АЛАҢДА АДАМ ЖОҚ...
2016 ж. 21 мамыр
3256
10
"Бәйтеректің" жанында іштей протест жасап, еліме жақсылық тілеп қайттым"
Тәуелсіз Қазақстанның Астанасындағы "Бәйтерек" алаңына бардым. Алаңда адам жоқ, "адам еместер" қаптап жүр... Яғни, қаптаған техника, оншақты автобустар мен 5-6 жеңіл көліктер... т.б. . Автобустар мен жеңіл көліктердің іші толған полицейлер. Сыртта алаңды шетінен қоршап қара түсті формалы қара беретті сарбаздар! Әлгі пультің нүктесін басып, "шап" десе шабатындар, "ат " десе, атасына да қарамайтындар... Маған біреуі: "Алаңның ортасынан өтуге болмайды, айналып өтіңіз" деп "Бәйтерек" мұнарасының айналма жолының оң жағын көрсетті, Мен оның айтқанына жүре қоймай, сол жағындағы жеңілкөліктер мен полиция автобустарына қарай беттедім. Көліктен шығып тұрған погонды полицейге:" Мен арғы бетке өтуім керек" деп едім, менен қарулы "террористің " немесе Америкадан 150 доллар алатын "митингішілердің" кескінін көре алмады ғой деймін, жібере салды... Сөйтіп "Бәйтеректің" тарихында тал түсте жалғыз адам түбіне барған күн - бүгінгі 21 мамыр болған шығар...
Арғы бетінде де, жан-жағында да сол көрініс: қоршап жүрген қара береттілер. Негізі сағат 10-00-де біраз адам азаматтық мінез танытып, жерін қорғауға келген екен. Солардың бір тобы - жердің қазақстандықтардың өзіне сатылуына, ал шетелдіктерге жалға берілуге қарсылықтарын білдіріп, азаматтық ұстанымдарын көрсетуге келген Қайрат Елубаев бастаған Астана қалалық Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамының мүшелерін де полиция алаңға өткізбей кері қайтарды...
"Керуен" сауда орталығының алдында да қаптаған полиция. Біреуі бұзаудай қасқыр ит жетектеп алыпты... Автобус пен көліктердің іші толған полиция... Біреуімен тілдесіп: "Бәрің сауда жасауға келгенсіңдер ме, неғып қаптап кеткенсіңдер" -деп едім: "қала тәртібін күзетіп тұрмыз"-деді маған күдіктене қарап...
Шіркіндер, күнде қала тәртібін осылай қорғаса ғой дейсің...
Телефоннан жаңалықтарды қарасам, Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко "заңсыз митингі жасамақ болған 40 шақты адамның тұтқындалғанын" мәлімдеп жатыр екен. Соның арасында Керекуден хабар келіп, "Қазақ үні" газетінің жергілікті тілшісі, ұлт қайраткері Руза Бейсенбайтегін де полиция алып кеткенін айтып жатты. Руза аруды алып кетуге зіңгіттей үш полиция келіпті...
Иә, 21 мамыр күні алдағы аталып өтетін 31 мамыр - Саяси репрессия тұтқындары қатарын жоспарлы түрде толықтырған күн болды...
Уатсабыма белгілі ақын-жырау Баянғали Әлімжановтан жазба келіп түсіпті. "Бәйтерекке" бардым. Адам аз, полиция көп қоршап алған. Құжаттарымды тексерген полицейлерге Жердің маңызы туралы насихат айттым. "Бәйтеректің" жанында іштей протест жасап, еліме жақсылық тілеп қайттым"-дейді Манас батырдың жырын алты күн жырлайтын ақын ағам...
Иә, ең бастысы Ел аман, Жеріміз тыныш болсын!
Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz
Астана қалалық Ауған соғысы ардагерлері