"Асылып өлді" деген сарбаздың нақты өлімі неге жасырылып отыр? (фото)
2016 ж. 18 маусым
5466
3
Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Тілшілердің мәліметінше, бірақ бұл нұсқаны мәйітті туған жеріне әкелген әскерилердің айтып отыр. Бұған қыршынынан кеткен Саян Сатыбаевтың туыстары мүлдем сенгісі жоқ. Өйткені, марқұмның денесінде соққы іздері көп. Сондықтан ашуға мінген шағын ауыл халқы өре түрегеліп, командирлерін жағадан ала жаздады.
Саян Сатыбаевты әскерге бүкіл Рамадан ауылы болып шығарып салыпты. Ал армиядан оралуына небары 5 ай қалғанда әскери камазбен оның өлі денесі келеді деп ешкім күтпеген. Саянның ажал құшқанына соңына дейін сенбеген жақындары табытты көргенде еңіреп қоя берді.
Қарулы күштер сапына өз аяғымен кетіп, табытпен оралған жігітті командирлері "асылып өлді" деп айтқан. Бірақ, сараптамаға да, әскерилердің сөзіне сенбеген марқұмның туыстары мықтап бекітілген табытты ашып, дәлел ретінде барлығын камераға түсіріпті. Сөйтсе, ұлдарының денесі саусағына дейін көк ала қойдай көгерген. Қабырғасы сынып, мойны үзіліп, басы жарылған. Онысын білдіртпеу үшін жіппен тігіп тастапты.
Мұны көріп жағасын ұстаған 22 жастағы Саянның туыстары мен бірге күллі ауыл көтеріліп, мәйітті әкелген әскерилерді сабай жаздады. Отардағы бөлім басшылары марқұмның денесін үйіне жеткізуді мән-жайдан бейхабар іс-сапардан жаңа оралған адамға тапсырыпты. "Мен білсем айтатын едім. Білсем келмейтін едім дұрыс па? Командир шақырған, мен мәйітті алып келіп тұрмын", - дейді олар.
"Түк білмеймін" деп ат тонын ала қашқан майор Бахтияр Магамедов тіпті сасқанынан кінәні марқұмның күзде үйленбекші боп жүрген қызына ысырмақ болды. Яғни, соңғы рет ғашығымен телефон сөйлескен соң Саянның көңіл-күйі түсіп кеткен көрінеді. Алайда сөзінен шатысқан майор кейін сарбаздың әлімжеттік құрбаны болғанын ақыры мойындады. "Маған "бәрі дұрыс" деп айтқан. Қазір ғана өз көзіммен көрдім. Денесінде көгерген іздері бар. Жаңа көз жеткіздім. Енді өз адамдарымды шақырамын, қарауға", - деп құтылды ол марқұмның туыстарынан.
Осылай деп тайып тұрған әскерилерден 10 күннен бері әлі хабар жоқ. "Асылғанын" ауызша ғана айтып, ортаншы ұлдарының нақты неден өлгенін дәлелдейтін сараптаманы да бермеген. Енді қайғыдан қан жұтқан Саянның ата-анасы кінәлілер жазасыз қала ма деп алаңдап отыр.
"Екі аяқпен жібердік баланы. Көтеріп кіргіздік үйге. Сол өкінішті. Үкіметке беріп отырмыз. Елімізді, Қазақстанды қорғасын деп. Өз қазақтарымыздың арасында осындай болғаны өкінішті", - дейді марқұмның анасы Гүлнар Ниязова.
Телеарна тілшілерінің мәліметінше, қазір ел ішінде тәртіпсіздігімен танымал Отардағы 82/796 әскери бөлімінде тексеріс басталыпты. Марқұмның әке-шешесі ұлдарына командирлері не қызметтестерінің әлімжеттік көрсетіп,ұрып өлтіргеніне сенімді. Сондықтан кінәлілерді жазалап, Қорғаныс министрінен істі бақылауға алуын сұрап отыр.
Дереккөз: КТК