, Қайрат Келімбетов… Бұлардың қай қасысы да Қазақстанның саяси элитасындағы өте салмақты тұлғалар. Аслан Мусиннің жұмыс атқарған уақыты әлі есімізде. Дәл сол жылдары Рысқалиевтердің істі болуы үлкен дауға айналып, артынша Елбасы Мусинді елші қылып, шетелге жібереді.

Аслан Мусин

Кәрім Мәсімовтің қызметі де айтарлықтай жарқын істермен есте қалмады. Халық арасында Мәсімовтің кандидатурасын жақтаушылардың пайызы төмен екендігі даусыз секілді.

Кәрім Мәсімов

Президент әкімшілігінің халықпен жұмыс жасауы күшейген кез – жетекші қызметіне Әлихан Бәйменовтың тағайындалған уақыты. Әкімшілікке келіп түскен хаттарға көп күттірмей жауап беру  үрдісі пайда болды.

Әлихан Бәйменов

Әділбек Жақсыбеков жуырда бұл қызметке қайта тағайындалды. Астана әкімі қызметін атқарған шағында елордалықтардың бітпейтін наразылықтарына куә болып едік. Әкімшілік басқарғандағы істері халық жадында сақтала да қоймады.

Әділбек Жақсыбеков

Ендігі кезекті бүгін ғана ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы болып тағайындалған Нұрлан Нығматулинде. Расын айту керек, Нығматулин секілді ірі саясаткердің жұмыстары ел ішінде кеңінен талқыланбады. Бірді-екілі баспасөз беттерінде ол туралы мақалаларды көріп қаламыз.

Нұрлан Нығматулин

Иманғали Тасмағамбетов… Бірден атап өту керек, Тасмағамбетов бұл қызметке келгесін Президент әкімшілігінде бұрын-соңды болмаған ірі қайта құрулар басталды. Әкімшілік бірнеше бағытта жұмыс жүргізу режиміне көшті. Төрт функционалды басқарма құрылды (ішкі саясат, ұйымдастыру-бақылау жұмыстары мен кадрлық саясат, экономикалық саясат пен мемлекеттік құқықтық саясат). Оның нәтижесін 2004 жылғы парламент сайлауында көрдік.

Иманғали Тасмағамбетов

Енді бәрін айтпағанда Президент әкімшілігін басқарған тұлғалардың ішінде халыққа жақыны, олардың қайсысы халық сеніміне ие, беделі көп екенін сөз етсек… Әрине, біз ешкімді бөліп-жармаймыз. Тек осы ірі органды басқарған адамдарды атап өттік. Енді осылардың ішінде халыққа жақыны қайсы, халық кімге сенетінін сөз етсек… ауызға алдымен Тасмағамбетов түсетіні анық. Бірақ, соңғы сөзін халық өзі айтсын! Алтай Сағидолда, Астана қаласы juldizdar.kz
0