Бекболат Тілеухан: Жер – Анамызды жалға бермесек, онда оған дәрет те сындырмайық
2016 ж. 15 мамыр
4959
28
Жер комиссиясының отырысыннда Мәжіліс депутаты, ұлт жанашыры Бекболат Тілеухан мырза да сөз алып, маңызды мәселеге қатысты пікірін білдірді, , – деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Бұл халықтық резонанс туғызды. Үлкен саяси мәселе екенін де біліп отырмыз.
Бірақ, мынаны ескеру керек, жер дегенде елең етпейтін қазақ жоқ. Қазақ осы жерде ұлттық санасын, тектілігін көрсетті. Алайда, осы митингтер кезінде халық жалған ақпараттарға да сеніп қалды. Бірден, жер сатылады деген ақпарат тарады. Жер сатылмайды. Жалға беру туралы әңгіме көтерілді. Жасыратыны жоқ, өзіміз де түсіндіре алмадық», – дейді Бекболат Тілеухан мырза жерге қатысты дау-дамайлар туралы ойын білдіріп.
Депутат жерге қатысты пікір білдірушілердің дені эмоцияға көп беріліп жататынын да баса айтты.
«Жер – Ана, ананы жалға бермеймін» деген сөз шықты. Ол – дұрыс емес. Онда жердің үстіне дәрет сындырып жүргеніміз қалай? Жерім деп айқайлай бермейік, елдің шаңырағын шайқап алмайық. Түйткілді мәселе көп. Соны шешу үшін жиналып отырмыз. Халық шыққасын, министрлер жиналып отыр деген де дұрыс емес», – деген депутат халықтың осы мәселеге қатысты пікір айтқандарға қатысты да түрлі реакция беріп жатқанына назар аудартты.
«Бұрын «Отырса – опақ, тұрса – сопақ» деген сөздің мәнін түсіне алмайтынмын. Қарап отырсақ, қазір осы жер мәселесіне пікір білдіргенде, бәріміз отырсақ опақ, тұрсақ сопақ болып отырмыз, – деді депутат.