Жанұзақ Әкім: Жер сатуға наразыларды қудалау мен тағылған айыптар елдің мазағына айналды
2016 ж. 29 мамыр
2612
4
Үкімет жанындағы Жер комиссиясының мүшесі Жанұзақ Әкім комиссия жұмысын ақпарат құралдарында көрсетудегі кемшіліктерді айтты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Мына жұмысымызды ақпарат құралдары бір жақты түсіндіруде. Ел «Хабар» арнасын көруден шаршады. Қазір олар «Бізде барлығы тамаша, өміріміз керемет!» деген сияқты хабарлар таратады. Осында 70 адам отырса, солардың барлығының айтқандары көрсетілуі керек», - дейді Ж. Әкім. Осы орайда, комиссия мүшесі жер дауына қатысты арандатушылық сипаттағы ақпараттар таратып отырған «Еуразия» арнасының жұмысына да билік органдарының назарын аудартты.
Комиссия мүшесі сондай-ақ, комиссиядағылардың өңірлерге сапарын ұйымдастыруға қатысты да ұсынысын айтты.
«Бізге дейін парламент депутаттары да барды ғой өңірлерге. Олар не қатырды? Барып күлкі болып қайтты. Әкімдікке барып, әкім шақырған адамдардың алдында сөйлеудің түк қажеті жоқ. Біз, комиссия мүшелері әкімдік шақырған адамдармен емес, жалпы халықпен жүздесудің жолын іздеуіміз керек», - дейді ол.
Ж. Әкім мырза, сонымен қатар, Қазақстандағы қала тұрғындарына 10 сотық, ауыл тұрғындарына 20 сотық тұрғын үй салатын жерлердің әлі күнге берілмей келе жатқанын айтып, осы мәселені жақын арада шешсек, бұл нағыз нақты қадам болар еді дегенді айтады.
Сондай-ақ, комиссия мүшесі наразыларды қудалау мен оларға тағылған айыптардың да елдің мазағына айналғанын атап өтті. Сөзінің соңында Ж. Әкім осыған дейін жер сату, жалға беруге қатысты мәселелердің анық-қанығына көз жеткізу үшін комиссия жұмысына Үкімет басшысы мен Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы келіп, түсінік беруін талап етті.
qazaquni.kz