Қазақ тілін менсінбейтін Божко Ресей саясатының сойыл соғары ма?

Жақында Қазақстанның экс-төтенше жағдайлар министрі, қазіргі  Мәжілістің  вице-спикері Владимир Божко мырза украиналық саясаткер, қоғам қайраткері Ирина Фарион туралы бейәдеп сөздер айтып, Ирина ханымның орыс тіліне қарсы көзқарас білдіргені  үшін оны «жезөкше» (шалава) деп атағаны БАҚ-та жарияланды.

Божконың әлгі әдепсіздігі жөнінде не айтады екен деп, Украинаның Қазақстандағы елшілігіне хабарластық. Елшіліктің өкілі Ирина Владимировна біздің сұрақтарымызға төмендегідей жауап берді.

-Ирина Владимировна, ҚР Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божконың украиналық саясаткер, қоғам қайраткері Ирина Фарион туралы айтқан сөздеріне қатысты не айтасыз?

-Жақында ғана бұрыңғы КСРО-ның қауіпсіздік комитетінің (КГБ) түлегі, (біздің спикердің атын атамады. - ред) өзінің ұлтының тіліне қатысты көзқарасын жасырмағаны үшін украиналық саясаткерге, әйел азаматшаға «жезөкше» (шалава) деп дөрекелік көрсетті. Танымал қоғам қайраткері Ирина Фарион – өз кезегінде франциялық, германиялық, польшалық саясаткерлермен қатар өз пікірін ашық ортаға салған еді.

-Нақтырақ...

-Иринаның орыс тіліне қатысты өткір пікірі  ол кісіге ұнамай қалса керек. «Шалава» деген сөз – адам құқығына нұқсан келтіретін, жасырын бір агрессиялық ұстанымды байқататын, кәсіби этикаға мүлде жат сөз. Мағынасын өздеріңіз де білесіздер ғой.

-Жалпы, Ресейде және басқа да пост-кеңестік елдерде орыс тіліне қатысты дау-дамай жиі орын алып тұрады. Әсіресе, Украинадағы жанжалдардан кейін, Ресейдің мемлекеттік тіліне қатысты қысым жасалып жатыр деген ақпаратты ресейлік және про-ресейлік саясаткерлер тынбай айтуда. Мүмкін, Божко мырзаның ұстанымы да кремльдік ұстаныммен сәйкес шығар?..

-Нұргелді, рас айтасыз, Украина жанжалдары кезінде мұндай пікірлер айтылды. Және Ресей президентінің өзі бастап, қалғандары қостап, "орыс тілі дискриминацияға ұшарап жатыр", "орыс ұлтының азаматтарының құқығы шектеліп жатыр" деген дақпырт таратып, шындыққа жанаспайтын сөздер айтып жүрді. Десек те, қазіргі Украинада орыс тіліне қатысты ешқандай шектеулер, қиындықтар жоқ. Мәселе басқада. Біздің президентіміз Петр Порошенко мәлімдегендей, украиналықтардың көбі орыс тілін жақсы біледі. Бірақ,  олардың өздерінің ұстанымдары бар. Ол ұстаным Ресейдің қазіргі позициясымен келіспейді. Оны мойындауы керек. Танымал ресейлік жазушы, диссидент Андрей Синявский 60-жылдары аталған комитеттің түлектерінің қудалауына ұшырап, абақтыға қамалған. Сонда жазушы: «мен Ресейді сүйемін, бірақ Сәбет билігімен ұстанымым қайшы», деген.  Дәл сондай жағдай қазір бізде де орын алып отыр. Орыс тілі біз үшін – Пушкин тілі, Толстой тілі, Чехов пен Ахматова тілі. Бірақ, кремльдік пропогандистердің тілі емес.

-Біздің білуімізше, Ирина Фарион орыс тіліне емес, «Орыс әлеміне» қарсы украиналық қайраткерлердің бірі ғой деймін...

-Жаңағы сіз айтып отырған «Орыс әлемі» деген  қозғалыстың өкілдері Халықаралық нормаларды өрескел бұзып, Украинаның жарты бөлігіне оккупация жасады. Кей жерлерді заңсыз аннекциялады. Ирина Фарион орыс тілімен емес, «орыс әлемімен» күресуші қайраткер екенін ұмытпағанымыз жөн. Осы үшін ол «шалава» атануы керек пе?! Ресейлік агрессияға қарсы күресіп жүрген қазіргі украиналықтар орыс классиктерінің әдебиетін оқып өскен ұрпақ.

-Десек те, депутат мырза эмоцияға  ерік беріп, артық ауыз сөз айтты. Болған іс болды. Сіздердің елшіліктің ендігі қадамы қандай?

- Менің білуімше, шен таққан офицердің әйелді  жөні жоқтан «шалава» деп дөрекілік көрсетуі – оның офицерлік абыройына нұқсан келтіреді. Және, мұндай айыптаулар арқылы ол – «орыс әлемін» жақтаушылардың бірі екенін көрсетті. Мен Сәбеттік КГБ-ның бұрыңғы түлегінің мұндай қадамға баруын – ешбір шен таққан офицер қолдайды деп ойламаймын. Қазақстанның азаматтары  ақ пен қараны айыра жатар. Тек айтарым, өзінің ана тілі үшін күресіп жүрген  әйелге «орыс әлемін» қолдайтын азаматтың «жезөкше» деп айтуы ешбір заңдылыққа сыймайтыны анық. Мәжіліс алдағы уақытта өз депутаттарының мұндай әрекетіне жауап бере жатар.

Түйін: Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жүрген Божко  Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігін басқарып тұрған тұста, мемлекеттік тілді менсінбейтінін, қазақ тіліне қырын қарайтынын ашық айтқан еді.  Ал, сол Божко, Украина елшілігінің айтуынша, орыс тілінің құқығы үшін көрші елдің саясаткерін балағаттаудан  да тайынбапты.

Алдағы уақытта вице-спикер Владимир Божконың бұл мәселеге қатысты пікірін білетін боламыз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz