“ЖЕРІМ - ЕЛІМ, оны САТҚЫЗБАЙМЫН!” десең, экстремист боп шыға келесің!
2016 ж. 28 мамыр
6671
13
Белгілі саясаткер Әміржан Қосанов жер мәселесімен жауапқа тартылғандардың құқығын қорғау үшін “Араша” комитетінің құрылғаны туралы Фейсбук парақшасында жазды.
"Атам қазақта “Араша!” деген аталы да абыройлы сөз бар. Тек жаны ашыған адам ғана текетірестің жөнсіз әрі заңсыз екенін біліп, екі жақтың ұстасуы түбінде жақсылыққа апармайтынын ұғынып араша түсе алады. Араша түсу үшін сонымен бірге жүрек те керек, өйткені ондай қадам біреулерге жақпай қалуы әбден ықтимал. Әсіресе, ол адамдар өзінің жағдайын пайдаланып, басқаларға әлімжеттік жасап жатқан болса..."- дейді саясаткер.
"Бас прокуратура жер астынан жеті қоян тапқандай, “ел ішінде “қаптап” жүрген бүлікшілерді таптық-мыс” деп, мәлімдеме жасаған болатын. Ол сөзге қарасақ, олардың бәрі өңшең террористер екен! Яғни, “жерім, елім!” деп еңіресең, “оны сатқызбаймын!” десең, экстремист боп шыға келеді екенсің!
Ал күні кеше біз, бір топ азамат, қазір саяси қуғындауға ұшырап, Әкімшілік кодекс қана емес, Қылмыстық (!) кодекстің аса ауыр баптары бойынша жауапқа тартылғалы жатқан белсенділерді қорғау мақсатында “АРАША” – репрессияға қарсы комитетін құруды ұйғардық.
Олай болса, ол жазықсыз азаматтарға ел болып, жұрт болып араша түсейік!
Өйткені, бір комитет қана емес, бүкіл қазақ араша түссе, әділеттік орнап, ол адамдар бостандыққа шыға алады!
Комитет құрамында елге танымал тұлғалар бар. Байланысты солар арқылы жасауларыңызға болады"- деп, ел назарын аударады саясаткер. qazaquni.kz