ШЫНДЫҚТЫ БҰРМАЛАУҒА АЙТЫСКЕРЛЕРДІ АРАЛАСТЫРУДЫҢ АСТАРЫНДА НЕ БАР?
2016 ж. 24 мамыр
4800
4
"Қазақ үні" ұлттық порталында жарияланған "МЫРЗАБИДІ ӨЛТІРГЕН МҰСАБЕК БАТЫР немесе тарихи тұлғалардың шынайы бейнесі неге бұрмаланады?" (http://www.qazaquni.kz/?p=52357) атты белгілі журналист-жазушы Момбек Әбдікәкімұлының шындық іздеп жазған мақаласын оқып отырып, қиянаттың да шегі болмайды екен деп ойланасың.
Мақала қазіргі кезде белең алып бара жатқан тарихты бұрмалаушылықтарды әшкерелеуімен құнды. Иә, қазір "ақысын берсең боқысын шығарады" дегендей, тапсырыспен неше түрлі қияли дүниелерді шындыққа айналдырғысы келетіндер көп. Сол секілді 1858 жылы Қоқан басқыншыларына қарсы көтеріліс көсемі болған Мұсабек батырдың ерлігін Мәделі қожаға телу талайдан бері жасалып кете жатқан келеңсіздік екенін айтуға тиіспіз. Енді оған ел тыңдайды деген айтыс ақындарын да араластыра бастапты.
“…Айтыс ортасында сахнаға көтерілген Павлодар облысынан келген Аспанбек Шұғатев Біржан ақынмен айтысында: «…Есіңе мен салайын, Қазаққа қырсық келтірген, Мырзабиді өлтірген, Мәдәліқожа бабаң-ды…», -деп соқса, Жарқынбек Наушанбеков деген бір айтыскер Еркебұланмен айтысында тіпті арқаланып: «…Зина үшін сендерге қыз бермейміз деп, Өлтірген Мырзабидің басын алып…», «Мәдәлі тайқазанды сақтап қалған… Қоқаннан қол келгенде қоқыранып, Жиналып қоңыраттан досы барлық…» -деп сілтеді. Бұл жерде бұл айтыс ақындары Оңтүстіктегі Мырзаби оқиғасынан мақұрым болған немесе тарихты әдейі бұрмалаушылардың тапсырысымен беталды шауып отыр… Бұндай бұрмалауға бұл оқиғаны шала білетін немесе мүлде білмейтін айтыскерлерді араластырудың астарында не бар?..” -деп Момбек Әбдікәкімұлы турасын жазып отыр.
Тарихты-шындықты бұрмалаушылар күнәһар болатындықтарын ойламай ма екен? Мырзабиді Мұсабек батыр өлтіргені Қазақ энциклопедиясында да жазулы ғой баяғыдан.. Оған Мұсабек батыр туралы деректі фильм түсірмек болған кезімізде тарихи деректер мен құжаттарды зерттеу кезінде көзіміз жеткен болатын.
Енді былтыр туғанына 200 жыл толған Мұсабек батырға да ас беріп, айтыс өткізу керек! Деректі фильм түсіріп, кітап шығару керек. Сонда шындықты ғана айтатын ақындарды шақыру керек айтысқа. Тарихты бұрмалауға, қаншама халыққа жалған ақпар жеткізуге себепкер болған, Мұсабек батыр мен Мәделі қожа әруақтары алдында қиянатқа барған ақындар, Аспанбек Шұғатаев пен Жарқынбек деген айтыскерлерді шақыру керек. Олар ел алдында ақталып, шындықты жырласын. Жарайды, Жарқынбек дегенді ешкім танымайды, басқа-басқа, кейінгі кезде елдің ықыласы ауып жүрген Аспанбек ақынды сондай шалалыққа барады деп ойламаппыз… Егер шындықты ғана айтады дейтін айтыскерлер біліп істесе де, білмей істесе де, тарихты бұрмалауға үлес қосуға көшсе, онда ол ең алдымен бабадан келе жатқан қазақтың қасиетті айтыс өнеріне дақ салмай ма? Онда ертең әрбір жеке мүддесін көздеген қалталылар айтыскерлерді қанжығаларына байлап алмай ма? Бұл мәселе жерде қалмай, кейінгілерге сабақ болуы үшін шындық үшін күресіп жүрген Жүрсін Ерман басқаратын Айтыскерлер одағында қаралуы керек деп білеміз.
Ең бастысы – Шындық! Ал шындықты бұрмалауға барған ақын ақын емес - пақыр!
Нұрлан ӘБДІБЕК,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
qazaquni.kz