Е.Қарин: Радикалдарды анықтап, көзін жою бір басқа да, олардың орнына басқа адамдардың келуіне тосқауыл болу бір басқа
2016 ж. 06 маусым
2147
2
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институының директоры Ерлан Қарин Ақтөбеде содырлардың күш құрылымдары мен биліктің жұмысын тоқтатып тастауы мүмкін болғанын айтты. Алайда сарапшының айтуынша, күш құрылымдары бұл жағдайдың алдын ала білді.
"Қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге жасалған шабуылдың мақсаты қару-жарақты алу болғаны белгілі. Олар осыған дейін де, бүгін де (5 маусым, 2016 жыл) қару-жараққа қол жеткізе алмады. Енді олар сол автоматтарды қолға түсірсе не боларын ойлай беріңіздер", - деп жазды Қарин Facebook желісіндегі парақшасында.
Қарин 2015 жылдың қарашасынан бері колонияларға барып, түрлі себептермен Сирияда болған, сонда соғысып, Қазақстанда немесе үшінші территорияда ұсталып, сотталған адамдармен әңгімелесіп жүргенін айтты. "Олардың ішінде адамдардың тағдыры әрқандай. Нақты мақсаттармен және жоспарлармен қайтқандар бар. Солардың бірі Сириядағы мина-жарылыс ісі бойынша үш айлық курстан өтіп келген. Шектесетін мемлекеттің аймағынан келген. Өзінің туған қаласына оралған. Пәтер жалдаған. Аса сақ әрі дайындықпен келген, күн сайын телефон номерін ауыстырған, қаланың түрлі дәріханасына барып, миллиграммдап заттар сатып алған. Ірі теракт ұйымдастыруды жоспарлап, топ жинаған. Алайда оны арнайы қызметтер анықтап, ауыздықтады. Кейін ол аса сақ болса да, сауда орталығында ұсталған кезінде қатты таңғалғанын айтты. Қазіргі уақытта ерекше режимдегі колонияда мерзімін өтеп жатыр. Мұндай жағдайлар көп. Міне, терроризммен күрес болып жатса да, осындай процесстер жүріп жатыр. Мұндай күрестердегі жетістіктер жайлы сіздерге ешкім хабарламайды. Бұл ереже. Тіпті бүгін Ақтөбеде күш құрылымдары күрделі жағдайдың алдын алды деп сенемін", - деді ол.
Қарин 2013 жылы терроризм бабы бойынша барлық қылмыстық істі сараптағанын айтты. Радикалдардың басты нысаны құқық қорғау органдары деген қалыптасып қалған пікірге қарамастан, радикалдардың қолынан бейбіт тұрғындар жиі қаза тапқан. Күш құрылымдарының өкілдері арнайы операциялар кезінде және қылмыскерлерді ұстаудың басқа да шаралары кезінде көбірек қаза тапқан. "Көпшілік топтар күш құрылымдарының назарына іліккеннен кейін шешімді ойда жоқта жасаған. Яғни көптеген топтар белсенді фазаға өтпей тұрып жойылған. Сондықтан біз бұл қатермен бетпе-бет келмедік, ол жайлы мәліметіміз аз болды. Осы адамдардың арқасында. Бірақ радикалдарды анықтап, көзін жою бір басқа да, олардың орнына басқа адамдардың келуіне тосқауыл болу бір басқа. Міне бұл басқа мәселе және басқа міндет", - деді ол.
Еске салайық, кеше Ақтөбенің үш ауданында атыс болған еді. ҚР ІІМ өкілдері белгісіздердің "Паллада" қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаны жайлы хабар келіп түскенін хабарлады. Сонымен қатар, тағы бір қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге шабуыл жасалғаны белгілі болды.
Дерек көзі: tengrinews.kz