ҰПАЙЫ ТҮГЕЛ ҮКІМЕТ ПЕН ЕСЕБІ ЕСКЕРІЛМЕЙТІН КОМИТЕТ
2016 ж. 14 маусым
2647
9
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында халық қалаулылары 2015 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет есебін және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің жұмыс қорытындысын талқылап, мақұлдады. Баяндаманың жан-жағы жұмыр болғанына қарағанда, бұл жолы үкіметтегілер мұқият дайындалғанға ұқсайды. Содан да болар депутаттар айтарлықтай қарсылық таныта қоймады. Бірақ, есеп берген екі құзырлы органға да қойылатын сұрақтар әлдеқайда көп болу керек еді...
Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 2015 жылы республикалық бюджеттің кірістері 6 137 миллиард теңгеге жетіпті. Шығыстар 163 миллиард теңге болып, жоспарлаған меженің 99,8 пайызы орындалыпты. Үкімет үшін әлеуметтік сала басымдыққа ие болған. Қаржы министрлігінің мәліметтері бойынша өткен жылы республикалық бюджеттің тапшылығының төмендеуі байқалған, ол 912 миллиард теңге немесе Жалпы ішкі өнімнің 2,2 пайызын құрапты. Бюджет дефициті ішкі және сыртқы қарыз алу есебінен қаржыландырылғанын да атап өтті министр.
«Біріншіден, кіріс бөлігі нақтыланған жоспармен салыстырғанда 105,7 пайызға орындалды. Біз салықтық резервтер, көрсетілетін қызметтер мен тексерулердің сапасын арттыру, кірістерді болжауды жетілдіру мен жалған кәсіпкерліктің алдын алу бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Екіншіден, шығыстар 99,8%-ке орындалды. 2015 жылы 7 триллиондық бюджеттен 16 млрд. теңге ғана орындалмады, оның ішінде игерілмей қалғаны тек 7,8 млрд. теңге. Бұл жоғары деңгейдегі нәтиже деуге болады және бірлескен еңбектің нәтижесі», – деп мақтанды депутаттар алдында министр Бақыт Сұлтанов.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мәліметіне қарасақ та, республикалық бюджеттің игерілмеген қаржысы 7,8 миллиард теңгені ғана құрайды екен. Артық қарыз алудан 2015 жылдың соңында 264,4 милиард теңге бюджет қаржысының қалдықтары жинақталып, 2014 жылғы көлемнен анағұрлым артқан. Есеп комитетінің бағалауы бойынша, бюджеттің тиімсіз пайдаланылған қаржысы 459,2 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік органдарда және олардың мекемелерінде 474,6 миллиард теңге қаржы тәртіп бұзушылықтары анықталды, оның ішінде 2015 жылғы республикалық бюджет қаржысы 142,3 миллиард теңге болды. Мақсатты трансферттер бойынша қаржы тәртіп бұзушылықтары 410,5 миллиард теңге болды, оның 97 пайызы немесе 399,4 млрд. теңгесі дамуға арналған мақсатты трансферт қаржысы болып отыр.
Атқарушы билік пен бюджет қаржысының орындалуын қадағалайтын орындар тақта алдында тақпақты жатқа оқыған оқушыдай судыратып өткенмен көкейде көп сұрақ қалғаны анық. Біріншіден, бюджеттік кірістердің асыра орындалғанына сенуге бола ма? Ол бұдан да көп болуға тиісті еді. Еліміздегі салықтық мөлшерлемелердің тым жоғарылығынан көптеген өндіріс орындары мен салық төлеуші басқа да заңдық немесе жеке тұлғалар табыстарын азайтып көрсететіні, тіпті жалған кәсіпорындар құратыны да белгілі. Соған байланысты қазынаға түсетін қаржы да кемиді. Бұл біздегі салық саясатындағы кемшіліктің бір ғана көрінісі. Екіншіден, Мәжілісте айтылған шығыс көрсеткіштерінің нақты екені де күдік тудырады. Шығыс деп отырғанымыз қаржының бөлінуі ғана емес - бюджеттен түрлі салаларға бағытталған қаржының нақты орнын табуы, орындалуы. Яғни, халық қаржысының мақсатты жұмсалуы. Министрдің айтуынша ол 100 пайызға жуық (99,8%) орындалыпты. Дәп осы көрсеткішті қаржы министрі қай қалтасынан алып шыққаны белгісіз. Өйткені оның күмәнді тұстары жетерлік. Мысалы, медицина саласына бөлінген қаржы қомақты. Ал, дәрі-дәрмек үнемі жетіспей, бұл қызметке тұрғындар тарапынан үнемі сын айтылып жатады. Әлде Үкімет «Қаржыны бөлдік, қалғанын өздерің біліңдер» деген ұстанымда ма? Қаржының мақсатты игерілуі оларды қызықтырмай ма? Өздері айтқандай басымдылық берілген әлеуметтік салаға халық денсаулығын сақтайтын біздегі медицина жатпай ма? Жоғарыдан отырып алып қыруар қаржыны бөле салу қиын емес. Оның үстіне ол ақшаны биліктегі шенеуніктер өзінің жанқалтасынан шығарып отырған жоқ қой. Тағы да сол халықтың өз ақшасы өзіне жетпей қалып жатыр. Қаншама мектептер мен емханалардың құрылысы тоқтап тұр, оларға да көлемді қаржы бөлінді емес пе? Бұған кім жауап беруге тиісті? Әрине, құрамында қаптаған министрліктері бар атқарушы билік – Үкімет жауапты. Ал, оның мына есебіне қарасақ, «айттық-құтылдық» дегенді ғана көрсетеді. Біз бір ғана медицина жағын мысалға алдық, өзге салалардың да маңдайы жарқырап тұрғаны шамалы. Үшіншіден, 7,8 млрд. теңге игерілмеуі мақтаныш емес. Елбасымыз әрбір тиынды үнемді, мақсатты жұмсау туралы тапсырма беріп отырғанда министрдің бұл қай мақтанышы, қайдағы жоғары көрсеткіш? Былтыр кеніштерімізді сатып әзер дегенде 1,5 млрд. теңге жинағанымызды ұмытып қалдыңыздар ма? Кеніштерді ерікеннен сатылымға қойған жоқпыз. Дүниежүзін қыспаққа алған дағдарыстан шығу үшін амалсыз бардық. Сөйте тұра аса қажетті салаларға бөлінген қыруар қаржы игерілмейді. Не үшін сонда сыртқы шетелдерден несие-қарыз алып жатырмыз? Әйтеуір де қаржыны игере алмаған соң қарызды үсті-үстіне жамай бермей, тыныш отырмаймыз ба?
Енді Есеп комитеті ұсынған ақпаратқа назар аударып, алдымен «Артық қарыз алудан 2015 жылдың соңында 264,4 милиард теңге бюджет қаржысының қалдықтары қалыптасты» дегенге көңіл бөлейік. Министр Бақыт Сұлтанов 912 млрд. теңге қаржы тапшылығы болды деп ресми түрде айтты. Сонда 264,4 млрд. теңге қолданысын таппай неге адасып жүр? Демек, біздің Үкімет жоспарлау дегеннің не екенін білмейді деген сөз. Бағдарламаларды орындау ғана емес, дұрыс жопарлауды да игермеген деп айтуға болады. Есеп комитетінің бағалауы бойынша, бюджеттің тиімсіз пайдаланылған қаржысы 459,2 миллиард теңгені құраған екен. Мемлекеттік органдарда және олардың мекемелерінде 474,6 миллиард теңге қаржылық тәртіп бұзушылықтары анықталыпты. Оның ішінде 2015 жылғы республикалық бюджет қаржысы 142,3 миллиард теңге болды. Мақсатты трансферттер бойынша қаржы тәртіп бұзушылықтары 410,5 миллиард теңге, оның 97 пайызы немесе 399,4 млрд теңгесі дамуға арналған мақсатты трансферт қаржысы болып отыр. Бұл - Есеп комитетінің ресми ақпараты.
Бізде қаржы мақсатсыз бөлінбейді, «күйіп» тұрған жерлерге бағытталады. Бұл жерде «Ұрлану үшін» деген арнайы бағыт жоқ. Ол тек қана орындалғанда, мақсатында толық жұмсалғанда, нақты нәтиже бергенде ғана дұрыс пайдаланған болып есептеледі. Ал, Үкімет пен Есеп комитеті айтқандай «Қаржылық заң бұзушылық», «Игерілмеу», «Орындалмау», «Тиімсіз пайдалану», «Мақсатсыз жұмсалу» дегендердің бәрі қылмыс емес пе? Ол үшін де біреулер жауап беру керек қой. Әрбір тиынымызды санап отырғанда біреулер қолына ұстатқан қаржыны қалтасына басып, немесе игерілмей жатуы қалай? Дәп осы ақша басқа бір салада ауадай қажет болып отырған жоқ па? Кейбіреулер оны Үкіметке екі қолын жайып сұрап ала алмай жүр. Ол аздай бөлінген қаржыны ұялмай жымқырып сотталып жатқандар қаншама. Көпшілік осыны түсінбейді.
Елбасының қабылдауында болып, халық қаржысын шашау шығармауды қадағалап отыру туралы тапсырма алып жүрген Қозы-Көрпеш Жаңбыршин еліміздегі қаржылық заң бұзушылықты жиі айтып, соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп-ақ келеді. Ол жағынан Есеп комитетіне айтар өкпеміз жоқ. Әрине, Есеп комитеті бүкіл саланы, барлық кәсіпорындарды түгел тексеріп үлгермейтіні белгілі. Сол тексерілген фактілердің өзі естіген адамның шашын тік тұрғызады. Миллиардтаған ақша игерілмей, одан қалды ұрлануда. Бірақ оны атап көрсеткеннен қандай пайда? Есеп комитетінің тексеру барысында тапқан кемшіліктері сол күйінде, ескерусіз қалады. Біздегі толып жатқан құқық қорғау орындары оны құлағына да ілмейді. Кемшілкті түзеткізіп, қылмыскерлерді жазалайтын орындардың осындайда үнемі жайбарақаттылық танытатыны таңғалдырады. Бізде қалыптасқан әдет бойынша міндетті түрде Елбасы шақырып алып «Мынаны істе!» деп нұқып тұрып нұсқау беру керек пе? Өткен жылдың жоспарын асыра орындадық деп ұрандаған, ұпайы түгел Үкіметіміз қаржыны бөлу, оның орындалуын қадағалау мен заң бұзушыларды жазалауды өз бетінше ұйымдастыра алмай ма? Әлде оның бұқараға белгісіз тағы бір құпия себептері бар ма?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz