Жер мәселесінде 73 адам сөйледі...
2016 ж. 19 маусым
3630
20
Жер реформасына қатысты көптеген мәселе бір жүйеге келтірілді. Бұл туралы бүгін Жер реформасы жөнiндегi комиссияның Алматы облысында өткен көшпелі отырысын қорытындылаған комиссия төрағасы, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
«Комиссия отырысының жөн-жобасы дұрысталып келе жатыр. Жер реформасы жөнiндегi комиссияның отырысы нағыз пікірайыс алаңына айналды. Иә, мұндай шетін мәселер көшеде емес, осындай отырыстарда шешіледі. Біздің бір жөнге келгендей түріміз бар. Мысалы, жерді жалға беру мәселесі. Қайда барсақ та, оған қарсылық болып жатқан жоқ. Халықтың пікірі бір жерден шығып жатыр. Оған ешкім қарсы емес. Екінші мәселе, шекара маңындағы жерлер. Бұл сұрақ та бір жүйеден шығып келе жатыр. Мысалы, бізде заң бойынша жерді шекарадан үш шақырым қашықтықтан ғана жалға беруге болады. Бүгін оны 100-200 шақырымға жеткізу туралы ұсыныстар айтылды. Енді, бұл жағын мамандар шешуі керек. Тағы бір мәселе - жайылымдық жер. Яғни, ауыл тұрғындарына ауылдың айналасынан белгілі бір радиуста жайылымдық жер беру. Оның ені 10 шақырым бола ма, 20 шақырым бола ма, оны да шешу керек. Өйткені, бұл туралы да халықтың пікірі бір жерден шығып жатыр. Бұл жерде мемлекеттің өз нормалары бар. Ауыл айналасындағы жерлердің қазір жеке меншікте болуы әбден мүмкін. Сондықтан, сол жерлерді тұрғындардың мүддесі үшін, жайылымдық жерге айналдыру мақсатында мемлекет қажеттілігіне деп сатып алу керек шығар деп ойлаймын. Шығындарын төлеп, ол жерлерді жайылым ретінде тұрғындарға берсе, олар малдарын жайып, пайдасын көрер еді», - деді Б. Сағынтаев.
Айта кетелік, бүгін бес сағаттан астам уақытқа созылған отырыс барысында 73 адамның пікірі тыңдалды. Еске сала кетсек, Жер реформасы жөніндегі комиссияның келесі отырысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өтеді. «Бұған дейін бірнеше отырыс өтті. Оларда көптеген мәселелер көтерілді. Енді, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Исабекұлы Мырзахметов комиссия төрағасы болып тағайындалды. Сөйтіп, енді ол комиссияның келесі көшпелі отырыстарына жетекшілік жасайтын болады», - деді Б. Сағынтаев.
Дерек көзі: ҚазАқпарат