«БАНКИРЛЕРДІҢ КӨКЕСІ» ҚАЗАҚША ҮЙРЕНЕТІН БОЛДЫ
2016 ж. 07 маусым
4205
15
«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң жобасын таныстыруға Мәжіліске келген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев тағы да оңбай сынға ұшырады. Депутаттар Ұлттық банк төрағасын екінші деңгейлі банктердің мүддесін қызғыштай қорғайды деп айыптады.
Ұлттық банк төрағасы Мәжіліске жақсы жаңалықпен депутаттарды мәз қылуға келген-ді. «Заңды мақұлдасақ, ақша алу-салу жеңілдейді, төлем тез барады» деп халық қалаулыларын қуантпақ болды. Алайда депутаттар «үнемі халыққа қарсы заң» әзірлейсіздер деп ашу шақырды. Халық қалаулылары төлем карталарын қолданған халыққа ешқандай жеңілдік жасалып жатпағанын айтып сынады. Тіпті, мәжілісмен Мұхтар Тінікеев Ұлттық банкті екінші деңгейлі банктердің қорғап, қолдап отыратын «көкесі» дегенге де жеткізді.
– Ұлттық банк – елдің басты банкі. Сіздер екінші деңгейлі банктердің мүддесін қорғап, қолпаштап отырсыздар. Сіз жоғарғы заң шығарушы органға халыққа қарсы заң жобаларын әкелесіз. Мәселен, исламдық қаржыландыру, кеншілерді төлемнен қаққан сақтандыру, біреудің мүлкін әй-шәй жоқ тәркілейтін коллекторлық қызмет туралы заң жобаларын алайық. Олар халыққа да, заңды тұлғаларға да түкке керек емес. Ал қазір төлемдер туралы заң жобасын енгізіп отырсыздар. Ол халыққа қалай көмектеседі? Төлем карталарын қолданғанда, транзакциялар үшін ұсталатын пайыздық үстемақылар қаншаға төмендейді? – деді тұрақты белсенділік танытатын Мұхтар Тінікеев сұрақты турасынан қойып.
– Заңды тұлғалар бір банктен екінші банкке ақшасын аударғанда төлейтін транзакциялар бар. Ол транзакцияларды банктер өздері белгілейді. Бұл бәсекелестік ортаның мәселесі. Осы заң жобасында да бәсекелестік туралы заңда да банкаралық транзакциялардың тарифін бекітетіндей мүмкіндік жоқ. Егер бір ғана банк болса, онда тариф белгілер едік. Ұлттық банкте тарифті төмендетуге тікелей мүмкіндік жоқ-деп ақталуға тырысты Ақышев.
Расында, біздің банктер халық есебінен ақша жасауға әбден машықтанып алған. Шетелден 1 млрд. доллар қарызды 1 пайызбен алатын несиені заңдастырып алған Ұлттық банк оны өзіміздің адамдарға, немесе кәсіпкерлерге кем дегенде 15-20 пайызбен беретінін айтсақ та жетіп жатыр. Одан кейін жалпы біздің елімізде, оның ішінде банктер арасында әділ, таза бәсеке бар дегенге бас банкирдің өзі сене ме екен? Әрине, сенбейді. Сондықтан өтірік көлгірсудің қажеті қанша? Қазір ақша аударымының өзі аударған қаражаттың 1 пайызын құрайды. Ол пайызды банктер басын кесіп алсаң да төмендетпейді. Электронды түрде аудара салатын ақшаның бір пайызын не үшін қалталарына басады? Бұл халықты тонау емес пе? Кеңестік кезеңде ол 0,001 пайыздан аспайтын. Қазіргі банктердің араны ашылғаны соншалық, ар-ұят дегенді де ұмытқан. Оны тексеретін орын бізде әлі туған жоқ. Өйткені банктердің бәрі мықтылардың қолында. Оларға Бас прокуратура мен Монополияны реттейтін комитет те қарсы шыға алмайды, өздері жұмысынан айрылып, түрмеден бір-ақ шығуы ғажап емес. Сондықтан біздің банктер білгенін істеп отыр.
Бас банкирдің айтуынша, болашақта Қазақстанда өзінің ұлттық төлем жүйесі мен ұлттық төлем карталары пайда болуы мүмкін. Бүгін мақұлданған заң жобасында төлем қызметтерін жасау арқылы заң бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қаралған. Төлем ұйымдарына қаржы мониторингі жүргізіледі. Ең бастысы, Ұлттық банктің құзыреті белгіленетін болады. Ұлттық банк төрағасы коллекторлар мен төлем терминалдары жұмысының реттеле қоймағанын жасырмады. Олардан қанша ақша өтіп жатқаны туралы статистиканың жоқтығын да мойындады.
Шын мәнінде банк жұмысын бір айдың ішінде тәртіпке келтіруге болады ғой. Оған біздің өз ішіміздегі белгілі күштер, ықпалды байлар ешқашан мүмкіндік бермейді. Майшелпектен айырыла қоятын олар емес. Демек біздің банк жүйесін жөнге келтіретін ғасыр әлі келген жоқ, оны жөнделеді дегенге бір адам сенбесі белгілі. Өз халқын тонап отырған қаржы мекемесіне деген сенім жоғалғалы қашан. Ол туралы әңгіме қозғаудың өз артық, тіпті күлкілі.
Болмайтын нәрсені айтып ауыз ауыртпай-ақ қоялық. Бұл жолғы ең басты, ең мәнді жаңалық Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев «Астана» телеарнасының журналистеріне бір жыл ішінде қазақ тілін үйренуге уәде бергенінде болып отыр. Тілшілерге сұхбатты үнемі орыс тілінде беретін бас банкир қазақ тіліне бет бұруды ойлапты. Оған да шүкіршілік. Осыны естіген қарапайым халық оның үнемі қисынсыз заң жобаларын ұсынатынын да ұмытып, оған кәдімгідей іштері жылып қалды. Құдай оның тілегі мен ниетін қабыл етсін делік!
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz
ҚИЫН СҰРАҚ Депутаттардың «дүресінен» сытылып, Мәжіліс залынан терлеп шыққан шалақазақ министрді сыртта күтіп тұрған журналистер қауымы қоршап алып, тағы да сұрақтың астына ала бастайды. - Отырыс қалай өтті? - Бари дурис. (Бәрі дұрыс) - Жобаны өткізе алдыңыз ба? - Бари дурис. - Сізді қинаған қиын сұрақ болды ма? - О, да! Казахшани кашан уйренесин?..