Кремльшіл риторикалы телеарна
2016 ж. 20 мамыр
2369
3
Халық наразылығынан сескенген Қазақстан билігі 21 мамырға белгіленген жер реформасына қарсылық шараларын болдырмау үшін 16 мамырдан бері белсенділерді ұстап жатыр.
Жерді жекешелендіру, нақтырақ айтсақ, Қазақстандағы ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге 25 жылға дейін жалға беру жоспары сәуір айының соңында бүкіл ел аумағында шерулер мен митингілер өткізуге түрткі болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 5 мамырда жерді жекешелендіру жоспарына 2017 жылға дейін мораторий жариялады.
Соңғы 20 жылдағы ең ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан Қазақстан үкіметі жерді жекешелендіру жайы халықтың басқа да проблемаларын қоздыруға түрткі болды деген пікірмен келіспейді.
Экономикалық ахуал нашарлап, наразылық күшейгенде бірнеше басшы қызметінен кеткенімен, Назарбаев пен оның үкіметі қазір қалыптасқан мәселеде өздерінің кінәсі жоқ екенін айтып отыр.
Наразылық шараларына да үкімет саясатының түк қатысы жоқ. «Еуразия Бірінші арна» телеарнасының көзқарасы осындай. Осы арнада берілетін «Аналитика» хабарының жүргізушісі Аймира Шәукентаева наразылықтың артында «сыртқы күштердің» тұрғанын «анықтап» қойған.
Алдымен «Еуразия Бірінші арнаның» қожайындарын түгендеп алайық. Оның иесі – Қазақстан компаниялары (80 пайыз) мен ресейлік «Бірінші арна» (20 пайыз) құрған «Еуразия+ОРТ» бірлескен кәсіпорны. Бұл мекеме Ресей телехабарларын Қазақстанда ретрансляциялау туралы 1996 жылғы келісім негізінде құрылған.
Шәукентаева және ол жүргізетін «Аналитика» хабары сәуірдің соңында демонстрацияның ұйымдастырушылары жиынға келгендерге 50-ден 150-ге дейін АҚШ долларын береді деген «ақпарат» таратып, елді бір дүрліктірген. Оның сөзіне сенсек, «мұхиттың ар жағындағы» әлдекімдер халықты қоздырып, «бесінші колоннаны» құрып жатыр. Бірақ жүргізуші өз сөзіне ешқандай дәлел келтірмеген.
Тек 14 мамырда А.Шәукентаева, Алуа Кетегенова және Руслан Смыков есімді жүргізушілер наразылық шараларына қатысқандарға ақша төленетінін «дәлелдейтін» видеоайғақты көрсетті.
Бес жарым минуттың ішінде хабардың эфирінен 25 секундтық видео төрт мәрте қайталап көрсетілді. Ұялы телефонға түсірілді деген видеода бес-алты адамның аяқтары мен қолдары ғана көрінеді. Бұл адамдардың қайда тұрғаны белгісіз. Бір бума долларды жамбас қалтасына қылтитып сала салған «ұйымдастырушы» келесі кадрда 100 долларлық банкноттарды санап тұрады. Ақшаны анық көрсеткеніне қарағанда, ұялы телефонға түсірген адам оған тым жақын тұрса керек. Видеоның өзі де, жүргізушілердің оған берген комментарийлері де тым күлкі әрі ерсі көрінеді.
Видеоны алғаш көрсетіп, оны жұрт арасында, әлеуметтік желілерде кеңінен таратуға кеңес берген соң Кетегенова: «Тағы бір рет көрейік», - дейді. Бұған келісе кеткен Смыков: «Біз жаңа ғана «жабық дерек көздерден» алған, нақтырақ айтқанда бұрын алып, енді ғана шығарып отырған видеоны тағы бір қарайық», - дейді.
Видео екінші рет көрсетіліп біткен соң Смыков: «Көрдіңіздер ме, олар сіз бен бізді қалай сатып жатыр? Және олар ұлттық валютамыз – теңгеге емес долларға сатып жатыр. Тапсырыс берушінің кім екені түсінікті», - дейді.
Видео үшінші рет көрсетілген соң Шәукентаева: «Бұлар біздің отанымызды осылай сатып жатыр», - дейді. Көрермендерді «сенсациялық хабарды» әлеуметтік желілерде көптеп таратуға тағы бір үндеген соң олар видеоны төртінші рет қайта көрсетеді. Видео жүріп жатқанда Смыков «Заңсыз жиналып... саудаласып жатқанына назар аударыңыздар» десе, Шәукентаева «Ақшаға саудаласып жатыр» деп қосып қояды.
Сөз соңында Кетегенова видеодағы кейіпкерлерді аяған кейіппен «Бұл – сенсация, нағыз бомба» деп қорытындылайды.
Бұл шынымен де бомба болды, әлеуметтік желілерде халық наразылық шарасына шыққандарға шетелдіктер ақша беріп жатыр дегенді мұндай пасық әдіспен дәлелдеуге жаппай қарсылық білдірді. Бұл туралы EurasiaNet сайты жақсы жазды.
«Аналитика» хабарының осының алдындағы шығарылымдарының бірінде Шәукентаева «мұсылман мемлекеттерін жолдан тайдырған үшінші елдер» туралы айтады. Жүргізуші «Мұсылман мемлекеттерінде үшінші елдер қалдырып кеткен мұра» туралы кекесінмен әңгімелеп отырғанда оның артында халықтың қолына түсіп, қан-жоса болған Ливия басшысы Муаммар Каддафи мен дарға асылып жатқан Саддам Хусейн көрсетіледі.
«Демократия деген – осы» деп бір қайырған Шәукентаева жақында Сирияда өткен парламент сайлауын «ел өміріндегі үлкен жеңіс» деп атап, оны Батыстың бағаламағанына қынжылыс білдіреді. Одан соң АҚШ президенті Барак Обаманың, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның елдің сыртқы саясатындағы қателіктер туралы сөздерінен үзінділер беріледі және жергілікті саяси сарапшының АҚШ-тың әлемдік аренадағы осал тұстары туралы айтқан сөзін келтіреді.
«Еуразия Бірінші арнаның» ел ішінде үрей шақырып, халықтың бірлігіне сына қағып, ақшаға сатылып жүрген «бүлікшілер» туралы қорқынышты әңгімелерінің стилі Ресей арналарынікіне қатты ұқсайды.
Бұл арнаның көрермені көп болғандықтан, онда айтылған көзқарастар бүкіл ел аумағында қызу пікірталасқа түрткі болды.
Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.
Дерек көзі: Азаттық