Ақтөбе оқиғасы: Жағдай толықтай бақылауда екенін айтып, сендіргім келеді - Б.Сапарбаев
2016 ж. 06 маусым
2727
1
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығында жүргізіліп жатқан арнайы операцияға байланысты халыққа үндеу жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Ақтөбе ақпарат" ақпарат орталығына сілтеме жасап.
Өңір басшысы ақтөбеліктерді күдікті тұлғаларды көрсе аса сақ болып, құқық қорғау органдарына хабар беруге шақырды. Сонымен қатар, Сапарбаев қауіпсіздік шаралары мақсатында Ұлттық бірыңғай тестілеудің 6 маусымнан 7 маусымға ауыстырылғанын еске салды.
"Құрметті жерлестер! Тыныштық сақтауларыңызды сұраймын. Жоспарлы антитеррорлық операция жүргізіліп жатыр. Жағдай толықтай бақылауда екенін айтып, сендіргім келеді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты", - деп қорытындылады өз сөзін Ақтөбе облысының әкімі.
Еске салайық, бүгін Ақтөбенің үш ауданында атыс болған еді. ҚР ІІМ өкілдері белгісіздердің "Паллада" қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаны жайлы хабар келіп түскенін хабарлады. Сонымен қатар тағы бір қару-жарақ дүкеніне және Ұлттық гвардияның әскери бөліміне шабуыл жасалғаны белгілі болды. Арнайы операция кезінде "Паллада" дүкенінің сатушысы қаза тапты және бір адам жарақат алған. Ал әскери бөлімде шабуылға тойтарыс беру кезінде бір офицер мен келісімшарт бойынша әскери қызметші қайтыс болды. Тоғыз әскери жарақат алды.
ТДерек көзі: tengrinews.kz